• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қоғам 01 Қараша, 2018

Екінші Бурабай немесе Астана орманының оң әсері

977 рет
көрсетілді

Мың сан жүрекше, жасыл жапырақ үзіліп кетердей үздіккен үнмен жамырай сыбдырлап, сыбырлай сөйлеп бір арнада тоғысатын әуен құраған кезде дархан даланың дауылпаз үніндей болып естіледі. Әсем Астананы айнала қоршаған ит тұмсығы өтпестей қалың орман – шілденің шіліңгір ыстығында кәдімгідей көлеңке, сая болса, Сарыарқаның сақылдаған қысында долырған жел өтінен қорғайтын пана. 

Сайын дала төсіне Астана келіп қонғанда, болашақта ажа­ры мен базары келісетін ға­жайып қала төңірегінің біраз жері айтақыр, жалаңаш еді. Тұз­ды топырақтың соры бетіне шы­ғып, қабара жарылып, айғыз-ай­ғыз болып жататын. Ғұмыр бойы қылтанақ өсіп көрмеген, көсенің иегіндей жылмиған құ­нарсыз жер, құлазыған дала, таңдайы кепкен топырақ. Дәл осы жерге жайқала жайнап, та­мырын жайып әлденеше түр­лі ағаш өсіп шығады, көз же­тер жердің барлығы иран бақ­тай құлпырады десең адам сен­бей­тін еді. 

Қалай болғанда да құнарсыз топыраққа әлдене егу ешқашан орындалмайтын қиял ғажайып тәрізді болып көрінетіндігін де жасыруға болмас. Енді міне сол қиындықты ғылым мен білім, адамдардың қисапсыз күш жігері жеңіп, 80 мың гектардан астам алқапта жайқалып ну орман өсіп тұр. Осы игі шаруаның бәрі, қара жерге тал еккен алғашқы қадамнан бастап ну орман бой салып жайқалғанға дейінгі қы­руар іс астаналықтардың көз алдында өтті. Образға орап айтатын болсақ, алдымен орманшы қауым, сонан соң тілектес, ниеттес жұрт Астана тарихын мәңгілік өшпес жасыл ор­ман­ның жасампаз рухымен жазып шықты. Адал еңбектерімен айшықтай көр­сетті. Ойға оралған оңды істің бастамашысы, яки авторы Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев болатын. 

«Орманы бардың – қорғаны бар» деп дана халқымыз бекер айтпаса керек. Осы бір жалғыз ауыз сөздің астарында атан түйеге жүк болатын мағына, мазмұн жатқан жоқ па. Елбасы Н.Назарбаев 1997 жылы «Жасыл белдеу» жобасын жүзеге асыру туралы тапсырма берді. Жобаға күмәнмен қарағандар да болды. Елбасы өзінің бір сөзінде:

– Бір кездері біздің бұл жос­парымызға күмәнмен қарағандар болған еді. Бірақ біз осы орманды болашақ ұрпақ үшін өсіріп, оны Қазақстанның кереметіне айналдырдық. Соның арқасында қалада шаң-тозаң, жел азайды. Орманда арнайы жидек ағаш­тары отырғызылып, аң-құс пайда болды. Егілген ағаш­тар елорда тұрғындары мен қонақтары­ның демалысына қа­жетті жағдай туғызды. Мұнда веложолдары, кемпингтері бар демалыс аймақ­тарын орнықтыру жоспарлануда, – деп атап өткен болатын. 

Осыған байланысты, Мем­лекет басшысы орман ша­руа­шылығы еңбеккерлеріне, ға­лымдарға қажырлы еңбектері үшін ризашылық білдіре келіп «Жасыл белдеу» алқабын ұлғайту жұмыстары әлі де жал­ға­сатынын айтқан еді. Бүгінгі таңда елімізде Елбасы Н.Назарбаевтың бастама­шы­лығымен «Жасыл ел» бағ­дар­ламасы сәтті жүзеге асырылуда. Бұл өзекті де өміршең, хал­­қы­мыздың болашағына ба­­ғыт­талған, ұзақ жылдық бағ­­дар­лама. Бағ­дарламаны баян­ды ету ар­қылы біз эколо­гия­лық апат­­тар­дың зардабын жеңіп, та­би­ғаты­мыз­ды сауық­тырамыз, са­йып келгенде адамдардың ден­­сау­­лығын жақ­сартып, ғұ­мы­рын ұзар­та­мыз, экологиялық және эко­­но­­ми­калық мәселелерді шеше­­міз. Сондықтан бұл іске ха­лық ша­руа­шы­лығының жаңа бір маз­­м­ұнды саласы деп қарау керек. 

Астананы қысы-жазы гулеп тұратын Сарыарқаның желінен қорғап, таза оттегімен толайым қамтамасыз етіп тұрған бұл жоба бүгінде жалпақ жұрттың мерейлі мақтанышына айналып отыр. Осы орайда, еліміздің бірнеше тұқымбақтары табанды жұмыс істеп, міндеттін мінсіз атқарып келеді. Рас, алғашқы кезде бірқатар қиындықтардың да орын алды. Тұзды соры бетіне шы­ғып, безеріп жатқан иен дала ал­ғаш­қы көшеттердің кейбірін жақ­тыра қоймады. Бой салып өсіп, көз қуанышына айналуға тиіс­ті көшеттердің жаңа жерді жер­сін­бей қурап қалғандары да болды. Сала мамандары топырақ құра­мын зерттеп, қисапсыз еңбек етті. Ақыр аяғында Арқаның ақыр­ған аязына төзетін әрі сазды, тұзды жерді жатырқамайтын мық­ты тұқымдарды сұрыптап ала білді. Осы бір ғылыми ынталы жұмыс­тың арқасында елорданың айна­ласы көрген жанның жана­рын сүйсіндіретін жақсы бір жаңа­лыққа – ну орманға айналды.

