«Бұл дүниенің жүзінен, нешелер жақсы өткен жоқ?» деп жырлаған Мұрат Мөңкеұлының туғанына биыл 175 жыл. «Зар заман ақыны» деген желеумен бір кездері оның өлеңін оқу тұрмақ, атын атауға тыйым салынған еді. Бірақ уақыттан әділ не бар? Мөңкеұлының мұрасы әдебиеттанушылардан, жалпы халықтан лайықты бағасын алды.
Зерттелді. Зерделенді. Атырауда өткен «Рухани жаңғыру: Мәңгілік ел мұраттары» халықаралық форумы да Мұрат ақынның шығармашылығына арналды.
Облыстық әкімдік пен Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті ұйымдастырған «Мұрат Мөңкеұлы мұрасы және туған жер идеясы» атты республикалық ғылыми-теориялық конференцияға елімізге белгілі ғалымдар, әдебиет зерттеушілері, ақын-жазушылар қатысты. «Тарихта ерекше із қалдырған тұлғаларды дәріптеп, насихаттау – бізге парыз. Бұл тұрғыда Мұрат Мөңкеұлының айшықты ізі бар, – деп атап өтті облыс әкімі Нұрлан Ноғаев. – Оның жыр жүйрігі, айтыскер ақын, кең тынысты жыршы, ел мен жер тарихын жетік білген шежіреші болғаны баршаға белгілі. Толғау-жырлары, өлең-термелері халқымыздың бағалы рухани қазынасына айналды. Ел-жұртқа Мұрат арқылы жеткен Махамбет жырлары әдебиетіміздің алтын қорына енді. Тәуелсіздікті аңсаған Мұрат ақын – ел үшін басын бәйгеге тіккен қайраткер. Жыр жампозының тағылымды мұрасы ғасырдан ғасырға жалғаса берері анық».
Конференцияда Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, академик, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сейіт Қасқабасов «Мұрат Мөңкеұлы мұрасындағы фольклорлық дәстүрлердің ел тарихымен үндестігі» тақырыбында баяндама жасады. Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының директоры, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті философия кафедрасының меңгерушісі, академик, философия ғылымдарының докторы, профессор Ғарифолла Есім «Мұрат Мөңкеұлы және «туған жер» ұғымының философиясы» жайлы айта келіп, «Мұрат пен Абай – заманы бір, зары бір, мұңдас ойшылдар. Екеуіне де ортақ ұғым – заман. Олардың ғұмыр кешкен заманы – қилы заман. Қилы заман – қазақ халқының басынан билігі кеткен заман. Сол заманның сипатын Мұрат Мөңкеұлының «Үш қиянынан» таба аламыз. Мұрат жыраудың бұл толғауын мектептерде міндетті түрде оқыту қажет» деп атап өтті.
Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Омаров, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры, академик, филология ғылымдарының докторы, профессор Дихан Қамзабекұлы, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті, «Арыс» қорының директоры, филология ғылымдарының докторы Ғарифолла Әнес, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ректоры Абзал Талтенов және университеттің «Атырау өлкесінің тарихы, археологиясы мен этнографиясы орталығының» директоры, тарих ғылымдарының докторы Сайфулла Сапановтар Мұрат ақын шығармашылығын жан-жақты зерделеген ойларын ортаға салды.
Конференциямен қатар «Байтақтан озып, бәйге алған» атты халықаралық ақындар айтысы да ұйымдастырылды. Қытай мен Моңғолиядан және еліміздің әр өңірінен келген 20 ақын екі күн бойы жыр көрігін қыздырды.
– Бұл айтыстың ерекшелігі, еліміздегі ең жүйрік деген ақындардың біразы қатысты, – дейді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман. –Мұрат Мөңкеұлының өмірі мен шығармашылығын кестелі сөзбен көркемдеді.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында облыс әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған айтысқа халық әртісі, Мемлекеттік сыйлық иегері, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов бастаған қазылар алқасы төрелік жасады. Жыр аламанының бас жүлдесіне белгіленген 2 млн теңгені батысқазақстандық Жансая Мусина жеңіп алды.
Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