Жексенбі күні Алматыда допты хоккейден әлем чемпионаты басталды
Жексенбі күні түс ауа командалар өз топтарындағы алғашқы ойындарын өткізді. «Медеу» мұз айдынында өткен алғашқы матчта Қазақстан құрамасы Норвегия құрамасымен кездесіп, 10:1 есебімен ұтты. Ұлттық құраманың жігіттері Норвегияға қарсы барын салмаса да мүмкін болған жағдайдың бәрін пайдалануға ұмтылды. Команданың бас бапкері Александр Никишов та құраманы жасақтағанда Ресей клубтарында ойнайтын отандастарымызды бекер алдырмағанын көрсетті.
Жексенбі күні Алматыда допты хоккейден әлем чемпионаты басталды
Жексенбі күні түс ауа командалар өз топтарындағы алғашқы ойындарын өткізді. «Медеу» мұз айдынында өткен алғашқы матчта Қазақстан құрамасы Норвегия құрамасымен кездесіп, 10:1 есебімен ұтты. Ұлттық құраманың жігіттері Норвегияға қарсы барын салмаса да мүмкін болған жағдайдың бәрін пайдалануға ұмтылды. Команданың бас бапкері Александр Никишов та құраманы жасақтағанда Ресей клубтарында ойнайтын отандастарымызды бекер алдырмағанын көрсетті. Расын айтқанда, қазір командамызға дем беріп, оның ойынын ұршықша үйіріп жүрген сол хоккейшілердің арқасында еліміз Ресей, Швеция, Финляндия сияқты азулы елдермен иық теңестіріп, жүлделі орындарға таласуға мүмкіндік алып отыр.
Сол хоккейшілердің ішінде қазір біздің құрамада мына ойыншылар өнер көрсетіп жүр. Қақпашылар: Андрей Рейн («Динамо» Мәскеу), Александр Косынчук («Динамо» Қазан). Қорғаушылар: Михаил Добрынин («Волга» Ульяновск), Денис Максименко («Старт» Төменгі Новгород), Андрей Веселов ( «Байкал-Энергия» Иркутск), Сергей Горчаков («СКА-Нефтяник» Хабаровск). Жартылай қорғаушылар: Евгений Шадрин («Байкал-Энергия» Иркутск), Леонид Бедарев пен Руслан Галяутдинов (екеуі де «Старт» Төменгі Новгород), Андрей Мороков («Ветланда» Швеция), Денис Слаутин («Динамо» Қазан), Дмитрий Завидовский («Енисей» Красноярск), Вячеслав Маркин («СКА-Нефтяник» Хабаровск). Шабуылшылар: Рауан Есәлиев («Старт» Төменгі Новгород), Александр Насонов («Байкал-Энергия» Иркутск), Вячеслав Бронников («Родина» Киров), Сергей Почкунов («СКА-Нефтяник» Хабаровск). Қосалқы ойыншылар: Ескендір Нұғманов пен Нариман Тақыров (екеуі де «Ақжайық» Орал).Осы тізімде Ескендір Нұғманов пен Нариман Тақыровтың ғана Оралдың «Ақжайық» клубында ойнайтынын көруге болады. Оның өзінде олар ұлттық құраманың қосалқы құрамына тіркелген. Басқаларының бәрі сыртта өнер көрсетіп жүрген отандастарымыз. Соның ішінде Рауан Есәлиев те бар. Бұл жағдайдың себебін айтып жату артық болар. Өйткені, біздің елде Орал қаласынан басқа допты хоккейді дамытып жатқан өңірлердің жоқ екенін мойындауымыз керек. Осыған қарап енді біздің Қазақстан құрамасының Ресейден алдыртқан хоккейшілердің арқасында болса да өз елімізде өтіп жатқан әлем чемпионатында жүлделі орындарға таласатынына сенгіміз келеді. Ал бұл жүлделі орындарға бізден басқа Ресей мен Швеция құрамаларының күресетіні сөзсіз. Бұл екі құрама әлем чемпионатындағы алғашқы ойындарын да жеңіспен бастады. Жеңіспен болғанда ірі есеппен жеңіске жетті. Ресейліктер АҚШ командасымен кездесіп, 19:3 есебімен ұтса, Швеция мен Финляндия арасындағы ойын 12:0 есебімен бітті. Бұл екі құраманың бізбен бірге бір топта ойнайтыны белгілі.Кеше кешкісін Қазақстан құрамасы АҚШ-пен кездесті. Бүгін Ресей командасымен ойнаса, 2 ақпан күні Финляндия хоккейшілерімен күш сынасады. Содан кейін командалар 4 ақпан күні жартылай финалда жолығады.Жалпы, әлем чемпионатында еліміз құрама командасы екі рет жүлделі орынға ие болған. Осыған дейін ұлттық құрамамыз 2003 және 2005 жылдары қола медальді иеленген. Ал бізден басқа елдер ішінен 1957 жылдан бері өткізіліп келе жатқан әлем чемпионатында КСРО/Ресей 20 рет, Швеция 10 және Финляндия бір рет чемпион атанған. Бұдан басқа КСРО/Ресей 9 күміс, 2 қола, Швеция 14 күміс, 7 қола жүлдені иеленсе, Финляндия 1 күміс, 19 қола медальға қол жеткізген. Ал Норвегия болса 1 күміс, 1 қола жүлдені жеңіп алған.Дастан КЕНЖАЛИН.