• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 05 Қараша, 2018

Бақытжан Сағынтаевтың Қазақстан–Эстония бизнес форумында сөйлеген сөзі

324 рет
көрсетілді

Бүгін Астанада екі елдің іскерлік орталарының 120-ға жуық өкілінің қатысуымен Қазақстан–Эстония бизнес форумы өтті. Шара елімізге жаңа инвесторларды тартуға бағытталған. Қазақстан Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев форум қатысушыларына сөзін арнады, деп хабарлайды primeminister.kz.

Құрметті Премьер-Министр [Эстония Республикасы]! Құрметті бизнес форумға қатысушылар!

Астанада біздің эстониялық қонақтарымыз бен Қазақстан – Эстония бизнес форумының барлық қатысушыларын көргеніме қуаныштымын! Қазақстанға хош келдіңіздер!

Құрметті достар! Біз жаңа ғана Эстония Премьер-Министрімен екіжақты кездесу өткізіп, ынтымақтастығымыздың түрлі бағыттары бойынша сөз қозғадық, өте қызықты ашық әңгіме өрбіді. Ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын, түйісетін тұстарын анықтап, біздің уағдаластықтарымыз кейінге қалып қоймауы үшін мүдделі мемлекеттік органдарға екі мемлекеттің даму игілігі мақсатында жұмысты қазірден бастауға тапсырма бердік.

Эстония Республикасы Қазақстанның Солтүстік Еуропадағы маңызды сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестерінің бірі. Біз Сіздердің тараппен сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды арттыруға мүдделіміз.

Бізде ынтымақтастық орнатуға әлеуетіміз зор екеніне сенімдімін. Бүгін екіжақты кездесуде транзиттік көлік, экологиялық және энергия үнемдеу технологиялары саласында, сонымен қатар Эстония «цифрлық» көшбасшы ретінде танылған ақпараттық технологиялар саласында ынтымақтастықты дамыту туралы сөз қозғадық.

Біз ақпараттық технологиялар тұрғысынан Эстонияға үлкен делегация жібердік. Менің орынбасарым А. Жұмағалиев, одан кейін министр Эстонияға барып қайтты. Жақын күндері Қазақстанның үлкен делегациясы: министрліктердің, өңірлердің өкіледері Эстонияға барып, оқудан — екі апталық курстардан өтіп, мемлекеттік қызметтер қалай ұсынылатынын көріп қайтты. Үлкен тәжірибе жинақтады. Осы бағытты дамытуды жалғастырамыз деп ойлаймын.

Бүгінде Қазақстан инвестициялық ахуалы болжамды әрі қолайлы, сауда саясатын халықаралық құқық нормаларына сай жүзеге асыратын мемлекетке айналған. Салық жүктемесі оңтайландырылған, жеңілдіктер пысықталған. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласында жобаларды жоспарлау рәсімдері жеңілдетілген. Көші-қон және еңбек заңнамасы жақсартылды, шетелдік жұмыс күшін тарту рәсімі жеңілдетілді.

Бізде сан алуан салаға бағытталған, түрлі артықшылықтарға ие 11 арнайы экономикалық аймақ пен 22 индустриялық аймақ бар. Бүгін мен Премьер-Министрге Қазақстан ЭЫДҰ мүшесі болуға барынша ұмтылатынын, бүгінгі таңда Инвестициялар комитеті мен Бәсекелестік жөніндегі комитеттің мүшесі және Халықаралық инвестициялар туралы декларацияға қосылғанымызды айттым.

Біз инвесторлармен ашық диалог орнатуға ұмтыламыз. Осы мақсатта Президент жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесі жұмыс істейді. Жылына бір рет отырыс өтеді және аталған Кеңестің 30-дан астам мүшесі еліміздегі инвестициялық ахуалды одан әрі дамытуға қатысты өздерінің ұсыныстарын білдіреді. Сондай-ақ, Премьер-Министр жанындағы Инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңес жұмыс істейді. Бұл кеңесте ай сайын отырыс өтеді. Бұдан өзге, инвестициялық және бизнес-омбудсмен институттары енгізілген. 2016 жылдан бастап барлық инвесторларға арналған «Бір терезе» қағидаты жұмыс істейді, еліміздің барлық өңірлерінде инвесторларға қызмет көрсететін аймақтық офистері ашылған.

Жақында Дүниежүзілік банк «Doing Business–2019» рейтингінің қорытындысын жариялады. Біз алғаш рет 30-дыққа ендік. Біздің еліміз бір жыл ішінде бірден 8 позицияға көтеріліп, онда 28-орынды иеленді. Бұл біздің аталған рейтинг жүргізіле бастаған сәттен бастап тәуелсіздік жылдары қол жеткізген ең биік жетістігіміз. Эстонияның 16-шы орында екенін білемін. Біздің мақсатымыз – келесі жылы одан да жоғары жетістікке жету.

Біз Премьер-Министр мырзамен Қазақстанды «Doing Business» бойынша тежеп отырған көрсеткіштердің бірі халықаралық сауда екені туралы әңгімелестік. Бастапқыда халықаралық сауданы теңіз порттарынан қаншалықты қашық екендігіне байланысты қарастырған, әрине, біз теңізге шығар бірде-бір жолы жоқ елміз, бірақ қазір есептеу әдістемесі өзгерді, бүгінде тауарлардың шекара арқылы қаншалықты жылдам

өтетіндігіне қарайды. Бұл тұрғыда біз үлкен жұмыстар атқардық. Тиісті заңнаманы қабылдадық. Қытаймен шекарада «Астана-1» АЖ бағдарламасын іске қостық. Электронды шот-фактуралар қазір толығымен электронды форматта рәсімделеді. Бүгінде Қазақстан-Қытай шекарасы арқылы өтетін жүктердің 80% «жасыл дәліз» арқылы өтеді. Мен биыл іске қосылған бұл реформа келесі жылға дейін толық қолданысқа енгізіліп, келесі жылы Дүниежүзілік банк тарапынан үлкен реформа ретінде есепке алынып, біз Эстонияның жанынан табыламыз деп үміттенемін.

Себебі цифрландыру мәселесінде біздің Эстониямен серіктестігіміз мықты. Мен бүгін Премьер-Министр мырзаға бізде 2006-2008 жж. басталған e-Government платформасы біздің эстониялық достарымыздың көмегімен жасалғанын, бұл жұмыстардың әрі қарай жалғасып жатқанын жеткізген едім.

Бүгінде Қазақстан инвестициялық ахуалы жағынан Орталық Азияда бірінші орынға ие, Орталық Азия елдерінің инвестицияларының 70%-дан астамы Қазақстанның үлесінде. Тек соңғы 10 жылдың ішінде елімізге $250 млрд жуық тікелей шетелдік инвестициялар тартылған. Біз экономиканың түрлі секторларына, әсіресе, өңдеу өнеркәсібінің дамуына және шикізаттық емес экспортқа инвестициялардың салынуын құптаймыз.

Біз Төртінші өнеркәсіптік революцияның элементтерін — 3D-принтингті, онлайн-сауданы, мобильді банкингті, цифрлық сервистерді, автоматтандыруды, роботтандыруды, жасанды зерде мен «ауқымды деректермен» алмасуды енгізуді көздейміз.

Премьер-Министр мырза бүгін агроөнеркәсіптік кешенде біздің ынтымақтастығымызға баса күш-жігер салуымыз керектігі туралы ұсынысын білдірді. Қазір біз бірге кездесіп, келісулері үшін біздің министрліктерге тиісті тапсырмалар бердік. Біздің қарым-қатынастарымызды агроөнеркәсіптік кешенде дамытуда ынтымақтастық орнату бойынша тиісті меморандумға қол қоюымыз мүмкін. Онда цифрландыру мәселелерін де, Еуропа елдеріне ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу мәселелерін де қарастыруға болады.

