10 наурызда еліміздің кезекті футбол аламаны басталды. Биыл 21-ші рет өтіп отырған чемпионаттың регламенті өзгерді: былтырғы маусымда командалар бірінші кезеңнен кейін 6 мықты, 6 әлсіз болып бөлініп, біріншілікті әрі қарай бөлек жалғастырса, биыл 14 клуб классикалық үлгі бойынша өнер көрсететін болды.
Футболсүйер қауым қазір демін ішіне алып, тақымын қысып отыр: басталған чемпионат қандай деңгейде өтпек, мықтылар не істей алады, ел чемпионы – «Шахтердің» биылғы шамасы қалай екен деген сыңайдағы сұрақтардың оларды жиі мазалайтыны түсінікті.
10 наурызда еліміздің кезекті футбол аламаны басталды. Биыл 21-ші рет өтіп отырған чемпионаттың регламенті өзгерді: былтырғы маусымда командалар бірінші кезеңнен кейін 6 мықты, 6 әлсіз болып бөлініп, біріншілікті әрі қарай бөлек жалғастырса, биыл 14 клуб классикалық үлгі бойынша өнер көрсететін болды.
Футболсүйер қауым қазір демін ішіне алып, тақымын қысып отыр: басталған чемпионат қандай деңгейде өтпек, мықтылар не істей алады, ел чемпионы – «Шахтердің» биылғы шамасы қалай екен деген сыңайдағы сұрақтардың оларды жиі мазалайтыны түсінікті.
Ал еліміздің ең мықты командасының бастығы Ерден ХАЛИЛИНМЕН арада болған әңгіме де осы тақырып төңірегінде өрбіген болатын.
– Қарағандының «Шахтері» чемпиондық атағын сақтап қалу үшін жаңафутбол маусымына тыңғылықты дайындалған шығар.
– Спортта мынадай белгілі қағида бар: «Чемпион болудан гөрі чемпиондық атақты ұстап тұру әлдеқайда қиын» деген. Осы тұрғыдан алғанда, басталған маусымда ел чемпионы – «Шахтерді» аса жауапты сынақтар күтіп тұр. Неге десеңіз, еліміздің өзге командалары «Шахтерге» келгенде, бар күшін салып, аянбай ойнайтын болады.
– Команда құрамындағы өзгерістерге тоқталсаңыз…
– Негізінен, «Шахтердің» құрамында былтыр чемпион болған футболшылардың басым бөлігі өз орындарын сақтап қалды. Маусымның соңында команданың үздік ойыншысы Жамбыл Көкеев пен «Астана» клубы арасындағы келіссөздер біраз әңгімеге тамызық болғаны рас. Бірақ та, түптеп келгенде, бәрі де ойдағыдай шешіліп, футболшы «Шахтерге» қайта оралды. Сол сияқты, командадағы мықты қорғаушыларымыз Алдин Джидич пен Никола Василевич, жартылай қорғаушылар Гедиминас Вичюс, Андрей Порываев және басқалары алдағы уақытта «Шахтермен» бірге биіктерді бағындыруға ниет білдірді. Бұл, әрине, өте қуанышты және маңызы зор жәйт. Яғни, ұжымдағы моральдық-психологиялық ахуал өз деңгейінде деп сеніммен айтуға болады.
«Шахтер» сондай-ақ қазақстандық футболшылар – шабуылшы Станислав Лунин, қорғаушылар Михаил Габышев және Владислав Кузьминмен келісім-шартқа отырды.
– Биылғы жылы әр командаға жеті легионерден алуға рұқсат бар. Осыретте «Шахтердің» құрамында қанша легионер футболшы ойнайбастады.
– Алты легионер-ойыншымен келісім-шартқа отырған болатынбыз. Олар – босниялықтар Алдин Джидич, Никола Василевич, Даниэль Майкич, литван Гедиминас Вичюс, серб Филип Ареснижевич және колумбиялық Роджер Каньяс. Биыл «Шахтердің» УЕФА Чемпиондар лигасында өнер көрсететіні белгілі. Ел футболының намысы сынға түсетін бұл мәртебелі жарыста команда құрамын шеберлігі жоғары ойыншылармен күшейтпесе болмайды. Сондықтан да, бір легионерге деген орынды әзірге бос ұстап тұрмыз.
– Биылғы чемпионаттың өткізілу тәртібіне өзгерістер енді. Осыжөніндегі сіздің пікіріңізді білгіміз келеді…
– Рас, былтырғы және оның алдындағы маусымдарда Премьер-лига командалары арасындағы Қазақстан чемпионаты 6+6 жүйесі бойынша өтті. Жалпы алғанда, бұл жүйенің өзіндік артықшылықтары, сондай-ақ кемшіліктері де болды. Артықшылығына келер болсақ, екі маусым бойы біздің чемпионаттағы тартыс мәреге жеткенше бір мысқал да кемімеді. Жанкүйер қауым ең ақырғы турға дейін кімнің чемпион, кімнің жүлдегер болатынын біле алмай, дал болды. Осының бәрі де чемпионатқа деген қызығушылықты арттырғаны сөзсіз. Дегенмен, биылдан бастап классикалық жүйеге көшкеніміз дер кезінде қабылданған дұрыс шешім деп айтуға болады. Неге десеңіз, әлемдегі футбол державаларының бәрі дерлік ішкі чемпионаттарын осы жүйе бойынша өткізеді. Яғни, классикалық жүйе өзінің өміршеңдігін әлдеқашан дәлелдеген деп сеніммен айтуға болады. Мұнда барлық командаға бірдей мүмкіндік пен тең құқық беріледі.
– Легионер ойыншылардың саны бесеуден жетеуге көбейді. Осы жайында не айтасыз?
– Жалпы, шеттен мықты деген легионер футболшыларды шақыру – әлемдік үрдіс. Қарыштап дамыған футбол көшіне ілесу үшін бұл дәстүрден біз де бас тарта алмаймыз. Легионер футболшының ең басты екі миссиясы болуы керек деп ойлаймын: оның бірі – команданың ойынын күшейту, екіншісі – өзінің кәсіби шеберлігімен жергілікті жас футболшыларға үлгі бола білу. Міне, осы екі мақсат орындалып жатса, біз легионерлерден пайда көрмесек, зиян шекпейміз. Тек, есте ұстайтын бір мәселе – шеттен келген шебер ойыншыға шашыла бермей, өзіміздің талапты да талантты жастарымызды ұмытпауымыз керек. Қазақтың футболын дамытамыз десек, осыны жадыда мықтап ұстағанымыз жөн!
– Былтырғы маусымда «Шахтердің» құрамында қандас бауырларымыздың молдау болғаны сүйсінтті. Сол үрдіс биыл жалғасын таба ма?
– Шынында, өткен жылғы маусымда біздің команда құрамында әрбір матчта төрт-бес қаракөз бауырларымыз өнер көрсетіп жүрді. Бұрын «Шахтердің» тарихында мұндай жәйт орын алмаған-тұғын. Оның үстіне, аталған ойыншылар аса жауапты матчтарда команданың болмысын танытып, ойын-өрнегін айқындады.
Бір қуаныштысы, осы футболшылардың барлығы дерлік биыл да «Шахтердің» жейдесін киіп, облыс футболының намысын қорғайтын болады. Бұлардан бөлек, команданың иелігінде шеберлігі шыңдалып, жылдан жылға өсіп келе жатқан бірнеше жас футболшы бар. Мысалы, шабуылшы Тоқтар Жанғылышбай, жартылай қорғаушы Жомарт Рысалин және тағы басқалар. Бұл футболшылар алдағы уақытта алаңға шығуға сақадай-сай тұруға тиіс жас таланттар.
Жалпы, футболда ұлттық мәселеге келгенде өте байсалды саясат ұстану керек. Дегенмен, мүмкіндігі болып жатса, бұл мәселеде тартынып қалу да жараспас. Бізге өзіміздің кеудесі намысқа толы, дарынды жастар керек, алдағы уақытта оларды тәрбиелеп шығару біздің парызымыз болмақ.
Әңгімелескен Айқын НЕСІПБАЙ.
ҚАРАҒАНДЫ.