Қалалар мен ірі елді мекендердегі ауа тазалығы – күрделі мәселе. Жанар-жағармаймен жүретін көліктер қоршаған ортаға өзінің кері әсерін тигізбей қоймайды. Осы орайда дамыған елдер жанар-жағармаймен жүретін көліктердің санын шектеу, сол арқылы ауа тазалығын сақтауға қол жеткізу үшін электромобильдерді қолданысқа енгізуде.
Бірқатар елдер электромобильдер инфрақұрылымын дамытуға, нөлдік шығындар бойынша көліктерді сатып алуды субсидиялауға да назар аудара бастады. Инфрақұрылымды дамыту дегенде, алдымен қалаларда электрлі көлік құралдарына арналған зарядтау стансаларын орнату қолға алынды, бұл өз кезегінде зарядтау стансаларының тұтынушыға қолжетімді, ыңғайлы болуын қамтамасыз етеді.
Бұл бастама біздің елімізде де қолдауға ие. 2014 жылы Мемлекет басшысы электркөліктерге арналған инфрақұрылымды дамытуға тапсырма берді, сондай-ақ осы жылы нөлдік шығындағы көліктерді әкелуге қатысты кедендік баж салығы алынып тасталды.
Ақтау қаласындағы университет оқытушылары жасап шығарған электромобильдерді зарядтау стансалары отандық өндірісті және электркөліктерге қатысты инфрақұрылымды дамытуға негізделген. Бұл жаңалықпен Ақтауда Yessenov University қабырғасында өткен
«I Халықаралық Есенов оқулары» барысында таныстық. Оқу аясында тұсауы кесілген оқу ордасы бас корпусының алдында орнатылған екі стансаның толық зарядтау циклі үш сағатты құрайды. Ал қос электромобиль университеттің ішкі пайдалануы үшін алынған.
Оқу ордасындағы іс-шараға 2007 жылы бейбітшілік бойынша Нобель сыйлығының лауреаты, Дүниежүзілік тұрақты даму жөніндегі форумның президенті, үндістандық Раджендра Кумар Пачаури, Малайзия Путра университетінің Информатика және ақпараттық технологиялар факультетінің байланыс технологиясы және желісі кафедрасының профессоры Мохамед Бин Отман құрметті қонақ ретінде қатысты. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы – тапсырмаларды шешуге арналған жаңа бағыт» тақырыбынан бастап Маңғыстау экологиясына, мұнай-газ өндіру ісіне, теңіз суын тұщытуға, сондай-ақ жастар, студенттер мәселесіне қатысты сан алуан тақырыптарды қамтыған конференция университет студенттері үшін «Yessenov University үздік стартап жобасы» байқауымен, сондай-ақ мұнайшы-геолог Халел Өзбекғалиевтің 90 жылдығына арналған кітаптың тұсаукесерімен қорытындыланды.
Болашақта жаңа жобаны республика көлемінде қолданысқа енгізу көзделіп отыр.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы