Жақында Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының өткен жылғы жұмыстарын қорытындылауға және алдағы мақсат-міндеттерін талқылауға арналған алқа отырысы өтті. Оған төл күресімізден облыстық федерациялардың басшылары мен бапкерлер қатысты.
Жақында Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының өткен жылғы жұмыстарын қорытындылауға және алдағы мақсат-міндеттерін талқылауға арналған алқа отырысы өтті. Оған төл күресімізден облыстық федерациялардың басшылары мен бапкерлер қатысты.
Бұл жиында төл күресіміздің болашағы төңірегінде көптеген мәселелер көтерілді. Алдымен Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының президенті Серік Төкеевтің баяндамасы тыңдалды. Серік Адамұлы былтырғы жылдың қорытындысы туралы баяндама жасағанымен, қазақ күресін дамыту мәселесіне негізгі екпінді жасады. Оның айтуынша, бүгінгі күнге дейін қазақ күресінен сегіз рет Азия, бір рет Еуропа және үш рет әлем чемпионаты өткізілді. Сонымен бірге, күрестен ересектер, жастар мен жасөспірімдер арасындағы ел біріншілігі, күш атасы Қажымұқанға, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Бақытжан Жаңбырбаевқа және самбодан әлем чемпионатының күміс жүлдегері Ерзат Төкеевке арналған дәстүрлі халықаралық жарыстар ұйымдастырылып келеді. Ал былтыр 9 республикалық және 4 халықаралық турнир өтсе, алдағы кезде федерацияның бекітілген кестесіне сәйкес бірнеше үлкен жарыстар өткізу жоспарлануда.
Осы орайда Серік Адамұлы былтыр тұңғыш рет өткізілген «Қазақстан барысы» турниріне жеке тоқталып өтті. Бұл турнир өткен жылы халық арасында үлкен резонанс тудырған турнир болып саналады. Сондықтан федерация басшысы оның мақсатын айта келіп, аталған турнирді дәстүрге айналдырудың маңыздылығын атап көрсетті. Онда ол былтыр «Қазақстан барысы» турнирінің жүлде қоры 300 мың АҚШ доллары болса, биылғы жарыста жүлде қорының 450 мың АҚШ доллары болатынын мәлімдеді. «Былтыр «Қазақстан барысы» турнирінің Қызылорда облысы әкімдігінің және КТК телеарнасының қолдауымен өткенін білесіздер. Соған байланысты біз белгілі қоғам қайраткері, Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының бірінші вице-президенті Ислам Әбішевке, федерациямен тізе қосып жұмыс істеген Қызылорда облысының әкімі Болатбек Қуандықовқа, облыс әкімінің орынбасары, қазақ күресінен Азия федерациясының президенті Рзақұл Нұртаевқа, КТК телеарнасының бас директоры Арман Шораевқа алғысымызды білдіреміз. Осы азаматтардың қолдауымен қазақ күресінен үлкен турнир өткізілді. Бұл турнир енді дәстүрге айналып, оның жүлде қоры 450 мың АҚШ доллары болады. Ол жүлде 1-8 орын алған балуандар мен бапкерлерге таратылады», деді С.Төкеев.
Сонымен бірге, жиында былтыр Литваның Паланга мен Шяуляй қалаларында күрес түрлеріне арналған симпозиум мен ІІ Еуропа ойындары сияқты қазақ күресі қатысқан халықаралық жарыстардың маңыздылығы туралы әңгіме қозғалды. Осы мәселе бойынша Серік Төкеев Литвада өткен Еуропа ойындары мен симпозиумда төл күресіміздің тарихы, оны дамыту жөнінде баяндама жасалғанын, ал федерацияның өкілдері, бапкерлер мен мамандар онда ата күресімізден жарыстар өткізуге көмектесіп, біраз насихат жұмыстарын жүргізіп қайтқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, жалпы былтыр қазақ күресін дамытуға арналған осындай жұмыстар атқарылды. «Қазіргі кезде, – деді ол, – әлемнің әр түкпірінде төл күресімізден федерациялар ашылып жатыр. Мәселен, Польша, Эстония, Ресей, Грекия, Ұлыбритания елдерінде ашылып жатса, бұған неге қуанбасқа. Ал өткен жылы күрестен Түркияның Анталия, Иранның Горган қалаларында әлем кубогы мен чемпионаты өтті». Осы орайда Серік Адамұлы болашақта қазақ күресінен 60-тан астам елде федерацияның ашылатынын, сөйтіп, оны Азия ойындарының, сосын Олимпия ойындарының бағдарламасына енгізу жоспарланып отырғанын жеткізді.
