Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазан айындағы Жолдауында Үкіметке 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 1,5 есе, яғни 28 мыңнан 42 мыңға дейін өсіруді тапсырып, еліміздегі ірі компанияларды бұл бастамаға үн қосуға шақырған еді.
Мемлекет басшысының бастамасын Шығыстағы ірі өндіріс орындары қолдап, қазірдің өзінде қызметкерлердің жалақысын көтеруге кірісіп кетті деуге болады. Бүгін Өскемендегі Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аймақтағы алпауыт кәсіпорындар - «Қазцинк» ЖШС мен «Азия Авто» АҚ қызметкерлердің жалақысын өсіруге дайын екендіктерін мәлімдеді.
«Қазцинк» ЖШС бас директоры Александр Хмелев қазір компания қызметкерлердің жалақысын есептеуге кірісіп кеткенін, кәсіпорындағы қандай мамандардың жалақысы қанша мөлшерге көбейтілетіндігі келесі аптада белгілі болатындығын айтты. «Біздің компанияда 28 мың теңге алатын қызметкерлер жоқ. Президент айтқандай біз қызметкерлердің жалақысын бір жарым есеге өсірмесек те, жұмысшылардың мамандықтарының ерекшелігін ескере отырып 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап кейбірінің жалақысын 3-4, кейбірінікін 20-30 процентке көтереміз. Орташа жалақы шамамен 10 процентке ұлғаяды деп ойлаймыз. Мұны компанияның құрылымдарындағы ұжыммен кездесіп, түсіндіреміз», - дейді ол.
«Азия Авто» АҚ президенті Ерік Сағымбаев қазірдің өзінде мекемеде тиісті есептеулер жүргізіліп, қызметкерлердің жалақысын орташа есеппен 20 процентке өсіргендіктерін жеткізді. Оның айтуынша, «Азия Автода» орташа жалақы 226, ең төменгі жалақы 94 мың теңгені құрайды.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
Өскемен