• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 09 Қараша, 2018

Қоғамның күткені – полиция жұмысын түбегейлі жақсарту

943 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Н.Назарбаев осы аптада өткен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында құзыретті мемлекеттік органдар жұмысының барынша ашық болуын, тұрақты түрде есеп беріп отыруын және тиімді қызмет етуін талап етті. 

«Ашық жұмыс істеп, адамдардың сенімінен шыға білу керек» деді Елбасы. Отырыстың негізгі тақырыбы энергетикалық қызмет нарығындағы мем­лекеттік органдар жұмысы бол­ғанымен, бұл – халықтың өмір сүруіне жайлы орта қалыптастыруда барлық салада межеге алатын мәселе. Соның ішінде тұрмыс сапасының ажырамас бөлігі қауіпсіздік екенін, қоғам құқық қорғау орган­дарының жұмысының түбегейлі жақсаруын күтіп отырғанын Президент биылғы Жолдауында айрықша атап өткен болатын.

Әрине адамға өмір сүруге қо­лай­лы орта қалыптастыруда керегі алдымен жайлы баспана, ла­йықты кәсіп, сонымен қа­тар құ­қығы мен мүдделері­нің қор­ға­луы екені белгілі. Бұған де­йін қыл­мыстық процестегі азаматтар-

дың құқықтарын қор­ғауды кү­шейту үшін заң­намаға оның әсіре қатаңдығын бәсең­де­туді көздейтін нормалар ен­гі­зілген болатын.  Құқық қор­ғау органдарының өкілеттігі мен жауап­кершілік шегі де айқын­далды. Сөйтіп азаматтардың конс­ти­туциялық құқықтарына кепіл­дікті нығайту, құқық үстемдігін қам­тамасыз ету, құқық қорғау қызметін ізгілендіру жұмыстары кеңінен қолға алынды. Дегенмен бұл талаптардың бәрі жүзеге асуы үшін, алдымен адамға өмір сүруге жай­лы орта қалыптастыруда қа­уіпсіздік мәселесін түбегейлі шешу қажет еді. Ол үшін не істеу керек?

Өзгеріс өлшемі – сапа

Бұл үшін Елбасы құқық қорғау органдары жұмысына терең және сапалы өзгерістер қажет екендігін ашып айтты. Адамдарға алаңсыз жұмыс істеу­де, бейбіт өмір сүруде, тұрмыс сапасын жақсартуға қа­жетті қауіпсіздік пен тыныштықты қам­­тамасыз етіп, заңсыз әрекеттерден қор­­ғау­да алдымен қол ұшын беретін құ­ры­лым – полиция. Бұл орайда Елбасы: «Аза­маттар санасында полиция жазалау­шы емес, керісінше қиын жағдайда олар­дың көмекшісі деген түсінік орнауы тиіс», деді. Демек осы жоғары та­лап дең­гейінен табылу үшін құқық қор­ғау ор­ган­­дарының жұмысына терең және сапа­лы өзгерістер қажет екендігін уақыт­тың өзі талап етіп отыр. Қоғам құқық қор­ғау органдарының, ең алдымен, поли­ция жұмысының түбегейлі жақсаруына мүд­делі. Оның нақты жолын Мемлекет басшысы өзі көрсетіп берді. Ол қандай жол?

«Жол картасы» қабылданады

Құқық қорғау органдарының жұмы­сына өзгерістер енгізу үшін Елбасы «Үкі­метке Президент Әкімшілігімен бір­лесіп, «Ішкі істер органдарын жаңғыр­ту жөніндегі жол картасын» қабылдауды тапсырамын», деді. Демек бұл жаңа да және құқық қорғау органдары жұмысын тү­бегейлі жақсартатын әлеуетті реформа де­ген сөз. Ал бұл реформалар 2019 жыл­­дың 1 қаңтарынан бастап жүзеге асы­ры­ла бастайды. Әрі жаңа, әрі әлеуетті ре­ф­ор­­­ма деп отырғанымыздың да өзіндік жөні бар. Өйткені қабылданатын ішкі іс­­тер органдарын жаңғырту жөніндегі жол картасында полиция жұмысына өз­ге­ріс­тер енгізу мен қызметкерлердің әлеу­­меттік мәселесіне басты назар аударыла­ды. Елбасы: «Біріншіден, Ішкі істер ми­нистрлігінің штатын оңтайланды­рып, по­лицияны өзіне тиесілі емес функ­­ция­­лардан арылту қажет. Үнемделген қара­жатты жалақыны көбейтуге, тұрғын үй және өзге де әлеуметтік мәселелерді ше­шу­­ге бағыттаған жөн», деді. Халық ара­­сын­­­да адам саны ең көп құрылым полиция еке­ні айтылып келе жатқаны рас. Осы орай­­­да құқық қорғау қызметкерлерінің бас­­­па­­на алуы, жалақы мөлшері көңіл көн­­шіт­­пей­ді. Ал Президент айтқандай, жаң­­ғыр­ту жөніндегі жұмыстар алдымен осы мә­­се­­ле­лерді шешуден басталса, қауіп­сіз­­дік­ті қам­тамасыз ету сапасы да артуы мүмкін. 

