Алматы қаласында әуесқой бокстан өткен «Төрт елдің турнирі» атты жолдастық кездесуде еліміздің мерейі үстем болды. Қанша жерден бұл доданы жолдастық кездесу деп атағанымызбен, маңыздылығы жөнінен ірі халықаралық турнирлерден кем түспегені рас. Жарысқа қарсыластардың кіл жақсы боксшыларын алып келгендігі осы пікірімізді қуаттай түспек.
Алматы қаласында әуесқой бокстан өткен «Төрт елдің турнирі» атты жолдастық кездесуде еліміздің мерейі үстем болды. Қанша жерден бұл доданы жолдастық кездесу деп атағанымызбен, маңыздылығы жөнінен ірі халықаралық турнирлерден кем түспегені рас. Жарысқа қарсыластардың кіл жақсы боксшыларын алып келгендігі осы пікірімізді қуаттай түспек.
Турнирдің алғашқы кездесуі Ресей мен Үндістан құрамалары арасында өрбіп, Үнді елінің өкілдері біздің солтүстіктегі көршілерімізге еш қарсылық көрсете алмаған еді. Кездесу 10:0 есебімен Ресей боксшыларының пайдасына шешілген. Бұл сайысқа Ресей мықты құраммен келгендігін байқадық. Бапкер Николай Хромов Алматыға бүгінгі таңдағы ең мықты боксшыларын сайлап келіпті. Атап айтсақ, Әзербайжан тумасы Давид Айрапетян – АІВА рейтингінде төртінші сатыда тұрған шебер боксшы. Соңғы әлем чемпионатында қола медальға ие болған. Оның алдындағы Миланда өткен дүниежүзілік біріншілікте күміс алқа тағынғаны тағы бар. Жасы 28-ге таяп қалған Айрапетян Лондон Олимпиадасында Цзоу Шиминмен бірге біздің Біржан Жақыповтың (егер Біржан жолдамаға қол жеткізсе) ең басты қарсыласы болмақ. 52 келідегі ресейлік армян Миша Алоянның да соңғы кездегі қарқыны тіптен қатты. Екі мәрте әлем чемпионатына қатысқан 23 жасар Алоян әуелгісінде күміс медальді иеленсе, екінші әлем чемпионатында алтын медаль тағынып, биіктен көрінген боксшы. Алоян АІВА рейтингінде көш бастап тұр. Талдықорғанның тумасы, кейінірек Ресей жеріне қоныс аударған Сергей Водопьянов (56 кг) 2007 жылғы Чикагода өткен дүниежүзілік додада небәрі 20 жасында әлем чемпионы атанған.
Елдің күткені де Қазақстан-Ресей құрамаларының арасындағы кездесу еді. «Төрттік турнирде» Франция мен Үндістанды бет қаратпағанымызбен, орыс боксшылары біздің ежелгі қарсылас екені белгілі. Содан да болар, жеңіл салмақтағы Біржан Жақыпов пен әлем чемпионы Миша Алоян арасындағы кездесуді көп болып күттік. Алайда, Ресей құрамасы 49 келідегі Миша Алоян мен 52 келідегі Давид Айрепетянды жарақат алуларына орай, турнирдегі соңғы кездесуге шығарған жоқ. Бұл шешім біздің пайдамызға шешіліп, 2-0 есебімен алға шықтық.
Қазақстан-Ресей кездесуін Ғани Жайлауов пен Альберт Селимовтың жекпе-жегі ашты. Ғани барын сала бокстасса да бір ұпай айырмасымен Селимовтен жеңіліп қалды. Ғанидің ізін ала Қанат Әбутәліпов Сергей Водопьяновпен кездесіп, ол да орыс бокшысына жол берді.
64 келідегі Данияр Елеусінов есімі көпке белгісіз ресейлік Александр Соляниковтен шеберлігімен де, шаршы алаңды игеруімен де басым түсті. Азия ойындарының чемпионы Елеусіновтің жеңісі еңсесі түскен жанкүйер қауымды бір желпінтіп тастады.
Одан кейін шаршы алаңға екі дүркін әлем чемпионы, дүниежүзілік доданың күміс және қола жүлдегері Серік Сәпиев пен ресейлік Андрей Замковой шықты. 2009 жылы Миланда кеткен есені біздің боксшы еселеп қайтарды. Замковойдың мұндай дәрменсіз күйін Бакудегі әлем чемпионатында да көрген жоқпыз. 2009 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Замковой Сәпиевтен 14-4 есебімен ойсырай ұтылды. Бүкіл жекпе-жек бойы Замковойды бұрыштан-бұрышқа қуалап жүріп сабаған Сәпиев осыдан үш жыл бұрынғы жеңілісінің қарымын қайтарды.
75 кг салмақтағы Данабек Сужановтың дайындығы да, техникалық шеберлігі де залға жиналған жанкүйерді қуантқан жоқ. Біздің жігіт тым сылбыр жұдырықтасты. Еуропа чемпионы, ресейлік Максим Коптяков Сужановты тырп еткізбеді десек, артық айтқанымыз емес. Ресейлік боксшы ұпай санымен жеңіп кетті. Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов пен 2009 жылғы әлем чемпионы Егор Мехонцев (81кг) айқасты. Көрер көзге нағыз тартысты өткен кездесу болғанымен, 13-11 есебімен жеңіс Мехонцевтің уысында кетті.
Құрамадағы жас боксшымыз Алексей Севастьянов ресейлік Артур Битербиевтен оңбай жеңілді. Артурдың бапкері шаршы алаңға орамал лақтырмағанда шәкірті нокаут алатыны анық еді. Соңғы жұп, аса ауыр салмақтағы алыптар Иван Дычко мен Магомед Омаров арасындағы кездесу «төрттік турнирдің» нүктесін қойды. Бұл жекпе-жектің алдында біз Ресейден 4-5 есебімен ұтылып жатқан едік. Еуропа чемпионы Омаровты соққының астына алып жүріп біздің Дычко 11-8 есебімен Қазақстан құрамасын жалпы есептегі жеңілістен аман сақтап қалды.
Қазақстан-Ресей: 5-5. Есеп тең болғанымен, есе жіберген тұсымыз көп. Ресейдің екі боксшысы жекпе-жектен бас тартпағанда, қорытынды есеп басқаша болар ма еді?! Жасырып қайтеміз, қос жеңісті Ресей құрамасы бізге сыйға тартты. Біздің құрамадағы үш жігіт қана таза жеңді. Олар Данияр Елеусінов, Серік Сәпиев және Иван Дычко. Жартылай жеңіл салмақтағы Ғани Жайлауов пен Қанат Әбутәліпов, 75 кг салмақ дәрежесіндегі Данабек Сужанов Олимпиадаға мықты дайындықпен бармаса, күні ертең ел алдында жерге қарап қалуымыз мүмкін.
Қанат ЕСКЕНДІР,
Алматы.
Суретті түсірген Берсінбек СӘРСЕНОВ.