Қызылорда облысында мемлекеттік рәміздерді орналастыру мен қолданудағы кемшіліктер жайлы жедел хабарлауға мүмкіндік беретін арнайы WhatsApp чаты жұмыс істей бастады.
Облыстық мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссияның кезекті отырысында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев мемлекеттік рәміздердің жастарға патриоттық тәрбие берудегі маңыздылығын айтты.
- Мемлекет басшысы атап өткендей, «Мемлекеттік рәміздер-ұлттың рухы мен санасы, оның ерлігі мен көрегенділігі, болашаққа деген сенімі, ұмтылыстары мен қилы тағдырының бейнесі». Сондықтан, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерін құрметтеу – еліміздің әрбір азаматының парызы, - деді ол.
Жиында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Талғат Маханов аймақтық ұйымдар мен мекемелердегі мемлекеттік рәміздердің стандартқа сай қолданылуы мен орналастырылуындағы кемшіліктер туралы баяндады.
- Мемлекеттік рәміздерге байланысты түсіндіру жұмыстары, семинарлар өткізіліп, мемлекеттік рәміздерді орналастыру мен қолдануда кемшіліктерді жібермеу жөнінде хаттамалық тапсырмалар берілгенімен, кемшіліктер әлі де қайталанып келеді. Алдағы уақытта мұндай кеткен кемшіліктерді тез арада жою және халықтың көзіне оғаш көрсетпеу мақсатында анықталған кемшіліктерді суретке түсіріп, салып отыратын «Ramiz.kzo» чаты жұмыс жасайтын болады. Онда мемлекеттік рәміздерді қолдануда жіберілген кемшіліктер талқыланып, мекеме басшыларына шұғыл түзету ұсынылады және кемшілікті түзеткендігі жөнінде есебі де ұсынылатын болады,-деді облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Қызылорда облысы