«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» «Нұрлы жол» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы бойынша Астана қаласындағы №227 көшесінде бой көтерген үш тұрғын үй кешеніндегі пәтерлерді сатылымға шығармақ. Бұл туралы банктің Бүкіләлемдік жинақ күніне орай ұйымдастырылған баспасөз турында белгілі болды.
Баспасөз туры барысында банк қызметкерлері жаңадан салынған тұрғын үйлерді журналистерге көрсетіп, оның қандай жолмен берілетінін түсіндірді. Жаңа пәтер иелері конкурс негізінде анықталмақ. Конкурсқа аталған банктің кез келген салымшысы қатыса алады. Пәтердің толық бағасының 20 %-на тең бастапқы жарнасын үш жыл бойы жинаған салымшылардың 2018 жылдың 6 қарашасына дейін өтініш тапсыруға мүмкіндігі бар. Конкурс нәтижесі 7 қарашада белгілі болады.
364 пәтердің жартысы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшыларына берілсе, қалған жартысы Астана қаласы әкімдігінде кезекте тұрған азаматтарға табысталады. Толық әрленген пәтерлердің 1 шаршы метрінің құны – 180 мың теңге. Бұл нарықтық бағадан екі еседей төмен.
Жаңа кешен 37-40 шаршы метр болатын 1 бөлмелі – 75 пәтерден, 2 бөлмелі – 168, 3 бөлмелі 121 пәтерден тұрады. Әр үйдің бірінші қабатында балаларға арналған орталықтар бар, кешен жанынан мектеп салынып жатқанын да байқадық.
«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» орталық филиалының директоры Жансұлтан Матаевтың айтуынша, жыл сайын бағдарламаға қызығушылық танытушылар қатары өсіп келеді.
– Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі қатысушыларының үлесі 2015 жылы 7,1% деңгейінде болса, қазір 13,1%-ды құрайды. Қазір тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің қолданушылар саны 1,2 миллионға жетті. Банк азаматтарға жылдық мөлшерлемесі 3,5-5% аралығында займ алуға мүмкіндік береді. Республика бойынша банктің жалпы жинақ сомасы 562,3 миллиард теңгені құрайды. Қолданушылар көрсеткіші бойынша Астана қаласы алда тұр. Елорда тұрғындарына тиесілі «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» депозиттерінің саны – 170 771, – дейді ол.
Аталған банк «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы аясында бұған дейін Астана қаласы бойынша 620 пәтер сатқан. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 984-ке жетеді деп жоспарлап отыр. 2019 жылы мемлекеттік бағдарлама аясында тағы 1825 пәтер сатылады деп күтілуде.
Светлана ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»