Жуырда «Егемен Қазақстан» газетінің ардагері Сүлеймен Мәмет бастаған журналистері Астана қаласының Райымбек батыр атындағы №50 «Қазғарыш» мектеп-лицейінің мұғалімдер қауымымен жүздесті.
Кездесу барысында бас басылымның тыныс-тіршілігі, газетте болып жатқан өзгерістер мен жаңа жобалар туралы кеңінен сөз болды.
«Бауыржан Момышұлының «Кенші де, қойшы да, ғалым да, тракторшы да, зиялы қауым да, бәрі – ұстаздан» деген сөзі бар. Сондықтан ұстаздың біздің қоғамда жөні де, жолы да бөлек. Өйткені миллиондаған ұрпақ сіздерден қанаттанады. Ата-анадан кейінгі құдірет те – осы ұстаздар қауымында», деді жиын барысында газет шолушысы Сүлеймен Мәмет.
Өз кезегінде сөз алған ұстаздар ұжымы ел газеті «Егеменнен» оқығысы келетін тақырыптары туралы ойларын ортаға салды.
«Мен енді 15 жылдан кейін мектепке мұғалім табу қиын бола ма деп қорқамын. Неге десеңіз, қазіргі ата-аналарымыздың көбінің ойы – балаларының грантқа түсуі ғана. Өзінің тағдыр жолында таңдаған мамандығына махаббатпен келмегесін одан жақсы мұғалім шықпайды. Қазір мұғалімнің айлығы көтеріліп жатыр. Кей жерлерге барсақ, елдің бәрі 20-30 пайыз қосылды дейді. Бұл біздің ай сайынғы алатын жалақымызға емес, базалыққа ғана қосылды. Тағы бір мәселе оқуды бітіріп келген жас мамандардың алатын айлығы – шамамен 80 мың теңге. Жас маманда пәтер жоқ. Ер балалар бір костюммен жүре береміз. Қыз балалардың тұтынатын заттары көп. Одан бөлек, ішіп-жейтін тамағына, пәтерақысына, жарық, суға тағы төлейді. Менің ойымша, ең бірінші мұғалімнің мәртебесін көтеру үшін жас мамандарға арнап жатақхана салып беру керек. Мұғалімнің айлығын көтерсек, тұрмыстық жағдайын жақсартсақ қана бүгінгі оқушылар келешекте мұғалім мамандығына махаббатпен келетін болады», деді «Үздік педагог» атағының иегері Қабанбай Бекетұлы.
Жиын соңында мектеп директоры Роза Әбіләкімқызы Райымбек батыр атындағы №50 «Қазғарыш» мектеп-лицейінің мұғалімдері «Егемен Қазақстан» газетін кітапханадан жаздырып оқып жүргендерін тілге тиек етіп, алдағы уақытта редакциямен бірлесе жұмыс істеуді жалғастыра беретіндерін жеткізді.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»