Бізде «Цифрлық Қазақстан» арнайы мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Бұл құжат өткен жылдың соңында қабылданды. Эстонияның стартаптар экожүйесін дамытудағы тәжірибесі кең таралған, осы орайда, «Цифрлық Қазақстан» аясындағы жобалар ынтымақтастықтың перспективалы алаңы бола алады.

Ертең «Astana Нub» халықаралық АТ-стартаптар орталығының жұмысын бастаймыз. Мен Эстония Премьер-Министріне осы стартап-хабтың тұсаукесеріне ресми қатысуға шешім қабылдағаны үшін алғысымды білдіремін. Ертең біз еліміздің Президенті қатысатын осы іс-шараға барамыз, бұл жерде Сіздер көрген-білгендеріңіз бен көкірекке түйгендеріңіз туралы өз әсерлеріңізбен бөлісіп, бұл бағытта дұрыс келе жатырмыз ба, сол туралы ой-пікірлеріңізді білдіре аласыздар.

Astana Hub-та бизнесті ілгерілетуге қажетті барлық мүмкіндіктер мен артықшылықтар жасалған. Astana Hub-тың шетелдік қатысушылары үшін визалық және еңбек режимдерін заңнама тұрғысынан жеңілдеттік. Бүгінде технопарк резиденттері үшін салық салуды оңайлату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Біз қазір стартап-хаб аумағында жұмыс істеуге әзір барша жан тіркеле алады деп жатырмыз. Осында келсеңіздер, біз тиісті грантпен қамтамасыз етеміз. Егер баспана мәселесі туындаса, сіздер қайда тұрамыз деп уайымдамауларыңыз үшін, тиісті жағдайлар тудырып, баспана да ұсынамыз.

Биылғы шілде айында алғаш рет венчурлық қаржыландыру туралы заң қабылдадық. Мұндай заң бізде болмаған. Енді тәуекелді мәмілелер заңнамамен реттеледі және екі тараптың да мүдделері қорғалады. Алдағы уақытта Қазақстандағы алғашқы венчурлық капиталистер қауымдастығы ашылады. Astana Hub технологиялық бастамаларды ілгерілетудің аймақтық инновациялық орталығына айналады деп көзделіп отыр. 

Сіздер «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы да көп естіген боларсыздар. Бұл орталық та Экспо аумағында орналасқан. Ол қаңтар айында ресми жұмысын бастады, шілде айында тұсаукесері өтті, ал жуырда біз еліміздегі жекешелендірудің екінші толқыны аясында алғашқы келісімді жүргізуді жоспарлап отырмыз. «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясы ІРО-ға шығады, бұл рәсім де «Астана» халықаралық қаржы орталығының аумағында өтеді. Сондықтан эстониялық компанияларды, банктерді, қаржы институттарын осы бағытта бірлесіп жұмыстар атқаруға шақырамын.

Жалпы алғанда Сіздермен ынтымақтастық орнатуға болатын бағыттар өте көп. Бүгін залда Сіздің елде жұмыс істеп жатқан компаниялар да, біздің елде жұмыстарын жалғастыруға мүдделі компаниялар да отыр. Біз барлық аймақта өкілдіктері бар, барлық инвесторларға арналған бірыңғай терезе болып табылатын «Қазақинвест» ұлттық компаниясын арнайы құрдық. Сондай-ақ, біз өнімдеріміздің экспорттық-қаржылық қолдау құралдарын пайдалана отырып, өзге елдерге тауарларымызды таныту, сату бойынша жан-жақты қолдау көрсететін «Қазақэкспорт» арнайы компаниясын құрдық. Сондықтан да, Сіздермен жұмыс істеу үшін құрылған осы компаниялардың қызметтерін пайдалана аласыздар.

Назарларыңызға рақмет! Біздің әріптестер бүгін және ертең Сіздермен барлық қызығушылық танытқан мәселелерді пысықтап, Сіздер мен біздің компанияларымыз арасындағы ынтымақтастықты одан әрі ретке келтіруге дайын. Рақмет!