Жетпіс жыл жетекте жүріп, мызғымастай болып қалыптасқан контейнерлік білім беру үрдісі жас тәуелсіз мемлекет өмірінің талаптарына жауап бере алмайтынын анық түйсінген Елбасы әлемнің озық тәжірибесін бойына жинақтаған жаңа форматтағы мектеп ашуға тапсырма берді.
Қазіргі таңда заман талабынан туындаған осы бір қажеттілікті 100 пайызға өтеп, қоғам алдында өз артықшылығын толығымен мойындатқан Назарбаев зияткерлік мектептері он жылды артқа тастап үлгерді.
Менің Назарбаев зияткерлік мектептер жүйесіне келіп еңбек еткеніме бес жылдың жүзі болды. Осы бес жыл он жеті жыл педагогикалық жұмыс өтілімімдегі ең жарқын кезең болғанына бек сенімдімін. Оқушыны командада жұмыс істеуге, оның сыни ойлау қабілетін дамытуға, өз білімі үшін жауапкершілігін арттырып, бағалау критерийлерін мұғаліммен бірге құруға, алған білімін іс жүзінде қоғам игілігіне пайдалануға мүмкіндік беретін бұл білім платформасы тәуелсіз еліміздің даму талаптарына жауап беретін озық үлгідегі оқу үрдісі екені шүбәсіз.
Биылғы Елбасы Жолдауында мектеп білімін реформалаудың қорытынды кезеңі үшін Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқыту жүйесі мен әдістемесі мемлекеттік мектептердің бірыңғай стандартына айналуы тиіс екені баса айтылды. Мен Елбасының ұсынысын толық құптаймын және өз тарапымнан Назарбаев зияткерлік мектептерінің тәжірибесін мемлекеттік білім беру үлгісіне айналдыруға бар күш-жігерімді жұмсауға дайын екенімді жеткіземін. Біз, Назарбаев зияткерлік мектептерінің мұғалімдері, еліміздің жалпы білім беру үдерісін жаңа форматқа көшіруге белсенді түрде атсалысуымыз керек. Яғни дербес мемлекетіміздің жарқын болашағына жеткізер жолдағы еңбек майданының нақ ортасынан табылсақ, құба-құп. Бұл ретте нақты қадамдарды кезең-кезеңімен жүзеге асыра отырып, Назарбаев зияткерлік мектептері мұғалімдерінің рөлі айқындалатынына, оларға тәжірибесін бөлісуге мүмкіндік берілетініне қуаныштымын.
Индира НАБИОЛЛАҚЫЗЫ,
Астана қаласындағы халықаралық мектептің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі