Жақында төл күресімізден Оңтүстік Америка құрлығында тұңғыш рет әлем чемпионаты өтеді
Қызылорда облысының Шиелі ауданында қазақ күресінен жасөспірімдер арасында ел чемпионаты өтті. Бұл бәсекеге еліміздің түпкір-түпкірінен 200-ден астам балғын балуандар жиналып, 6 салмақ дәрежесі бойынша күш сынасты. Екі күнге созылған жарыстың қорытындысында болашағынан үміт күттіретін мына балуандар Қазақстан чемпионы деген мәртебелі атаққа ие болды.

Ең жеңіл салмақта Райымбек Рантаев (Қызылорда облысы), Қасымхан Төленбай (ОҚО, 51 кг.), Дәулет Қасымбекұлы (ОҚО, 57 кг.), Данияр Темірханов (Ақмола облысы, 64 кг.), Бекболат Әбдіғазиев (Жамбыл облысы, 72 кг.) және 81 кило салмақта Еламан Қайшыбаев (Ақтөбе облысы).
Қазақ күресінен мемлекеттік жаттықтырушы Марат Жақыттың айтуынша, осы белдесулерде топ жарған балуандарымыз наурыз айының соңы мен сәуір айының басында Бразилияның Сан-Пауло қаласында тұңғыш рет төл күресімізден жасөспірімдер арасында өтетін әлем чемпионатына қатысатын болады. Қазір олардың дайындықтары басталып кетті.
«Бұл чемпионат қазақ тарихында тұңғыш рет Оңтүстік Америка құрлығында өтетін жарыс болғалы отыр. Еліміз тәуелсіздік алған кезден бері мұндай бәсекені ешқашан өткізіп көрген емес. Бұл қазақ күресінің әлемдік аренада өзге күрестермен иық теңестіріп қана қоймай, жер жүзін мойындатқанын айғақтайды деуге болады. Осы күндері әлемнің төрт бұрышынан қазақ күресіне қызыққан елдер чемпионатқа қатысуға өтініш беріп жатыр. Оның ішінде Азия, Еуропа, Африка мен Америка құрлықтарының елдері бар. Яғни, ешқандай құрлық төл күресімізден өтетін тартысты жарысқа қатысудан сырт қалмай отыр. Бұл – Дүниежүзілік қазақ күресі қауымдастығының үлкен жетістігі. Алдағы кезде мұндай бәсекелер әлемнің түпкір-түпкірінде өткізілетініне сенімдіміз», дейді білікті бапкер, қазақ күресінің үлкен маманы Марат Жақыт.
Мұның алдында қазақ күресінен жастар арасында кезекті ел біріншілігі өтеді. Бұл белдесулер 24-26 ақпан күндері Ақтөбе қаласында өткізіледі.
Дастан КЕНЖАЛИН.