Бүгінде елордадан бастау алатын жасыл белдеу Бурабайға дейін бет алған. Сөз арасында айта кетейік, бұл жобаның аясында ағаштың 60-тан астам түрі өсірілуде. Кәдімгі көз үйренген ақбалтыр қайың, мәңгі жасыл қарағай, шыршаңыздан бастап, қарақат пен жидек, жұдырықтай алма мен қызара бөрткен, дәмі тіл үйіретін шиеге дейін жайқалып өсіп тұр. Астана қаласының ма­ңындағы 100 мың гектар алқапта 2020 жылға дейін жайқалған жасыл белдеу құру жөніндегі жос­пар әуел бастағы көрікті ойға сай көп көрім жүзеге асырылуда. Ғалымдардың ғылыми ізденісі мен орманшы қауымның оралымды істерінің арқасында игілігі мол жасыл алқаптың көлемі 85 мың гектардан асып отыр. Қазіргі күні орман ішіндегі аң-құстың санын көбейту жүзеге асырылуда. Жайқалған жасыл орман болған соң, қойнауында ұшып-қонатын, жыртылып айырылатын аң-құсы болмаса несі сән. Сол себепті, жасанды жасыл орманның қой­науын кәдімгі табиғи орманның нақ өзі сияқты өсімдік пен жануар­­­­­­лар әлеміне мелдектете толтыру мә­селесі мықтап қолға алын­ған. Айналдырған жеті жылдың ішінде инкубация арқылы жұ­мырт­қадан он мыңға жуық жабайы құс шығарылып, оның сегіз мыңы еркіндікке жіберілді. Қазір­гі күні ну орманның іші дала әнін салған құсқа толы.

Облыстық табиғи ресурс­тарды және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Руслан Әубәкіровтің айтуына қарағанда, облыстағы мемлекеттік орман қорының жалпы көлемі 405,4 мың гектар жерді құрайды. Облыстың алты ауданы мен екі қаласында 13 орман шаруашылығы жұмыс істеуде. 

– Мемлекеттік орман қоры аума­ғында өткен жылы 1305 гек­тар алқапта ағаш отырғызу жұ­мыстары жүргізілді. Соның ішін­де 825 гектар алқап облыс қа­ра­жаты есебінен, 89 гектар әрқи­лы мекемелердің ақылы қыз­­мет көрсетуі және 391 гектар ор­ман пайдаланушылар қара­жаты есебінен іске асырылды. Ағаш отырғызу жұ­мыс­та­рына ор­ман шаруашылығы ме­кеме­ле­рі­нің тұқымбақтары өсірген кө­шет­­тердің 6,9 миллион данасы жұм­салды, – дейді Руслан Әубәкіров.

Қазір облыс ормандары мен елорданың іргесіндегі жасыл белдеуді қосу бойынша жұ­мыс­тың екінші кезеңі жүзеге асырылуда. Басқарма мамандары тара­пы­нан 1000 гектар жер телімі зерттеліп, оның 746,8 гектары жарамды деп танылды. Үстіміздегі жылы «Астана-Щучье» авто­жо­лы­ның бойындағы 747 гектар алқапқа қазіргі замандағы агр­о­техникалық талаптарды мүл­­тік­сіз сақтай отырып, ағаш көшет­­терін отырғызу жұмыс­тары жүр­гізілді. Елбасы Н.Назар­баев Аста­на­ның іргесіндегі жа­сыл желегі жай­қалған, бой салып өсіп қалған орманды әуеден бақылап көрген соң:

– Ендігі міндет – осы орман­ды Бурабай орманына қосу. Қазір Астананың «жасыл айма­ғындағы» орман Шортанды ауданына дейін 100 шақырымға жетті. Одан кейін тағы шамамен 100 шақырым бар. Келесі жылы орман Бурабайға жетеді, – деген болатын.

Айтақыр ащы топыраққа жай­қалтып жасыл орман өсірген, табиғаттың сараң мінезімен күресте айрықша табандылық танытқан, шын мәнінде қаптаған көшет біткенді маңдайтерімен суарып өсірген орманшылардың еңбегі бағаланбай қалған жоқ. Осы жолы Елбасы Астананың орманы орманшылардың, ға­лым­дардың және қарапайым жұ­мысшылар­дың ерен еңбегінің арқасында мүм­кін болғандығын атап айтқан болатын. 

– Орман өсіруге қандай еңбек керек екенін көріп тұрсыздар, жер жыртып, оны тыңайтып, суа­ру қажет. Мұнда 83 мың гек­тар­ға ағаш отырғызылды. Жыл са­йын 5 мың гектар жерге ағаш отыр­­ғызып, оны күтіп орманға айнал­дырып келеді. Ол Бурабай ұлт­тық паркінің көлемімен тең. Біз мұнда екінші Бурабай жасадық, – деп атап өткен болатын Елбасы.

Мемлекет басшысының тап­сыр­­­масына орай үздіксіз көгал­­дандыру жұмыстары Көкше­таудың айналасында да қолға алынуда. Үстіміздегі жылдың өзінде облыс орталығы маңында 500 гектар алқапқа ағаш көшет­тері отырғызылған. Келер жылы бұл көрсеткішті 1 мың гектардан асыру көзделуде. 

Ел қамын жеген, келешектің көкжиегін көбейтуді бағамдаған бастама баянды. Астана мен Бу­р­абайдың арасындағы қалың ор­манның жігі қалмай жымдаса жалғасатын кезі де алыс емес. 

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Егемен Қазақстан»

Ақмола облысы