Даун синдромы бар балалар мен жасөспірімдерге көмектесуге арналған «Солнечный мир» оңалту орталығы «Шексіз мүмкіндіктер» республикалық жобасы аясында тегін интернетке қосылды.
«Солнечный мир» қоғамдық қорының негізін Даун синдромына байланысты даму ерекшелігі бар балалардың бір топ белсенді ата-ана тобы қалап, ортақ проблемаларымен бөліскен олар кейінірек балаларға медициналық және психологиялық көмек беретін осы орталықты ашқан болатын. Әр отбасының өз проблемасымен жеке күрескеннен гөрі ортақтаса отыра синдроммен туған балаларға қоғамның назарын аударып, бір жағынан бір-біріне моральдық тұрғыдан қолдау көрсетудің аса қажеттігін сезіндірген орталық бара-бара жүргізетін жұмыстарының ауқымын кеңейте түсті. Ата-аналарға әлеуметтік қорғау және бейімдеу қызметтері курс ретінде өткізіліп, біржолғы тегін кеңес көрсету қолға алынды. Әлеуметтік маңызы бар осындай жұмыстар атқарумен бірге «Солнечный мир» балалардың дамуында маңызы бар, оларға шаттық сыйлайтын мәдени және спорттық іс-шаралар алаңына айналды. Мәселен «Солнцекросс» шарасы аясында қазақстандық әртістер өнер көрсетіп, балғындарға баға жетпес қуаныш сыйлайды. Орталық ашылғаннан бергі бір жарым жылда оңалту курсынан 250 бала ем алды.
Жуырда «Beeline» компаниясымен ынтымақтастықтың арқасында орталық жұмысында жаңа мүмкіндіктер пайда болды. Осыған дейін бір қала аумағында көмек беріп келген «Солнечный мир» оңалту орталығының мамандары бұдан былай Қазақстанның барлық аймағына кеңес беруге мүмкіндік алды. «Бұл – ерекше бала тәрбиелеп отырған отбасыларға үлкен көмек», дейді «Солнечный мир» қоғамдық қорының құрылтайшысы Мария Федорова.
«Шексіз мүмкіндіктер» жобасына қатысушылар тізімінің толығуы туралы «Beeline Қазақстан» өкілі Рауан Қабдырахимов «Бұл жобамен айналысып жүргенімізге төрт жылдан асты. Осы жылдарда Қазақстанның барлық жеріндегі мектептер, оңалту орталықтары, кітапханалар интернетке қосылды. Назарымызды аударған жиырма бес ұйым бүгінде заманауи технологиялардың арқасында көптеген жетістікке жетіп отыр. Енді «Солнечный мир» орталығы да бізбен бірге. Орталықтың педагогтарына, ата-аналарға таусылмас төзім мен қажыр-қайрат, барлық балаға денсаулық тілейміз. Интернет қосылған соң, орталықтың жұмысы бұрынғыдан да жемісті болатынына сенімдіміз», деді.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»