• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
04 Ақпан, 2012

Біз күткен жеңіс

313 рет
көрсетілді

Біз күткен жеңіс

Швеция мен Ресей құрамаларымен кездескеннен кейінгі сәт­сіздіктің орнын толтырып, допты хоккейден Қазақстан құра­масы Финляндия командасын айқын басымдықпен ойсырата ұтты. Жүлделі орынға ғана емес, қазақстандықтардың бұл жеңі­сі әлемдік қысқы спорт түріне өзіндік ойын өрнегі бар жаңа команданың келгенін де байқатып тастағандай.

 

Швеция мен Ресей құрамаларымен кездескеннен кейінгі сәт­сіздіктің орнын толтырып, допты хоккейден Қазақстан құра­масы Финляндия командасын айқын басымдықпен ойсырата ұтты. Жүлделі орынға ғана емес, қазақстандықтардың бұл жеңі­сі әлемдік қысқы спорт түріне өзіндік ойын өрнегі бар жаңа команданың келгенін де байқатып тастағандай.

Көрерменнің күпті көңілін қа­зақстандық құрама ойынның ал­ғашқы минуттарында-ақ жадыратып жіберді. Рауан Есәлиевтің әдемі пасын ұтымды пайдаланған Андрей Мороков матчтың бесін­ші минутында есеп ашып, тұң­ғыш допты қақпа торына тоғы­тып үлгерді. Қарсыластар қанша­лықты ойын тізгінін қолға алуға ұмтыл­ғанымен, 12-ші минутта Александр Насонов шығарған допты Вячеслав Маркин іліп алып, фин қақпасына сүңгіте білді. Фин­ляндия құрамасының мергені Рутконен соққан қарсыластардың ал­ғашқы голы біздің жігіттердің жігерін жанығандай әсер етті. Тартысты сәттің бірінде финдер тарапынан ойын ережесі бұзы­лып, төреші 12 метрлік айып добын бел­гіледі. Оны Насонов шебер орын­дап, есепті 3:1 етіп жаңалады.Ойынның 31-ші минутында Евгений Шадриннің соққан төр­тінші голы Алексей Никишов жаттықтыратын құрама айдын­дағы ойынның тізгінін өз қолына алғанын анық танытты. Көк мұз­дың үстінде көркем ойын көрсете білген Сергей Почкунов үш бірдей фин ойыншысынан сытылып шығып, Леонид Бедаревке әдемі мүмкіндік шығарды. Гол! Есеп – 5:1.Екінші таймда біздің жігіт­терге қарсы ойын ережесі бірша­ма бұзылумен болды. Бәлкім қар­сыластардың жүйкесі сыр берсе керек, әйтеуір біздің Бедаревке қарсы жіберілген тәртіпсіздік үшін төреші екі рет айып добын тағайындады. Оның бірін Бронников сәтті пайдаланғанымен, екін­ші 12 метрлікті Почкунов соға алмады. Нұғманов пен Шадриннің шеберлігі арқасында электронды тақтадағы көрсеткіш 8:1 болған еді. Төреші ойын ере­жесі бұзылған соң, Қазақстан құрамасына қарсы 12 метрлік айып добына шешім шығарды. Финляндия құрамасының сұрмер­гені Луккарила мүмкіндікті қалт жібермей, біздің қақпаның ашық тұсын дәл көздей білді. Луккарила мықты екен, 70-ші минуттың басында Оксанен шығарып берген допты біздің қақпаға қапысыз соғып, өз қоржынын толықтыра түсті. Есеп – 8:3.Ойынның 72-ші минутында өзінің әуелгі қателігін қайтар­ғандай болып, қазақстандық сұр­мерген Почкунов біздің абыройымызды асырған тоғызыншы голды соқты. Артынша ойын ережесі бұзылып, 12 метрлік айып добын Есәлиев керемет орындады. Рауан­ның бұл добы матчтың тағ­дыршешті соққысы болды. Соңғы минуттарда бұрыштан берілген доп­ты шеберлікпен біздің қақпаға фин Хауска сүңгітіп жіберген еді, алайда қазақстандық құраманың пешенесіне жазылған жеңіске оның әсері бола қоймады. Есеп – 10:4, Қазақстан – Финляндия кез­десуіндегі жеңіс біздің еншімізде.Жалпы, қос құраманың ара­сындағы ойындар тартысты өтеді. Олардың қола медаль үшін таласуы дәстүрге айналғандай. Ең көркем голдың авторы атанған Евгений Шадриннің ойынын атап өткен жөн. Бұл кездесуде Шадрин жарады.Алексей Никишовтың командасы 3 рет жеңіп, 2 рет жеңілді. Енді жартылай финалда Швециямен кездесу күтіп тұр. Бүгін «Медеу» мұз айдынында Ресей мен Финляндия кездеседі. Ал Қазақ­стан құрамасы, тағы да қайта­лайық, бұған дейін есе жіберген Швеция командасымен таяқ түйістіреді.Кеше әлем чемпионатында демалыс күні болды.Осы чемпионатта еліміз құра­масының кем дегенде қола жүл­дені иеленетіні сөзсіз. Ал Швеция құрамасымен өтетін кездесуде біздің Рауан Есәлиев бастаған жігіттер намысқа тырысып, же­ңіс­ке жетсе, бұл Қазақстанның әлем чемпионаты тарихындағы алғашқы күміс жүлдесі болады. Қазіргі кезде нақ осы Скандинавия елі мен Ресейдің бендиде дәурені жүріп тұр. Бұл екі құрама осы кезге дейін мүмкін болған барлық жүлделерді жеңіп алған командалар. Швеция құрамасы­ның бір өзі он рет әлем чемпионы болғаны белгілі.Сондай-ақ, бізге кеше қар­сылас болған Суоми елінің де доп­ты хоккейден үнемі жүлдегерлер қатарынан көрініп жүргені бел­гілі. Атап айтқанда, 2004 жылға дейін жүлдегерлердің жанында жүрген Финляндия құрамасы сол кезден бастап командалық ойын көрсетіп, қазірде қола үшін таласатын жағ­дайға жетіп отыр. Соңғы 8 жылда оның жұлдызды шағы туды десе болады. Бұл елдің допты хоккей­шілері Швецияда өткен доданы ұтып алды. Осылайша 31 рет жүл­де сарапқа салынған чемпионатта тек үш елдің құрамалары ғана құрмет тұғырының биік сатысынан көрі­не білді. Ең көп жеңімпаз атанған ел, әрине, КСРО болды. Кеңес Одағының спортшылары барлы­ғы 14 рет алтын жүлдені тісімен тістеп көрген екен. Бірақ, 1991 жылы Одақ тараған соң, оның жетістіктері Ресей құрамасына тиесілі делініп жүр. Өйткені, Ресей өздерін бендиден халық­аралық қауымдас­тықта КСРО-ның заңды мұрагері ретінде тіркеп қойған деседі. Ал сол солтүстік көрші­леріміз дербес ел ретінде 6 мәрте әлем чемпионы атанды.Қазақстан да бұл додада жүл­делі орындарға таласып жүрген командалардың бірі. Біздің елдің спортшылары ең алғаш 2003 жылы Ресейдің Архангельск қала­сында өткен жарыста қола жүл­деге ие болды. Қазақстандықтар үшінші орын үшін бәсекеде Финляндия құрамасынан 4:1 есебімен басым түсті. Бұдан соң 2005 жылы Ресейдің Қазан қаласында өткен чемпионатта отандастарымыз қола жүлдені қанағат тұтты. Бұл жолы да үшінші орынға Суоми бендишілерімен таласқан жігіт­теріміз аса шиеленісті ойында 5:3 есебімен жеңіске жетті. Сөйтіп, Қазақстан құрамасы әлем­дік жарыстың екі бірдей қола жүлдесін иеленді. Алайда 2005 жылдан бері қарай өткен алты чемпионатта біздің жүлдеге қо­лымыз жетпеді. Осы уақыт ішін­де Финляндия құрамасы бес рет алдымызды орап кетті.Финляндиямен болған кешегі ойында сол кеткен есемізді қай­тар­дық деп санайық.Қанат ЕСКЕНДІР.Алматы.