Бүгінгі таңда баспана саудасы қарқын алып, шаршы метрдің құны көтерілгеніне қарамастан, тұрғын үй бағасын мемлекеттік бағдарламалар шарықтатпай ұстап тұр деуге болады.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, 2018 жылдың қаңтар-шілде аралығында тұрғын үй құрылысына жұмсалған жалпы қаржы көлемінің 82%-ын құрылыс компанияларының өз қаражаты құрапты. Бұл соңғы 10 жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Демек, биыл салынып жатқан үйлер негізінен мемлекет субсидиясымен немесе құрылыс компанияларының өз ақшасы есебінен салынуда. Себебі құрылысқа ешкімнің ақша салғысы жоқ. Еліміздегі екінші деңгейлі банктердің де оған құлықсыздығы байқалады.
Айта кетейік, былтыр қаңтар-шілде аралығында құрылыс компанияларының үй құрылысындағы өзіндік қаражаты 69% болса, алдыңғы жылғы жартыжылдықта бұл көрсеткіш 74%-ды құраған болатын. Айтып отырғанымыздай, үй құрылысының негізгі инвесторы болуға тиіс банктер де құрылысқа ақша құюға құлықсыз. Биылғы алғашқы жеті айда екінші деңгейлі банктердің баспана салуға берген несиесі 14 млрд теңгені құрағаны осыны аңғартады. Бұл жалпы үй құрылысына салынған инвестицияның бар болғаны 2,4%-ы ғана.
Банктердің қарыз беруді тоқтатуы баспана құрылысындағы қаражатты әжептәуір азайтып жіберді. Бір жыл ішінде салалық портфельдің көлемі 184,7 млрд теңгеге, яғни 19%-ға күрт төмендеп кеткені осыған байланысты. Ал банктердің салған қаражаты жалпы портфельдің 6%-ын ғана құрайды. Салыстыру үшін айта кетейік, 2009 жылы баспана салуға пайдаланылған қаражаттың 20%-ы банктердің берген несиесі болатын.
Банктерден қайыр болмағанын көрген құрылыс компаниялары енді әлеуетті тұтынушылардың, яғни халықтың қаржыландыруына үміт артатыны түсінікті. Ол үшін компаниялар салынып жатқан пәтерлерді алдын ала сата бастамақ. Яғни, тұтынушылардың өз бидайын өзіне қуырып беруге тура келеді деген сөз. Тұрғын үй құрылысын кепілдендіру қорының мәліметінше, коммерциялық баспананың 60%-ы үлескерлік құрылысқа жатады екен. Мамандардың айтуынша, бұл үрдіс 2020 жылға дейін сақталады.
Жоғарыдағы мәліметке сенсек, былтыр жер үйлерді санамағанда жаңадан 72,9 мың пәтер салынса, соның 43,7 мыңы үлескерлік қаржыландырумен бой көтеріпті. Ал 2018 жылдың қаңтар-шілде аралығында 34 мың пәтер салынған болса, оның 20,5 мыңдайы үлескерлердің қаржылай қолдауының арқасында бой көтерген.
Банктер қаражатын тәуекелге тіккісі келмейдіСоңғы бірер айда банктердің ипотекалық несие беруді ұлғайтқаны байқалады. Дегенмен, жекелеген банктердің ипотекалық несие портфеліне үңілер болсақ, ипотека нарығының да мемлекет демеуіне мұқтаж екені көрінді.
Өткен жылғы тамыз бен биылғы тамыз айына дейінгі аралықта екінші деңгейлі банктер экономиканы 12,7 трлн теңгеге несиелендіріпті. Бұл алдыңғы жылдағы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 24,5 пайызға жоғары көрсеткіш.
Несиелендіру көлемі күрт көбейгеннің өзінде де кейбір сегменттерде ерекше өрлеу байқалады. Мәселен, 2017-2018 тамыз айлары аралығында берілген ипотекалық несие, яғни тұрғын үй құрылысы мен сатып алуға берілген қарыз рекордтық 44 пайызға артып 470,1 млрд теңгеге жетті.