Ал бүгінге дейін жасалған ең басты жұмыс, бұл, әрине, қазақ күресінің Халықаралық күрес түрлері қауымдастығының (FILA) мүшелігіне кіргенін айтуға болады. Қазіргі кезде осы мәртебелі ұйымға мүше болудың арқасында төл күресіміздің төрткүл дүниенің төрт бұрышына таралуына мүмкіндік жасалып отыр. Енді қазақ күресі FILA аясында өтетін барлық додалардың бағдарламасына кіретін болады. Мәселен, былтыр ата күресіміздің дүниежүзілік және еуропалық ойындардың бағдарламасына енсе, биыл төрт жылда бір рет өтетін Таси ойындарының аясындағы жарыстарға кіреді деп күтілуде. Осы ретте былтыр күресіміздің Үндістанның Пуне қаласында дәстүрлі күрес түрлерінен өткен фестивальдің бағдарламасына еніп, сол сегізінші рет жалауы көтерілген жарыста қазақ күресінен белдесулердің өткенін айтуға болады. Біздің күрестен жарыстар өзге елдерде төбе көрсетіп жатса, әрине, жақсы. Дегенмен, алдағы кезде төл күресімізді насихаттап, оны әлі де дамыту үшін атқарылатын жұмыстар аз емес. Жаңағы жарыстарға балуандар мен бапкерлер мемлекет атынан ғана барып жатқан жоқ. Олар Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясы мен жекелеген жаны жомарт, қолы ашық азаматтардың көмегімен шет елдерге шығып, жарыстарға қатысып жатқанын айтуымыз керек. Олардың жолақысы, жатын орны мен тәуліктігінің бәрін федерация мен демеушілер көтеріп жатыр.
Мәселен, балуандардың жақында ғана шет елдерде өткен жарыстарға белгілі азамат Ислам Әбішев, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Рзақұл Нұртаев сияқты жанашырлардың көмегімен барып келді. Әрине, біздің күреске жекелеген азаматтардың демеушілік жасап жатқаны көңілімізді өсіреді десек те, бізге өзіміздің халқымыздың атымен аталатын күреске (дүние жүзі бойынша халықтың атауын иеленген жалғыз күрес түрі) мемлекет тарапынан үнемі қолдау көрсетіп, оны дамытуға жүйелі жұмыстар жүргізілсе дегіміз келеді. Егер мемлекет, Үкімет өзі бас болып, ата күресімізді дамытуға ниет білдірсе, онда шешілмейтін мәселенің қалмайтынына сөз беруге болады. Сонымен бірге, «Самұрық-Қазына» қоры велоспорт сияқты қазақ күресіне де қолдау көрсетсе, артық етпес еді. Мұның бәрінің болашақта болатынына сенеміз. Дегенмен, бүгінгі күннің мәселесін ертеңге қалдырып, мемлекеттің қазақ күресін дамытуды қолға алуға толық мүмкіндігі болып тұрғанда, бұл мәселе қазір шешілсе нұр үстіне нұр болар еді.
Алқа отырысында қазақ күресіне мемлекеттің қолдауы жеткіліксіз екені сол жерде пікір алысқан облыстық федерациялар мен бапкерлердің сөздерінен аңғарылып тұрды. Қазіргі таңда елімізде төл күресімізбен 15 мың балуан айналысса, оларды 500 бапкер жаттықтырады екен. Мәселен, Ақмола облысында – 40, Ақтөбе облысында – 26, Алматы облысында – 16, Атырау облысында – 20, Шығыс Қазақстанда – 40, Жамбыл облысында – 42, Батыс Қазақстанда – 14, Қарағанды облысында – 50, Қызылорда облысында – 26, Қостанай облысында – 8, Маңғыстауда – 15, Павлодар облысында – 40, Солтүстік Қазақстан облысында – 17, Оңтүстік Қазақстан облысында 60 бапкер болса, Астана қаласында – 4, ал Алматыда 7 маман жұмыс істейді. Осыған қарамастан, облыстарда қалалық, аудандық турнирлер мен жарыстар өткізіліп келеді. Мұны енді жергілікті бапкерлердің төл күресімізге жаны ашығандығы ғана емес, күресті дамытудағы зор еңбегі деп бағалауға болады.
