Елбасы Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында шеттегі қандастарымыздың атамекен қазығы – Қазақстанмен ақпараттық, мәдени-рухани байланысын нығайта түсу үшін оларға отандық мерзімді басылымдардың қолжетімділігін қамтамасыз етуді тапсырған болатын.
«Egemen Qazaqstan» газеті Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің қолдауымен осы бағытта бірқатар жобаны жүзеге асырып жатыр. Соның бірі – қандастардың қарасы мол елдердегі қазақы БАҚ өкілдерін бас басылымда тәжірибеден өткізу. Осы істің аясында тағылымдамадан өтушілердің алғашқы легі – Моңғолиядағы «Жаңа дәуір» газетінің тілшісі Қуат Уатқан мен «TV4» телеарнасының тілшісі Шынарбек Жомарт «Егеменге» келді. Бұл бастама еліміздің Моңғолиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Қалыбек Қобландиннің атсалысуымен және «Егеменнің» қаржылай қолдауымен жүзеге асып отыр. Журналист қандастарымыз ел газетінде жинаған тәжірибелерін енді Өлгейдегі қазақ басылымын өркендетуге жұмсайтын болады.
«Атажұрттағы ең ірі басылымнан іс-тәжірибеден өту – мен үшін үлкен мәртебе. «Egemen Qazaqstanda» қазақ жеріндегі жаңалықтардан бастап, әлемдік оқиғаларға ұласқан сараптамалық материалдар молынан беріледі екен. Газеттің шығармашылық, өндірістік үдерістерін көзбен көріп, үлгі аларлық жақтарын көңілге тоқыдық. Алдағы жұмыстарымызға осы тәжірибені кеңінен қолданамыз», дейді байөлкелік қандасымыз Қуат Уатқан.
«Моңғолияда қазақ тілінде ақпарат тарататын 1 радио, 4 телеарна, 2 газет, 1 журнал, 2 веб-сайт бар. Бұлар Атажұрттағы жаңалықтар мен оқиғаларды күнделікті интернет арқылы қарап, халыққа ұсынады. Ол жақтағы қазақтар Қазақстанның ақпарат айдынын үнемі бақылап отырады.
Қандастарға барынша қамқорлық көрсетіп отырған Елбасына ризашылығымыз зор. Қазір ақпараттық шекаралар жойылды. Әлемде не болып жатқанын тау қойнауындағы адам да біліп отырады. Ал жұмыс істеу тәсілдері әртүрлі. Ел газетіне келіп, қазақ журналистикасының ауасын жұту – біздің де тынысымызды ашты. Енді сол екінші тынысымызбен Моңғолиядағы қазақ басылымдарына қызмет етеміз», деді тағы бір бауырымыз Шынарбек Жомарт.
Қазіргі күні «Егемен» шеттегі ағайынның атажұртпен байланысын кеңейте түсетін бастаманы қандастар көптеп қоныстанған басқа да іргелес елдер бағытында жалғастыруда. Ұлттық баспасөз тарихында тұңғыш рет «Egemen Qazaqstan» Ресей аумағында газет таратуға лицензия алғанын да айта кетейік. Сол сияқты бұл жұмыстар Қырғыз, Моңғолия елдерінде де жалғасуда.
Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»