Замандарда ойлау жүйесі бұзылған. Содан адамзат санасына қателіктер сіңісіп, қоғамды саяси, әлеуметтік, экономикалық, рухани дағдарыстарға жеткізуге бастамашы болған. Хакім Абайдың «Қайғы шығар ілімнен» дегені осы. Ілімшілер саф ойды бұзушылар. Жалған қағида жасаушылар, адамзатты адастырушылар. Соның нәтижесінде қазіргі әлемдік жағдай орын алған. Тағы да алапат қасірет – соғыс өрті тұтану қаупі барын жүрегінің сезімі, көңілінің көзі бар жандар аңғаруда.
Ой түбі – ниет. Ойлауды бұзу – ниетті бұзу. Ойлаймын, сонда бізден не кінә? Өз қатарымызбен мектепке бардық. Оқытты, үйретті, тәрбиеледі. Оқытқанын, тіптен, дұрыс-ақ десек, үйреткені теріс, тәрбиесі қате болды. Пионер бол деп үйретті, ол дұрыс па еді? Құдайға, халық дәстүріне, би, молда, төре, бай, хан дегендерге қарсы шық деді. Біз көндік, санамызға салдық, осындай теріс түсініктерді білім дедік. Одан не шықты? Қателікке толы өмір тәжірибесі қалыптасты. Теріс тәжірибе насихатталып ән, өлең, поэма, роман жазылып, кинофильмдер қойылып, сезім-түйсік-санамызды жаулады. Иә, дәл солай болды, құрдастарымның ойлау жүйесі теріс бағыт алды. Бірақ мұның бәрі дұрыс делінді. Орта мектепті аяқтап, арман қуып, қиялдап, жоғары оқу орындарына білім алу жолына түстік. Бағыт дұрыс. ХІ ғасырда Жүсіп Баласағұн: «Құт негізі – білім» деп айтқан екен. Жастар жаппай білімге ұмтылдық. Бірақ тағы алдымыздан теріс оқу басталды, бәріне тоқталмай-ақ қояйық, өзім білетін, өмірлік кәсібіме айналған ойлау жүйесі «философия» туралы баяндайын.
Философия, мен ерекше қызығып оқитын пән. Оның тарихы сонау антикалық дәуірден бастау алған. Ертеде еміс-еміс естіген Сократ, Платон, Аристотельдер атақты философтар екен. Мұндай ойлау жүйесі көне Үнді, көне Қытай, көне Египет елдерінде болған көрінеді. Бергіде немістің классикалық философиясы, оның әйгілі өкілдері: Кант, Фейербах, Гегель дегендер, одан бергідегі дөйлер: Карл Маркс, Фридрих Энгельс, Ленин, т.б.
* * *
Философия қызық деген идеямен тәуелсіздік жылдарына жеттік. Алайда, философияның таза ойлау жүйесі екеніне күдік енгелі қашан, күдікті сейілту үшін оның орнына жүйелі білім қажет, оны қайдан алмақпыз? Философияға күдік, оның табиғатындағы атеистік сарынға қатысты еді. Философия білімінде Жаратушы деген идея жоқ, бәрі өздігінен жаралатын жаратылыс. Осылай болған соң, философияда дін мен ғылым бір-бірімен үйлесім таппаған, кереғар ұғымдар. Бұл қалай деп қоямын. Отбасы тәрбиесінен дінге жақын болғандығымнан дінді ханталапай қылғанды құптамаймын. Философтар дін, діндер дегендердің тас-талқанын шығаруда. Осы халды кемеңгер Мұхтар Әуезов «Абай жолы» романында Абай ойы арқылы тамаша бейнелеген. Абай түсінігінде философтар құдайсыздар. Осы жағдай маған аса әсер етті. Неге дейсіз ғой... Философия ғылымдарының докторы атану үшін «Абай дүниетанымындағы Алла мен Адам болмысы» деген диссертация тақырыбын таңдадым да, 1994 жылы «Философиялық антропология және теология» мамандығы бойынша докторлық диссертация қорғадым. Осы кезден отандық ғылымда «Қазақ философиясы» ұғымы қалыптаса бастады. Философия институты ұжымының басым көпшілігінің қазақ философиясы дегенге қаны қас. Олар маған әлденеше рет: «Ғарифолла, қазақ философиясы, қазақша ойлау деген болмайды, олай деу ұят болады», деп мені ұялтқан болды. Не деуге болады? Өздері қазақ бола тұра қазақша ойлау деген жоқ дейді. Сонда хакім Абай ойы қазақша емес пе? Әлеуметтік, қоғамдық, рухани тәжірибе Карл Маркс ілімінің терістігін айқындап берді. Тәуелсіз мемлекеттер туын тіге бастады. Тәуелсіз ой оянды, басқаша да ойлау жүйесі бар-ау деген сана бой көтерді. Осы бағытта мен 1994 жылдан бастап «Сана болмысы» деген авторлық жоба бастадым, бүгінде «Сана болмысының» он сегізінші кітабы жарыққа даярлануда.
* * *
Ойлау жүйесіне қатысты қателіктің мәнісі неде дегенге келсек, біздің «философия» деп жүргеніміз, қайта зерделеп қарастыруды қажет ететін ұғым екен. Философия гректің «филео» – сүйемін, «софия» – даналық деген екі сөзінен шыққан деп студенттерді оқытып келдік, әлі де айтудамыз және оны тұңғыш айтқан Пифагор дейміз. Кім білсін? Солай ма, жоқ па, әйтеуір айтып, жазып келеміз. Енді күдік қоюланды.
Сонда философия мен pálsapa-ның айырмашылықтары неде? Бүгінге дейінгі барша философиялық оқулық, сөздіктерде және өзге де әдебиеттерде pálsapa гректің философия сөзінен шыққан, соның арабша аудармасы делінуде. Түбірімен теріс пікір. Назар салыңыз, pálsapa деген екі лексикалық компоненттен құралған пәл+сафа. «Сафа» арабтан қазаққа енген сөз – сапа. Енді қараңыз, философия дегеннің бойында «сапа» деген түсінік жоқ қой.
Араб ойшылдары гректің «философия» дегенінен өзге ойлаудың жаңа, тың жүйесін жасаған.
Pálsapa-да дін мен ғылымның арасында қайшылық жоқ. Бұл бір. Екіншіден, pálsapa-да теология мен pálsapa арасында қайшылық жоқ. Философияда дін мен ғылымның арасында қайшылық болды. Философияда сенім мен танымның арасында қайшылық болды. Философияда сезім мен сананың арасында қайшылық болды. Философияда сезім мен ақылдың арасында қайшылық болды. Философияның өзегі қайшылық. Pálsapa-да қайшылық жоқ, түсінік және түсіндіру бар.
* * *
Осы айтқандардың теориялық принципі: Жаратушы – абсолют. Ұлы. Абсолютті тану мүмкін емес, бірақ біз абсолютті Жаратушы деп тұрмыз. Егер абсолют Жаратушы болса, заңды сұрақ туады. Жаратушы нені жаратты? Жаратушы абсолют болғандықтан, дүниені тегіс жаратты. Дүниенің заңдылықтары бар, олар: физикалық, химиялық, биологиялық, математикалық, медициналық, әлеуметтік, т.б. Осы тегіс дүниенің заңдарын біз білмекпіз, танымақпыз және өзіміздің тұрмысымызға қолданбақпыз. Бұл деген сөз ғылымдарды қалыптастыру, оны кемелдендіру, сол білім мен ғылымның нәтижесін тұрмыста қолдану, оны технология дейміз. Технологияның сатылары, дәрежелері бар. Қазір айтып жүрген IT технология, индустриялық өндіріс, т.б. бәрі де осы Жаратушының жаратқандарын білуге қызмет ететін істер. Біздің, яғни адамдардың ғылымы және технологиясы күннен-күнге күрделеніп толыса, кемелдене берген сайын біз Жаратушы деген идеяға жақындай береміз. Міне, pálsapa-ның басты принципі.
Сонда философия деген қайда қалмақ. Ешнәрсе бүлінген жоқ. Әр жердің өз ағашы бар дегендей «философия» Батыстың ойлау жүйесі, ойлау мәдениеті.
Pálsapa әу бастан мұсылмандық дүниетанымнан өсіп-өркендеп шыққан ойлау мәдениеті.
* * *
Философия деген ұғым көне заманнан бері деген даулы тезис. Антикалық заманда философия емес, софистика, софизм дегендер болған. Ол қараны – ақ, жақсылықты – жамандық деп тапжылтпай дәлелдеп беретін ойлау тәсілі болған, ол жаңа Еуропа заманында «диалектика» деп аталды.
Еуропада орта ғасырда схоластика деген болған.
ХVІІІ ғасырға дейін біздің философия деп жүргеніміз өз атымен метафизика деп аталып келді. Огюст Конт осы метафизикаға қарсы шығып, өзінің позитивизмін ұсынған.
Ал pálsapa болса, Х ғасырдан бері аталып, айтылып, жазылып, зерттеліп келуде.
* * *
Философия жаңа заманда (XV ғ.) таза христиандық ойлау жүйесі болып, толыға берді. Неміс философы Карл Ясперс былай деген: «Библия и библейская религия являются основой нашего философствования, дают нам постоянную ориентацию и служат источником незаменимого содержания. Философствования Запад – признается это или нет – всегда связано с Библией, даже тогда, когда оно борется с ней». Сондықтан, философия деген ұғымды христиандық мағынасынан шығарып, заманында Аристотель айтқан негізге салған жөн болар. Ол ғылымға физикаға дейінгі «алғашқы философия» (теология) және физикадан кейінгі «метафизика» деген ұғымдар енгізген. Ол жөнінде өзінің «Метафизика» еңбегінің алтыншы кітабына жазып кеткен.
* * *
Pálsapa тарихы әл-Киндиден басталып, қазіргі заманға жеткенін айтпақпыз. Демек, pálsapa-ның типологиясын белгілеу қажеттілігі бар. Осы тұрғыдан оның төрт тарихи-мәдени кезеңін белгіледік.
Бірінші кезең. Бағдат халифатына қатысты, әл-Кинди, «Таза ағайындар» еңбектеріне байланысты қарастырылатын тарихи-мәдени кеңістік.
Екінші кезең. Халифаттан өзге мұсылман мемлекеттерінің пайда болуына байланысты ислам мәдениеті Аравиядан тыс аймақтарда гүлдене бастады, соның бір көрінісі – Орталық Азия мен Қазақстан аумағында ерекше түрде дамыған pálsapa, оның өкілдері: әл-Фараби, Ибн Сина, Омар Хаям, Аттар, әл-Ғазали, т.б. Бұлар парсы-түркі жұртының ойшылдары.
Үшінші кезең. Мұсылман Испаниясындағы Еуропалық pálsapa-ның тарихи-мәдени кеңістігі, оның өкілдері: Ибн Бадж, Ибн Туфейл, Ибн Араби, Ибн Рушд.
Төртінші кезең. Түрік-қазақ ойшылдары: Қорқыт, Қожа Ахмет Яcауи, Жүсіп Баласағұн, Абай, Шәкәрім.
Сонымен, pálsapa төрт географиялық аймақта өніп-өсті.
* * *
Pálsapa-ның да, философияның да тірек етіп отырғаны негізінен бір адам, ол – Аристотель. Pálsapa-ның көрнекті өкілдері: әл-Кинди, әл-Фараби, Ибн Сина, Ибн Баддж, әл-Туфейл, Ибн Рушд. Бұлар Аристотель философиясын араб тіліне аударып, оған герменевтикалық талдау жасаған ғұламалар. Яғни олар «ұмыт» болған Аристотель еңбектерін Ренессанстық деңгейге көтерушілер. Әрине, бұл ғұламалардың бәрі Аристотельді мұсылмандық негізде түсінген, әрі түсіндірген. Сондықтан оларды Шығыс перипатетиктері дейді. Сонда Шығыс перипатетиктерін біз pálsapa-шылар деуімізге әбден орынды. Бұлардың тарихи қызметі Еуропаға грек философиясын жеткізу әрі түсіндіру еді. Сол мақсат орындалды, содан барып Батыс Еуропа философиясы қалыптаса бастады, ол Фома Аквианттан бастау алды, яғни Аристотель енді христиандық дүниетанымға орай (сай) түсініле бастады. Алдымен богословиялық (Құдай туралы ілім), теологиялық мәнде, содан кейін Аристотель зиялы философтар көзқарасымен оқыла бастады. Ол жаңа заман үлесіне тиді. Бұл қызмет, жоғарыда айтқандай, Ф.Бэконнан басталып, Б.Спинозаға дейінгі аралықты алды. Сөйтіп Батыс Еуропада ойлау жүйесінің жаңа түрі қалыптасты. Біздің бүгінге дейін жоғары оқу орындарында оқып келген біліміміз осы христиандық менталитетке, дүниетанымға негізделген философия.