Жиында осы мәселе бойынша білікті бапкерлер Диқанбай Биткөзов пен мемлекеттік жаттықтырушы Марат Жақыт, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстық федерациялардың президенттері Жетен Медеуов, Амантай Касимов пен Виктор Лим және Астана қалалық федерациясының президенті Ұлан Құттыбаев, АҚШ-та тұңғыш рет Қазақ күресінен федерация ашқан Алмас Мұсабеков, белгілі бапкер Жеңіс Биткөзов сөз сөйлеп, ой-пікірлерін айтты. Мұнда Жамбыл облыстық федерациясының басшысы өңірде қазақ күресін дамытуда істеліп жатқан жұмыстарды айта келіп, басқа спорт түрлерімен салыстырғанда төл күресіміз әлі де қолдауды қажет ететінін, мысалы, Жамбыл облыстық бокс федерациясының спортшыларға ай сайын шәкіртақы тағайындайтынын, оларға мемлекет пен республикалық федерация тарапынан үлкен қолдау көрсетілетінін жеткізді. Осындай қолдау-көмек қазақ күресіне де керек деген пікірін білдірді. Сол сияқты басқа облыстық федерациялардың басшылары да өз сөздерінде төл күресімізді дамыту үшін алдымен оның табиғатын түсініп, оған деген қызығушылықты арттыру керектігін, осылай жиі-жиі бас қосып, күрес мәселесін қозғай беруді ұсынды.
Осы жерде қазақ күресін насихаттап, дамытуды қолға алған Қарағанды облыстық федерациясының жұмысына риза болмасқа амал жоқ. Бұл облыста федерацияны Виктор Лим деген азамат басқарып келеді. Өзі кәсіпкер, қазақ десе жүрегі толқып, елжіреп кететін еліміздің нағыз патриоты. Кезінде әке-шешесі Қазақстанға келіп, осында туған Виктор Афанасьевичтің қазақ күресіне қызығушылығын оятқан адам – абыз бапкер Диқанбай Биткөзов екен. Диқанбай ағаның айтуынша, ол Виктор Лиммен бір сағат бойы қазақ күресінің тарихы, оның ерекшеліктері мен басқа күрестерге қарағанда айырмашылықтары туралы әңгімелескен екен. Ұзын сөздің қысқасы, Д.Биткөзов Виктор Афанасьевичтің облыстық федерацияны басқаруға келісімін алыпты. Қазір ол басқаратын федерация елімізде алдыңғы қатарда. Оның облыста төл күресімізді дамытуда атқарып жатқан жұмыстары шық бермес Шығайбайларды айтпағанда, көптеген қазақтың қалталыларына үлгі болуы тиіс.
Жиында қазақ күресін дамытуға байланысты басқа да көптеген мәселелер қаралды. Соңында Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының төл жарысымыздан биыл өтетін турнирлер мен біріншіліктердің кестесі түзіліп, алдағы мақсат-міндеттері айқындалды.
P.S. Қазіргі кезде күрес кілемінде дүние жүзі мойындаған бір шындық бар. Ол қазақ күресінің әлемдегі ең таза күрес ретінде мойындалғаны. Былтыр көршілеріміздің күрес түрлері FILA-ға мүше бола алмай жатқанда, біздің күрес бірден мүшелікке қабылданды. Оның себебі, бізбен өздерін бәсекелес санайтын өзбектердің «курешінің» өзіндік киім үлгісінің болмағанында екен. Олар белдескенде жапондардың дзюдо күресінің кимоносын киіп шығады. Ал қазақ күресінде өздерінің күртешесі, бұрынғы батырлардың сауыттарына ұқсайтын киімдері бар. Біздің киім басқа бірде-бір елдің спорттық киіміне ұқсамайды. Ұлттық күрестің әдіс-тәсілдері де ерекше. Сосын біздің күрес жер жүзінде халықтың атауына ие болған жалғыз күрес болып саналады.
Міне, осындай басқа күрес түрлерінен артықшылығы көп төл өнерімізді насихаттауға бәріміз бір кісідей атсалыссақ, бұл біздің ғасырлар бойы тарам-тарам ұрпақ арқылы жеткен асыл қазынамыздың бірін дамытуға қосқан үлесіміз болар еді.
Дастан КЕНЖАЛИН.