Астана қаласының тұрғыны Самғау Нәсіпхан дейтін бауырымыз бар. Осы жігіт аса бір риза кейіппен: «Мен Елбасының ілтипатына бөленген адаммын» дегенді үнемі айтып жүреді. Расында солай. Самғаудың туған жері – Шыңжаң өлкесіне қарасты Алтай аймағы, соның ішінде еліміздің шығыс шекарасымен ірге ұштасып жатқан Қаба-Буыршын ауданы. Өзінің айтуынша, ата-анасы ауылдың қарапайым да, қаражон адамдары болыпты. Бірақ нағашысы өңірге өнерімен танылған шебер екен.
«Алдау қоспай адал еңбегін сатқан қолөнерлі – қазақтың әулиесі» деп Абай атамыз айтқандай, Самғау нағашысынан етік тігудің қыр-сырын жастай үйренген. Қысқасы, қазақтың көкқасқа етігін көктей жөрмеп, көнтеріден сірөкше салып, былғарыдан оймышты қалың қоныш қондырып, етік тігуді меңгерген жігіт 2005 жылы Алтай асып, атажұртына оралған. Келе сала атакәсібін қолға алған. Бірақ шалғай ауылдың шарқы белгілі, өнімі өте қоймаған соң, 2010 жылы елордаға келіп, етік тігуді бастап кеткен.
– 2015 жылы еді, – дейді Самғау ініміз. – Қолыма қымбат қолтырауынның терісі түсті. Оны басқаға қимай бар қазақтың басын қосып, бағын ашқан Нұрсұлтан ағама арнап етік тігуге бел байладым. Етік тігіліп біткен соң оны Нұрсұлтан Әбішұлына жолдап, онымен қоймай 2012 жылдан бері үзбей тойланып келе жатқан 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнімен құттықтадым. Арада көп уақыт өткен жоқ, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қарапайым етікші-оралман менің атыма жолдаған ілтипат хаты келіп жетті.
Өздеріңіз көріп отырғандай, Елбасы өзінің ілтипат хатында: Самғау бауырымыз жіберген сыйлықты қабыл алғанын айтып, сыртта жүрген ағайындар атажұртқа оралып, орын тапқандарына қуанышты екенін жеткізе келе, мұның бәрі тәуелсіздіктің арқасы екенін ерекше ескертіп, сыйлық иесіне бақ-береке тілеп, хаттың соңына «2 желтоқсан, 2015 ж.» деген датамен қатар өзінің қолын қойыпты.
Атам қазақ «жақсының шарапаты – тәңірдің рахаты» дегеніндей, осы оқиғадан кейін оралман бауырымыздың кәсібіне кең жол ашылған. Қазіргі таңда Самғау Нәсіпханұлына еліміздегі «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша елорда іргесіндегі Қараөткел ауылынан 20 сотық жер телімі беріліп, оған кәсіпкер азамат жеңіл аяқ киім өндіретін шағын кәсіпорын салып жатыр. «Бұйырса, алдағы жылдың аяғына таман өндірісті іске қосамыз» дейді Самғау ініміз.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»