Қазақстан және Ресей Денсаулық сақтау министрліктері арасында телемедициналық технологияларды қолдана отырып Медициналық көмек көрсетудің бірлескен жүйелерін құру және дамыту бойынша меморандумға қол қойылды.
Еліміздің Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың айтуы бойынша бұл құжатқа қол қою қазақстандықтардың өмір сүру сапасы деңгейін көтеруге мүмкіндік береді.
«Біз телемедицина саласында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойдық. Бұл біздің министрлік үшін басты бағыттардың бірі. Биылғы Елбасы Жолдауы халықтың табыстарына, әлеуметтік мәртебесіне, қолжетімді сапалы білім беру мен денсаулық сақтауға баса назар аударылған әлеуметтік-бағытта болды. Елбасы медициналық-санитарлық алғашқы көмекті дамытудың қажеттілігін ерекше атап көрсетті, шығындарды арттыру бойынша тапсырма берді. Бұл медициналық қызметкерлердің еңбекақысын көтеруге қатысты. Цифрландыру және қағазсыз медицинаға көшу жөнінде тапсырма берілді. Біз бұл бағытта қарқынды жұмыс істеудеміз», деді Е.Біртанов.
Медициналық қызмет көрсетудің отандық нарығында ресейлік компаниялар да бар.
«Ел нарығында бізді ақпараттық жүйелермен қамтамасыз ететін ресейлік компаниялар бар. Біз қазір дәстүрлі телемедицинаны емханалар мен ауруханалардан тыс жерлерде халықты белсенді оқытумен, онда медициналық қызметкерлер мен пациенттердің технологияларын пайдалану арқылы кеңейтуді көздеп отырмыз. Сондықтан бұл меморандум оң серпін беретініне сенімдімін», деді министр.
Ресей Федерациясының Денсаулық сақтау министрі Вероника Скворцова ынтымақтастық бойынша қазақстандық әріптестердің ұсыныстарын қолдады.
Жалпы, тараптар денсаулық сақтау мен телемедицинаны цифрландыру бойынша тәжірибе алмасу, телемедициналық технологияларды қолдана отырып, медициналық көмек көрсету үшін жүйелердің өзара іс-қимылын қамтамасыз ету мақсатында мәліметтер алмасудың бірыңғай стандарттарын әзірлеу бойынша ынтымақтасуға ниетті. Меморандумды орындау үшін Қазақстан және Ресей Денсаулық сақтау министрліктері арасындағы денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын дамыту бойынша жол картасы әзірленді.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан