Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары Бектас Бекназаров бастаған қазақстандық делегация 15-16 қараша күндері Дубайда өткен Дүниежүзілік төзімділік саммитіне қатысты, деп хабарлайды Сенаттың баспасөз қызметі.
«Плюрализмнің көмегімен өркендеу: инновациялар мен ынтымақтастық арқылы алуан түрлілікті қолдау» тақырыбындағы форум жұмысына үкімет, заң шығару органдарының басшылары, халықаралық, үкіметтік емес және діни ұйымдардың өкілдері қатысты. Қазақстандық делегация құрамында сенатор Мұрат Бақтиярұлы және қоғамдық даму министрінің орынбасары Берік Арын болды.
Саммит барысында төзімділік мәселелерінің әртүрлі көріністері жан-жақты қаралды. Сөз алғандардың басым бөлігі сапалы білім беру бағдарламалары, сондай-ақ отбасындағы тәрбие арқылы жастарды тәрбиелеу және олардың бойында төзімділік құндылықтарын дамытудың маңыздылығын атап өтті. Сарапшылар аталған саланың қызметі бағдарламалық және кешенді сипатта болып, барлық мемлекеттердің үкіметтері үшін басым саланың бірі болуы керек деген ортақ пікірге келді. Сонымен қатар, мемлекеттік және қоғамдық құрылымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының мүмкіндіктері мен әлеуетін пайдалану қажеттігі де айтылды.
Қатысушылар әртүрлі деңгейде бірегей тәжірибелердің жинақталғанын және оны біріктіру әрі үйлестіру керектігін де атап өтті. Төзімділікті ілгерілетуге, соның ішінде дінаралық және этносаралық даулардың, сондай-ақ экстремизм мен радикализмнің алдын алуға бағытталған ұлттық және халықаралық шараларға бағдарлану қажеттігі де бірнеше мәрте аталып өтілді. Шара барысында түрлі қауымдастықтар арасындағы мәдениетаралық байланыстар мен халықаралық қатынастарды дамыту, адам құқықтарын қамтамасыз ету аясында діни, нәсілдік, этностық және басқа да белгілер бойынша кемсітуге жол бермеу туралы айтылды.
Қабылдаушы тарап өкілдері халықаралық қоғамдастыққа Біріккен Араб Әмірліктерінде құрылған еңбек, білім беру, діни, пенитенциарлық және басқа да түрлі салаларда төзімділікті қолдау мен күшейту институттары мен тетіктері туралы жан-жақты хабардар етті. Сондай-ақ, төзімділік пен қоғамдық келісімді қамтамасыз етуде қол жеткен жетістіктері мен тәжірибесін бөлісуге әзір екенін білдірді. Әртүрлі 200 этнос өкілдері тұрып жатқан Араб Әмірліктері ел экономикасының және халықтың әл-ауқатының дамуына ықпал ететін өзіндік төзімділік үлгісін қалыптастырды деп айтуға болады.
Дүниежүзілік төзімділік саммиті мазмұнды әрі жоғары ұйымдастырушылық деңгейінде өтті. Көптеген қатысушылар, соның ішінде Қазақстан делегациясы да осы форумды әлемдік деңгейдегі тұрақты үнқатысу алаңына айналдыру туралы ойларын білдірді.
Саммит аясында Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары Бектас Бекназаров БАӘ Ұлттық федералдық Меджлісінің төрағасы, доктор Амаль әл-Кубейсимен кездесті. Тараптар екіжақты қатынастардың жай-күйін оң бағалады және парламентаралық дипломатияны одан әрі дамытуға сенім білдірді.