• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 31 Қазан, 2018

Мемлекеттік хатшы Францияның Қазақстандағы елшісімен кездесті

224 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Францияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Филипп Мартинэмен кездесті.

Қазақстан мен Франция 26 жыл ішінде дипломатиялық қа­рым-қатынасты дамытып, ынты­мақтастықтың берік архи­тек­­ту­расын қалыптастырды. Биыл ел­­дері­міз арасындағы страте­гия­лық серіктестікке 10 жыл толды.

Г.Әбдіқалықова білім сала­сында мемлекеттеріміздің өзара ықпал­дастығы кеңейіп келе жатқа­нына тоқталып, Мем­лекет бас­шысының бастамасымен  2014 жылы Абай атындағы Қа­зақ ұлт­тық педагогикалық уни­вер­ситеті жанынан «Сорбонна-Қазақстан» институты ашыл­ғанын атап өтті. Биылғы оқу жы­лында Фран­ция­ның Қазақ­стандағы елшілігі Қазақ­станның Білім және ғылым министрлігі мен Францияның Еуропа және сыртқы істер ми­нистрлігі ара­сындағы келісім аясында Францияның жоғары оқу орындарында білім алуға үміткерлерді іріктеу бойынша жұмыс жүргізді. Қазіргі уақытта «Абай-Верн» бағдарламасы бойынша білім алып жатқан 66 азаматымызға (57 магистрант және 9 докторант) Қазақстан тара­­пынан стипендия бөлу қарас­ты­­рылған.

Әңгімелесу барысында білім беру саласында басталған бас­тамаларды жалғастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Кездесу соңында Мемлекеттік хатшы Г.Әбдіқалықова Қазақстан-Франция ынтымақтастығын одан әрі нығайту ісінде Францияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Ф.Мартинэге мол табыс тіледі. 

Серік ӘБДІБЕК,

«Егемен Қазақстан»