2008 жылы «Абылай ханның резиденциясы» музей-кешенінің салтанатты ашылуына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан болатын.
Сәбит Мұқанов атындағы облыстық әмбебап кітапханада өткен «Ұлы ханның ордасы – еліміз үшін маңызды тарихи-мәдени ошақ» атты бірінші республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция осынау маңызды оқиғаның 10 жылдығына арналды. Бүгінде ел жадында «Абылайдың ақ үйі» ретінде сақталған маңызды ғимарат баға жетпес тарихи ескерткіштердің бірі саналады. Президенттің тікелей қолдауымен«Мәдени мұра» бағдарламасына енгізіліп,күрделі жөндеу жүргізілгелі оны тамашалайтын шетелдік туристердің да қатары арта түскен.
Конференцияның ашылуында сөйлеген сөзінде облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласы жұртшылық тарапынан зор қолдауға ие болғанын, тарихи сананы жаңғырту тұрғысындағы өлшеусіз мәнін атап көрсетті. Кешеннің киелі жерлердің республикалық картасына енгізілгенін жеткізе келіп, Абылай мұраларын насихаттауға үлкен үлес қосып жүрген »Егемен Қазақстан» газетінің қызметкері, жазушы-журналист Жақсыбай Самратқа аймақ басшысының құрмет грамотасын, М. Қозыбаев атындағы СҚМУ-нің профессоры Зарқын Тайшыбайға алғыс хатын табыс етті.
Жиында тарих ғылымдарының докторы Зәуре Қартова, Петропавл қалалық сотының судьясы Арай Әбілмәжінова, мемлекеттік мұрағаттың директоры Сәуле Мәлікова, ҚР Қарулы Күштер әскери-тарихи музейінің ғылыми қызметкері, Шыңғыс хан атындағы дүниежүзілік академияның құрметті академигі Ғиззат Табылдин, Абылайдың даңғыл жолдарын зерттеуші Мұрат қажы Ыдырысұлы, тағы басқалары ой-пікірлерін ортаға салып, дарынды басшы,қайраткер әрі даңқты қолбасшының жоңғарларға қарсы шайқастардағы, қазақ халқын ұлт ретінде ұйыстырудағы рөлі жайлы жан-жақты сипаттап берді.
«Нұрсұлтан Әбішұлы «Абылай аңсаған азаттық» мақаласында «Абылай хан қызғыштай қорып, тұмарындай тәу еткен, армандап кеткен қазақ елінің Тәуелсіздігіне біздер, бүгінгі буын қазақстандықтардың жеткені үшін де шексіз тәубе айтып, бөлінуге бастайтын жершілдік пен рушылдық дертінен арылғанымыз жөн. Себебі, бүгінгі заманның жаңаша түрленген қауіп-қатері кешегіден кем соқпайды.Ендеше Абылайдың арманына қазіргі Қазақстан қол жеткізгенін ерекше мақтан тұтып, сүттей ұйыған татулығымызды сақтауға қызмет ету– баршамыздың парызымыз» деген сөздері бүгін де маңызын жойған жоқ. Біз биыл «Абылайдың қара жолы» атты жобаны қолға алып, ғылыми эккспедиция Қазақстанның барлық аймағын аралап шықты. Ондағы мақсат–«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында киелі жерлерді дәріптеу, зерделеу,ғылыми зерттеулер жүргізу, Абайлайханмен байланысты керуен жолын бойынша нысандарды жүйелеу,» дейді ғылыми экспедицияның жетекшісі М. Ыдырысұлы.
Мұражай-кешенінде орналасқан 4 залда Абылай ханның балалық шағынан хан тағына отырғанға дейінгі өмірін қамтитын жәдігерлер, экспонаттар топтастырылған.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы