Жуырда ғана Венада өткен халықаралық жарыстың жартылай финалына дейін жетіп, сол табысының арқасында әлемдік рейтингте 71-орыннан 54-сатыға дейін көтерілген Михаил Кукушкин Парижде тұсауы кесілген турнирді де сәтті бастады.
Жүлде қоры 4 835 975 еуроны құраған Мастерс турнирінің алғашқы айналымында жерлесіміздің жолы Пьер-Юг Эрбермен қиысты. 27 жастағы неміс теннисшісі АТР тізімінде Кукушкиннен үш саты төмен тұр. Германияның өкілі «Үлкен дулыға» санатындағы турнирлерде үшінші кезеңнен аса алмағанымен, жұптық сайыстарда ол керемет өнер көрсетуде. Атап айтсақ, Австралияның ашық біріншілігінің финалына дейін жетсе, қалған үш жарыстың барлығында бас жүлдені олжалады. Бұл бәсеке 3:6, 6:3, 7:6 есебімен қазақстандық ойыншының пайдасына шешілді.
Екінші айналымда Михаил Кукушкин Джон Изнермен күш сынасады. 33 жастағы АҚШ-тың атақты теннисшісі АТР турнирлерінде 14 мәрте топ жарған. Биыл ол АҚШ-тың ашық біріншілігінің ширек финалында ойнаса, Уимблдонның жартылай финалына дейін жетті. Қазіргі кезде ол әлемдік рейтингте 9-орында тұр. Бұл бәсеке бүгін өтеді. Осы жұптың жеңімпазы келесі кезеңде ресейлік Карен Хачановпен күш сынасады. Ал аталмыш турнирдің өзі 4-қарашада өз мәресіне жетеді.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Егемен Қазақстан»