* * *
Батыс Еуропа ойшылдары теология мен философияны бір-бірінен ажыратуға қаншама талпынғандарымен, Мераб Мамардашвили айтқандай: «Классическую европейскую культуру, т.е. ту, что складывается к началу ХVII века на гребне возрождёнческого подъема, можно определитъ как культуру христианскую». Сондықтан да Еуропада араб тіліндегі ойлау жүйесін, яғни pálsapa-ны бағалау христиандақ дәстүрде болып отырды. Басты мәселе – Платон мен Аристотельді араб pálsapa-шыларының түсінігінен тазартып, олардан христиандық дәстүрдегі ойшылдар жасау мақсаты тұрды. Осындай сыңаржақ көзқарасты Рене Генон өзінің «Еуропаға ислам өркениетінің ықпалы» деген еңбегінде сынға алған.
* * *
Бағдат халифатында X ғасырдың екінші жартысында Басра қаласында діни pálsapa-лық бірлестік өмір сүре бастады. Мұны тарихшылар «Таза ағайындар» бірлестігі деп, арабша оларды «Ихван ас-сафа» деп атаған. «Ихван ас-сафа» туралы толығырақ мәлімет Е.Бертельстің «Суфизм және суфистік әдебиет» кітабында да берілген. Онда өздерін «таза ағайындар» деп атаған бұл топ бес адамнан (бізге белгілісі. – Ғ.Е.) құрылған, олар: әл-Мукаддаси, аз-Занджани, әл-Михраджани, ал-Ауфи және Зейд бну Рифаа (немесе Зайд ибн-Руфа’а). Соңғысы осы топтың рухани жетекшісі деген мәлімет сақталған. Бұлар өздерінше энциклопедиялық білім жүйесін жасаған. Олардың мақсаты: Исламға еніп кеткен коқыстарды «Pálsapa арқылы тазарту». Байқап отырсыз, мақсат өте биік. Демек, ол кезде бұл «ағайындар» әлемдік білім жүйесінің методологиялық мәселелерін меңгергені аңғарылады.
* * *
Pálsapa – таза ойлау жүйесі, сапалы ой. Мұнда дін мен ғылым үйлесім тапқан. Мұқағали ақынның «дін ғылымның анасы» деген метафорасы шындыққа икемді айтылған сөз. Pálsapa – әлемдік гармонияны насихаттайтын таза экологиялық ойлау. Тазалық басы Жаратушыдан. Альберт Эйнштейннің діни сезімі болмаған адамнан ғұлама ғалым шықпайды дегені де осы мәнде айтылса керек.
* * *
Философия болса христиандық дүниетанымға негізделіп құрылған, бірақ келе-келе құдайсыз ойлау жүйесіне айналған еуропалық ойлау мәдениеті. Бұл ойлау жүйесі Бертран Расселдің «История Западной философии» деген көлемді еңбегінде жан-жақты баяндалған. Біз осы ойлау мәдениеті шеңберінде ғана болып келдік, оны ғылыми тілде еуропацентризм деп те атайды. Әрине, еуропа дүниетанымын, философиясын білім ретінде білуіміз керек, онсыз қазіргі заманға сәйкестік болмайды. Демек, қазіргі философия пәнінің бағдарламасына осы айтылған дилемманы ескере отырып, ұсыныс-өзгерістер енгізуіміз қажеттілік.
Мұндай үрдіс түрік, әзербайжан, өзбек, түркімен, тәжік ағайындарға енген, олар өздері оқитын ойлау жүйесін Pálsapa не Fálsapa дейді. Бұл араб елдеріне де тән, олар Fálsapa дейді.
Біз де ойлануымыз керек!
Ғарифолла ЕСІМ, академик