Осыған сай жеке құрамның штат са­нын қай­та қарап, 10%-ға қысқарту жос­­пар­­ла­нып отырған көрінеді. Бұл – шама­­­мен 9000 полиция және 1600 ҚАЖК қыз­­мет­кері. Үнемделген қаражат қызмет­кер­­лер­­дің лауазым­дық жалақысын арт­тыру­ға жұмсал­мақ. Алдағы уақытта жол-патрульдік полициясының саптық бө­лі­­­ніс­тері қызметкерлерінің, учас­келік по­л­и­ция инспекторларының және кә­­ме­­­лет­­ке толмағандар істері жөнін­дегі учас­­ке­лік инспекторлардың тұр­ғын үйді жалға алуы үшін өтемақы төлеу­ді қа­­рас­­тыру жағы да шешілмек. Б­ұдан өзге, реформалау аясында ІІМ-ді өзіне тән емес функциялардан босату, қыл­мыс­тық атқару жүйесін жаңғырту, аза­мат­тық қор­ғау органдары құрылымын жетіл­діру бойынша шараларды іске асы­ру көз­­делген. Бұл жерде мемлекеттік меке­­ме­лер­дің санын 54-тен 20-ға дейін оң­тай­­лан­дыру жос­парда бар. Сапаны арт­тыру мақ­сатында ведомстволық білім беру жүйесін реформалау және кадр­лар­­ды іріктеу жүйесін қайта қарау жос­парланған көрінеді.

Үздіктер ғана қызмет етеді

Елбасы Жолдауда екінші мәселе ретін­­де полиция қызметкерінің жаңа стан­­дартын бекітіп, мансаптық ілгері­лету, сондай-ақ полиция академиялары ар­қы­лы кадрларды даярлау мен ірік­теу жүйесін өзгерту керектігін алға қой­ды. Демек енді қызметкерлердің бәрі қай­та ат­тес­таттаудан өтіп, іріктел­генд­ері ғана, яғни олардың ең үздіктері қыз­ме­тін жалғастыратын болады. Бұл да қо­­ғам күткен өзгеріс болып тұр. Аза­ма­т­­тар­дың конституциялық құқын қорғауды нығайту қылмыстық-құқықтық жүйені кешенді реформалауға оң әсерін тигізді. Бұл құқық қорғау органдары қыз­метін одан әрі ізгілендіруге жол ашады. Соның бір айғағындай, «Қылмыстық, қылмыстық-процессуалдық заңдар мен құқық қорғау және арнайы органдар қызметін жетілдіру мәселелері бо­йынша кейбір заң актілеріне өзгеріс­тер мен толықтырулар енгізу» туралы заң жобасында қылмыстық процесті ізгілендіруге басымдық берілген болатын.

Бұл орайда, ең алдымен, қыл­мыс­тық-құқықтық жүйенің тек айып­тау мен жазалау бағытынан нақты құқық қорғау бағы­тына ауысқаны көңілге қуаныш ұялатады. Бұл заң жобасындағы екінші бағыт – ішкі істер органдарының қызметін жетілдіру. Ең алдымен ішкі істер департаменті мен жергілікті полиция қызметі базасы негізінде Ішкі істер министрлігінің об­лыс­тық полиция департаменттері құ­рылды. Ал жергілікті полиция қыз­меті бұрынғы міндеттері мен функция­ларын сақтай отырып, құрылымдық бөлімше құқығымен олардың құрамы­на енгізілді. Яғни әкімдерге полиция департаменттерінің бастықтарын қызметіне тағайындау және босату (Ішкі істер министрінің ұсынуы бойынша) құқығы және полиция органдарының алдына полицияның жедел-іздестіру және процессуалдық қызметіне араласусыз, құқықтық тәртіп пен құқық бұзушылықтар профилактикасын қамтамасыз ету бойынша міндеттерді қою өкілеттіліктері беріл­ді. Сондай-ақ жергілікті әкімдердің қолдауымен сер­жант­тық лауазымдарды офицерлік лауа­зым­дарға ауыс­тыру шаралары кезең-кезеңі­мен жүргізілуде. Қазір 3 мыңнан астам лауазым офицерлікке ауыстырылған. Бұл жұмыстар әзірге 3 өңірде толық аяқтал­ған көрінеді. Бұл мәселені шешу полиция қызметкерлерінің еңбек­ақысын көтеріп қана қоймай, кадр құ­рамының сапасын жақсартуға, кадр тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүм­кіндік береді екен.

Полиция жұмысы үнемі бақыланады

Халықпен жұмыс істеуде полиция қара­байыр амалдардан арылып, зама­науи жаңа форматтарды игергені дұрыс. Жол­дауда Елбасы үшінші мәселе ретінде осыны айтты. Яғни ішкі істер органдарына «халықпен жұмыс істеудің жаңа заманауи форматтарын енгізіп, полиция­ны бағалаудың критерийлерін түбегейлі өзгерткен жөн», деді. Сондықтан да полиция жұмысын сервистік модельге көшірудің маңызы зор. Ол үшін Елбасы қалалық және аудандық ішкі істер органдары жанында Халыққа қызмет көрсету орта­лықтарының қағидаты бойынша азаматтарды қабылдау үшін қолайлы жағ­дай жасау қажеттігін қатаң тапсырды. Сөйтіп еліміздің бүкіл қалалары қо­ғамдық қауіпсіздікке мониторинг жүр­гізу жүйелерімен жабдықталуы да полиция жұмысын жақсарта түседі. Сонда ғана қоғам тарапынан берілген сенім деңгейі және халықтың өзін қауіпсіз сезінуі полиция жұмысын бағалаудың негізгі өлшеміне айналмақ.