Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында латын әліпбиіне көшудің маңыздылығы жөнінде айтқан еді. «Біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық», деген болатын Елбасы. Осы орайда еліміздің әрбір өңірінде тың бастамалар мен жобалар қолға алынып, халыққа түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды.
Жамбыл облысытық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің мәжіліс залында «Латын әліпбиі – ел ертеңі» атты дөңгелек үстел өтті. Аталған басқосуға елімізге танымал ғалымдар, тіл мамандарымен қатар облыстың зиялы қауым өкілдері, университет оқытушылары және студенттер қатысты. Жиынды басқарма басшысы Берік Құрманғали ашып, жүргізіп отырды.
Жиын барысында А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек, Түркияның Карабюк университетінің оқытушысы, филология ғылымдарының докторы, профессор Энвер Қапаған, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқытушысы, профессор, филология ғылымдарының докторы Жантас Жақыпов, Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының орфография бөлімінің басшысы Құралай Күдеринова мен Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы «Руханият» мекемесінің басшысы Ержан Еңсебай ұлттық әліпби үлгісін жасаудағы атқарылып жатқан жұмыстар туралы кеңінен баяндады.
Сонымен қатар, ғалымдар қатысушылардың сауалдарына да жан-жақты жауап берді. Өз сөзінде жиынға қатысушы ғалымдар латын әліпбиіне көшудің тиімділігін, заман талабы екенін де жеткізді.
Хамит Есаман,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы