Наурыз мерекесінен кейін Астана мен Милан қалаларында жанкүйерлердің тағатсыздана күткен Бүкіләлемдік бокс сериясы жартылай финалының алғашқы кездесулері өтті.
«Астана арландары» өз алаңында Мәскеудің «Динамо» командасымен кездессе, «Милан найзағайлары» Әзербайжанның «Баку оттары» клубын қабылдады.
Наурыз мерекесінен кейін Астана мен Милан қалаларында жанкүйерлердің тағатсыздана күткен Бүкіләлемдік бокс сериясы жартылай финалының алғашқы кездесулері өтті.
«Астана арландары» өз алаңында Мәскеудің «Динамо» командасымен кездессе, «Милан найзағайлары» Әзербайжанның «Баку оттары» клубын қабылдады.
Осы кездесудің екеуі де екі күнде өтті. Алғашқысы 23 наурыз күні, екіншісі келесі күні болды. Соның ішінде 23-і күні «Астана арландарының» ресейлік командамен болған кездесуі аса қызықты және тартысты өтіп, жерлестеріміз 3:2 есебімен жеңіске жетті. Бұл айқаста біздің команданың сапында Міржан Рақымжанов (54 кг.), Мерей Ақшалов (61 кг.), Мирас Байырханов (73 кг.), Рамзжон Ахмедов (85 кг.) пен аса ауыр салмақтағы Руслан Мырсатаев ресейліктердің құрамындағы Владимир Никитин, Вазген Сафарьянц, Виталий Бандаренка, Данил Швед пен Сергей Кальчугинмен қолғап түйістірді. Осы айқаста «арландардың» сапындағы Ақшалов, Байырханов пен Ахмедов жеңіске жетсе, қалған екеуі жеңілуге мәжбүр болды. Мырсатаев үмітімізді ақтамады. Осы айқастарда Міржанның қарсыласынан таза жеңілгенін мойындау керек. Никитин айла-тәсілі, қулық-сұмдығы басым боксшы екен. Соққылары да діттеген жеріне дәл тиіп жатады. Өзі мығым, сабырлы, айлакер боксшы екені көрініп тұр. Ол бес раундтың бәрінде Рақымжановты шыдатпады. Ал Мырсатаев болса, үшінші раундтан кейін сыр беріп, қалған уақытқа шыдай алмай қалды. Оның тағы бір қателігі, ойламаған жерден қарсыласын баспен ұрып, төрешілерден ескерту алғаны болды. Осы баспен ұру оған тіптен керек емес еді. Қысқасы, бокс кешінде біз жеңіске жетсек те, көңіліміз әлі Мәскеуде өтетін айқас үшін алаңдаулы екенін жасыра алмаймыз. 30 наурыз күні Мәскеуде өтетін екінші жартылай финалдық сында «арландарға» 4:1 есебімен жеңіске жету керек. Егер есеп 3:2 болып мәскеуліктердің пайдасына шешілсе, онда қосымша жекпе-жек өтетін болады. Бұл кездесуге біздің тарапымыздан Қанат Ислам бастаған боксшылар қатысады. Оларға біз ақ жол ғана тілей аламыз. Ал кешегі «Дәулет» спорт кешенінде өткен бокс кешінде жеңіске жеткен Ақшалов, Байырханов пен Ахмедовке біздің алғысымыз шексіз.