Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен соңғы жылдары Астана қаласында тұрғын үйлердің аулаларын абаттандыру жұмысы жоғары қарқынмен жүргізіліп келеді.
Елордадағы осындай күрделі жөндеуден өтіп, жаңарған және жаңғыртылған аулалардағы балалар ойнайтын түрлі-түсті қондырғыларды, құм төселген алаңдарды, спорт тренажерлерін, ағаш егіп, гүлзарлармен көмкерген демалыс алаңдарын көргенде, көңілің толып, бас қаламызды көркейту мен абаттандыру мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанына тәнті боласың. Астананың жиырма жылдық шежірелі төл мерекесіне орай биылғы жылы бұл игі бастамаға барынша басымдық берілді.
Қазіргі таңда Астанада 1536 аулалық аймақ есепке алынған. Олардың көпшілігінде бұрынғы жылдары көркейту және абаттандыру жұмыстары жүргізілген. Биылғы мерейлі жылы қаламыздағы 300-ге тарта ауланы абаттандыру жоспарланған болатын. Осыған байланысты жыл басында қалалық бюджеттен аулаларды жаңарту және жаңғырту жұмыстарына 1,4 миллиард теңге қаржы бөлінді.
Үстіміздегі жылы Алматы ауданы бойынша 203 аулалық аймақты абаттандырып, тұрғындардың сапалы демалысы үшін 8 қоғамдық демалыс орындарын жабдықтау жұмыстары жоспарланған. Осы жоспар аясында Иманов және Уәлиханов көшелерінің қиылысында, Сәтбаев, Рысқұлбеков, Маяковский көшелерінің бойында, Железнодорожный тұрғын үй алабында көрікті саябақтар бой көтерді. Сарыарқа ауданы бойынша, 10 аулалық аймақты жаңғырту, 5 тұрғын үй кварталы аумағын көріктендіру және сегіз саябақ құрылысын салу міндеті күн тәртібіне қойылған болатын. Байқоңыр ауданы бойынша бірнеше аулалық аймақтар мен саябақ құрылысын салу жоспарланса, Есіл ауданы бойынша 10 аулалық аймақты абаттандыру жұмысы жүргізілді.
Жоба бойынша жоғарыда аталған аулаларда асфальттық жабындылар жаңартылып, спорттық тренажерлер орнатылды, балалар ойнайтын қондырғылар жабдықталды. Ойын алаңдарында балалардың жарақаттануына жол бермеу мақсатында жұмсақ резеңке жабындылар төселіп, құм төгілді. Аулаларда ағаш егіліп, көгалдандыру жұмыстары іс жүзіне асырылды. Балалар ойнайтын алаңқайлар шарбақтармен қоршалды. Түрлі-түсті бояулармен әрлендірілген балалардың ойын алаңдарындағы көрініс еріксіз ертегі әлемін елестетеді.
2013 жылы елімізде «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасы қабылданып, кейіннен ол Өңірлерді дамыту бағдарламасына ауысып, бүгінде «Нұрлы жер» бағдарламасына ұласты. Міне, осы бағдарлама шеңберінде Астана әкімдігі қаламыздағы апатты көп пәтерлі тұрғын үйлерді бұзып, оның тұрғындарын заманауи жайлы пәтерлермен қамтамасыз ету мақсатындағы игі бастаманы қолға алды. Осы бастама негізінде бас қаланың тұрғын үй қорына жан-жақты талдау жүргізіліп, арнайы құрылған ведомствоаралық комиссия шешімімен негізгі құрылыс құрылғылары мен инженерлік желілері әбден тозған көп пәтерлі тұрғын үйлердің тізімі жасалды.
Тізімге 1940-1970 жылдары салынған 228 көп пәтерлі тұрғын үй енгізіліп, бұл үйлер 2018 жылға дейін бұзылуға тиіс болатын. Сөйтіп, 2013-2016 жылдар аралығында 117 көп пәтерлі тұрғын үй бұзылып, осында тұратын 1,5 мыңнан астам отбасы жаңа да жайлы пәтерлерге көшірілді. Ал 2017 жылдың соңына дейін бұл әлеуметтік жоба аясында 111 көп пәтерлі үй сырылып, онда тұратын 1,8 мың тұрғын жаңа пәтерлерге ие болды. Астана қаласының әкімдігі бұзылған үйлердің орнына қайтадан көп қабатты нысандар салып, онсыз да тынысы тар қала көшелерін толтыра бермей, бұл жерлерге саябақ пен гүлзарлар, спорт алаңдары мен ойын аулаларын жасақтап, қала тұрғындарының демалатын орындарын көбейту жолындағы тағы бір игілікті істі қолға алды.
Биылғы мерекелі жылы осы бастама шеңберінде бас қаланың оң жағалауында 13 саябақ жасақталып, келесі жылы тағы да 5 саябақ салынады деп күтілуде. Қала күні мерекесі қарсаңында Ботаникалық бақ, «Линейный» паркі салтанатты жағдайда ашылып, «Арай» саябағын қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды. Жалпы алғанда, биыл пайдалануға берілген 18 әлеуметтік демалыс нысанында балалардың 85 ойын аттракционы, 115 спорт тренажері, 18 футбол, баскетбол және теннис алаңдары ашылды. Ұзындығы 17 шақырымға созылған велосипед жолы, 12 шақырымға созылған жүгіру жолы жабдықталып, 30 субұрқақ кешені бой көтерді. Жаңадан салынған саябақтар, гүлзарлар мен бульварлар белгілі бір дәстүрмен безендіріліп, арнайы тақырыпқа сай өрнектелді.
Астана қаласының жаңа әкімі Бақыт Сұлтанов қала аудандарын абаттандыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың қарқынын одан әрі арттыруға тапсырма берді. «Саябаққа бару үшін адамдар қаланың орталығына келіп әуре болмауы керек. Гүлзарлар, саябақтар, аула клубтары, көше тренажерлері «таяқ тастам» қолжетімді жерде, тұрғындарға барынша ыңғайлы болуы қажет. Астананың кез келген ауданында өмір сүру жайлы да сапалы болуы тиіс», деді ол тиісті басқармалардың басшыларына берген нақты тапсырмаларының барысында.
Ақиқатын айтқанда, қаламыздағы көпшілік көңілінен шыққан аулаларды көріктендіру және абаттандыру мақсатындағы игі бастамалар лайықты жалғасын табатын болады.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан