Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында Жаңақорған ауданының Сүттіқұдық ауылдық округінде және Шиелі ауданының Гигант ауылында жаңа спорттық-сауықтыру кешендері салынды.
Бүгін Жаңақорған ауданында 150 орындық спорттық-сауықтыру кешенінің ашылу рәсімі өтті.
Жаңа спорт кешенінде 13 адам жұмыспен қамтамасыз етілді. Мұнда еркін күрес пен әйелдер күресі, тоғызқұмалақ, бокс, гандболдан жаттығулар өткізіледі.
Осы күні Шиелі ауданы Гигант ауылдық округінде "Бастау" жастар сауықтыру кешені пайдалануға берілді.
"Денi сау ұрпақ - ел болашағының кепiлi. Елбасымыздың дәстүрлi Жолдауларында бұқаралық спортқа, салауатты өмiр салтын қалыптастыруға басымдық берiлiп келедi. Бұл күн барша спорт сүйер қауым үшін, оның ішінде жастар үшін ең қуанышты күннің бірі деп есептеймін. Өйткені, ауданда алғаш рет жабық жүзу бассейні ашылуда», - деді аймақ басшысы.
Айта кетейік, екі жыл ішінде аймақта 16 спорт ғимараты іске қосылды, оның 9-ы МЖӘ бойынша және 7-і облыстық бюджет есебінен салынды.
Бүгінде Қызылорда облысында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында құны 34 млрд. теңге болатын 75 жоба жүзеге асырылуда, олар - денсаулық сақтау, спорт, білім беру, цифрландыру және тұрғынүй коммуналдық кешенін жаңғырту саласындағы жобалар болып табылады.