Қостанайда жол-көлік оқиғасының деңгейі төмендеуінің бір себебін полицейлер өңірдегі жүргізушілер сауаттылығының жоғарылауынан деп отыр. Автоәуесқойлар көлікті ұқыпты жүргізумен қатар, жол үстінде жүргіншілерге басым назар аударуды әдетке айналдырып келеді. «Жол қозғалысының қауіпсіздік апталығы» акциясы кезінде тәртіп сақшылары осындай жол қозғалысына байыппен, жүргіншілерге құрметпен қарайтын, жол қозғалысында ешқандай ереже бұзбаған, ескерту алмаған жүргізушілерге сый-сияпат көрсетті.
Полиция майоры Елена Мағасумованың айтуынша, «Қауіпсіз жол» шарасы жоп апатының алдын алуды ғана емес, жүргізушілердің, автоәуесқойларының жол қозғалысы мәдениетін көтеруді де мақсат тұтыпты.
«Жыл басынан бері жүргіншілердің де қатысуымен өңірдегі қалаларда 141 жол-көлік оқиғасы орын алды, одан 19 адам қаза болып, 129 адам жарақат алды. Статистика бойынша, қаладағы әрбір екінші жол-көлік оқиғасы жүргіншілердің қатысуымен орын алады. Жол апаты көбіне жүргіншілер көп жүретін, реттелмейтін бұрылыстарда болады. Ал мұндай жердерлерде жүргізушілерге өте абай болу керек» дейді Елена Мағасумова.
Полицейлер көлігін ақырын жүргізіп, абайлап өтетін жүргізушілерді Қостанай қаласындағы ең қауіпті деген Алтынсарин және Толстой көшелерінің бұрылысында тұрып марапаттады. Оларға жол қозғалысы ережелері жазылған буклеттер тапсырды.
«Мен үшін бұл күтпеген сый болды. Мен оншақты жылдан бері көлік жүргіземін, қазір «Фольксваген» машинасын айдаймын. Мен қаланың тар көшелерінде ережені айырықша сақтауға, жүргіншілерді алдымен өткізіп жіберуге тырысамын. Ережені сақтау, сыпайы болу – әр жүргізушінің міндеті, борышы. Рульде отырып, ұқыпты болмаудың соңы орны толмас өкініштерге ұрындыруы мүмкін, соны әркім түсінуі тиіс» дейді жүргізуші Ерік Есмағанбетов.
Нәзира Жәрімбет,
«Егемен Қазақстан»
Қостанай