Мемлекет Басшысы Қазақстан халқына Жолдауында агроөнеркәсіптік кешенінің әлеуетін толық іске асыру, саладағы еңбек өнімдіоігін көтеру және экспорттық өнімдердің үлесін өсіру міндетін қойғаны мәлім. Өңірдегі ауылшаруашылығы саласының қызметкерлері жылдың басты бағдарламалық құжатын талқылау кезінде ой-пікір желісін осы тұстан сабақтады.
Жиында Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев атап көрсеткендей жыл сайын аграрлық секторлы одан әрі дамыту үшін облыстық бюджеттен 13-15 миллиард тенге қаражат бөлінеді. Бұл қомақты сома қайтарымсыз, нәтижесіз емес. Бұған ауыл шаруашылығы өнімдері артып келе жатқаны айқын айғақ.
Айталық биылғы жылдың өткен 9 айында аймақтағы ауыл шарушалығы құрылымдары 157 миллиард тенгенің өнімін шығарған. Мұның өзі өткен жылмен салыстырғанда 4 пайызға жоғары. Жыл аяғына дейін бұл көрсеткіш тағы да өседі деп күтілуде. Сонымен бірге аталған кезеңде салаға 15 миллиард тенгенің инвестициясы тартылғаны да тәуір нәтиже болмақ. Ал экспорттық өнім деген кезде облыста негізінен ет экспорты жөнінде белгіленген меже артығымен орындалып келеді. Әйтсе де мұның өзі табыс шегі болып қала алмаса керек. Сонымен бір мезгілде экспорттық өнім аумағын ұлғайту шаралары белгіленіп, оның географиясын көршілес Өзбекстан және Араб елдерімен кеңейту шаралары белгіленген.
Ақтөбе мал шаруашылығын өркендетуге өте қолайлы өңір екендігі айтылып та жазылып та жүр. Ендеше өңірдің бұл бағыттағы әлеуеті мен мүмкіндігін одан әрі өсіру жолдарын іздестіргеннің ешқандай артықшылығы жоқ. Қазіргі кезде өңірде мал басының өсу көрсеткіші 5-7 пайыз төңірегінде. Былайша қарағанда тәп-тәуір көрсеткіш. Әйтсе де мұны 10-15 пайызға дейін көтеруге толық мүмкіндіктер бар екені кәміл. Оның басты жолы –асыл тұқымды мал санын көбейту және мал азығы базасын ұлғайту болып отыр. Жолдауда қойылған басты міндеттердің бірі де осы. Тағы бір айта кетерлік мәселе бүгінгі таңда облыстағы агроқұрылымдардың дені –ұсақ шаруашылықтар. Бұлардың түсетін табыс пен пайда төмен екенін тәжірибе көрсетіп келеді.
Сондай-ақ ұсақ шаруашылықтарға қаржылай көмек берудің тиімсіздігі де айқын көрінуде. Бұл айтылғандардың саны бар да, сапасы күмәнділеу ауыл шаруашылығы кооперативтеріне де қатысы бар. Сондықтан да оны ірілендіру мен әлеуетін арттыру ісі де алдағы уақыттың еншісіне тимек. Бір сөзбен айтқанда мемлекеттің бір тенгесін белгілі бір уақыт ішінде 1,5-2 тенге әкелетіндей есеп жасалып, соған сәйкес тиянақты іс тындырылуға тиіс. Тек сонда ғана экономиканың үнемділігі мен тиімділігіне қол жеткізуге болатыны анық. Жиын кезінде осындай ұйғарымдар жасалды.
Жолдауда қойылған басты міндеттрдің бірі –жалақы мөлшерін өсіру екені белгілі. Осы орайда екі-үш ауыз дерек келтірсек, облыста 6200 шаруашылық субъектілері бар екенін көреміз. Мұнда 32 мыңнан астам адам жұмыс жасайды. Олардың орташа жалақысының мөлшері 78 мың тенгенің төңірегінде. Сөз жоқ, бұл агроөнеркәсіп кешені қызметкерлерінің жалақысы төмен екенін көрсетеді. Ендеше оны өсіру мәселесі өткір қойылуға тиіс. Өңірде бұл мәселенің шешімі 1 желтоқсанға дейін алынып, жалақы мөлшері 10-15 пайызға дейін өсірілмек.
Жолдауды талқылаған жиын кезінде ауыл шаруашылығы қызметкерлері салалық кәсіподағы Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Тұрақбай Сұлтанғалиев сөз алып, Мемлекет Басшысы тарапынан агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін арттыруға басымдық берілгені үлкен серпіліс туғызғанын атап көрсетті. Бұдан әрі ол жұмыс берушілер мен жұмысшылар тараптары арасында әлеуметтік-экономикалық және еңбек кепілдіктері бойынша 62 ұжымдық шарт жасалғанын алға тартты. Салалық кәсіподақ төрағасы Жолдауда айтылған тапсырмалар мен міндеттер жүзеге асқан жағдайда ауылшаруашылығы қызметкерлерінің жай-күйі жақсара түсетіні жөнінде оймақтай ой түйін жасады.
Темір Құсайын,
«Егемен Қазақстан»
АҚТӨБЕ