Ипотекалық несиеге қайта оралар болсақ, былтырғы тамыздан бергі 12 ай ішінде берілген 470,1 млрд теңгелік ипотекалық қарыздың 63,6 пайызы, яғни 299 млрд теңге «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» тиесілі. Айта кетейік, жыл санап бұл банктің ипотека нарығындағы үлесі ұлғайып келеді. Былтыр оның үлесі 62,3 пайыз болған-ды. Ал 5 жыл бұрын тіпті ипотека нарығындағы ТҚЖБ-ның үлесі 20,4 пайыздан аспаған болатын.
Аймақтардың қарқыны күшейдіҰлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің мәліметінше, соңғы уақытта Алматы мен Астанада тұрғын үй құрылысында көпқабатты үйлер салу қарқыны бәсеңдепті. Биылғы жылдың алғашқы жартысында Астанада 938,9 мың шаршы метр көпқабатты жаңа үй салынса, Алматыда осы уақыт аралығында 340,5 мың шаршы метр үй салынған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда тиісінше 24,1 және 28,1 пайызға төмен көрсеткіш.
Дей тұрғанмен, жалпы республика бойынша тұрғын үй құрылысының көлемі 2,7 пайызға артқанын да атап өту керек. Баспана құрылысының қарқыны еліміздің 12 облысында жоғарылап келеді. Соның ішінде Алматы облысы тұрғын үй құрылысы жағынан республика бойынша көшбасшы болып отыр. Былтырғы жылмен салыстырғанда бұл облыстағы құрылыстың қарқыны 51 пайызға бір-ақ көтерілген.
Одан кейінгі орын Түркістан облысына тиесілі, аталған аймақтағы құрылыс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 43,8 пайызға көтеріліпті. Үшінші орын Маңғыстауға тиесілі, бұл өңірдегі көрсеткіш 43 пайызға ұлғайған.
Басқа облыстардағы ахуалды тілге тиек етер болсақ, баспана құрылысын салу қарқыны өткен жылмен салыстырғанда Батыс Қазақстанда – 39,9%-ға, Атырау облысында – 29,8%-ға, Қостанай облысында – 26,6%-ға, Жамбыл облысында – 20,6%-ға, Ақтөбе облысында – 13,4%-ға, Қарағанды облысында – 7,6%-ға, Шығыс Қазақстанда – 6,8%-ға, Ақмола облысында – 3,1%-ға, Солтүстік Қазақстанда – 0,8%-ға көтеріліпті. Ал Алматы мен Астана қалаларынан бөлек Павлодар (9,9%) мен Қызылорда облыстарында (30,7%) бұл көрсеткіш бәсеңдеген.
«7-20-25» бағдарламасы орта таптың эконом санатты үйлерін ұсынадыӨңірлердегі үй құрылысына мемлекеттің осы бағыттағы бағдарламалары сеп екені даусыз. Мәселен, биыл сәуір айына дейін үй құрылысы былтырғы жыл басынан айтарлықтай азайып кеткен еді. Оның себебі жоғарыда айтылғандай банктердің ипотекалық несиені қысқартуы мен құрылыс компанияларының өздерінің қаражаттарының азаюы. Алайда сәуірден бастап «7-20-25» ипотекалық бағдарламасының ашылғанынан кейін банктер мемлекеттің кепілдігіне сүйеніп нарықты қайта қаржыландыра бастады. Мемлекеттің саясаты өңірлерге бет бұрғаны сол екен, Астана мен Алматыдағы құрылыс бәсеңдеп, есесіне облыс орталықтарында үй құрылысы күрт көбейді. Рас, аталған ипотекалық бағдарлама бойынша мақұлданған несиенің 60 пайыздан астамы әлі де болса Алматы мен Астана қалаларына тиесілі. Дегенмен, бұл екі қала нарығындағы сұраныстың өзге аймақтардағыдан айтарлықтай жоғары екенін де естен шығармау керек. Ал екінші деңгейлі банктердің коммерциялық ипотекасына көп иек арта бермейтін облыс орталықтарының тұрғындары жаңа ипотекалық бағдарлама арқылы жеңілдетілген мемлекеттік бағдарламаға қатысуға мүмкіндік алып отыр.
Сонымен қатар «7-20-25» ипотекасының басты мақсаты – орташа табысты халықты қолжетімді үймен қамтамасыз ету. Бұл да өз кезегінде нарықта қымбат үйлерге қарағанда эконом санаттағы баспаналардың көптеп салына бастауына алғышарт болды.
Бауыржан МҰҚАН,
«Егемен Қазақстан»