Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова түркітілдес мемлекеттердің жастар және спорт министрлерімен кездесті.
Кездесуге Қазақстан Республикасының Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев, Түркия Республикасының Жастар және спорт министрі Мехмет Касапоглу, Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің Бас хатшысы Бағдат Әміреев, Әзербайжан Республикасының Жастар және спорт вице-министрі Исмаил Исмаилов, Қырғыз Республикасының Жастар, денешынықтыру және спорт істері агенттігінің директоры Қанат Аманқұлов қатысты.
Кездесу барысында Гүлшара Әбдіқалықова Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласындағы «Қазақстан – күллі түркі халықтарының қасиетті «Қара шаңырағы». Бүгінгі қазақтың сайын даласынан әлемнің әр түкпіріне тараған түркі тектес тайпалар мен халықтар басқа елдер мен өңірлердің тарихи үдерістеріне елеулі үлес қосты» деген сөздеріне тоқталды.
«Халықаралық аренада түркі халықтарының татулығы мен бірлігі идеясын нығайту ісінде Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығының кеңесі маңызды орын алады», деді Мемлекеттік хатшы.
Бұл ұйымның қолдауымен жастар және спорт саласында іс-шаралар белсенді түрде өткізіліп келеді. Баку қаласында 2018 жылғы сәуірде тұңғыш рет түркітілдес елдердің студенттік ойындары, қыркүйекте Шолпаната қаласында Көшпенділердің ІІІ дүниежүзілік ойындары өткізілді. Көшпенділердің IV дүниежүзілік ойындарын 2020 жылы Түркияда өткізу жоспарлануда.
«Жастар жылы деп жарияланған алдағы жыл Қазақстан үшін мазмұнды болмақ. Бұл жастарға, олардың мұң-мұқтажына, Қазақстанның болашағына ерекше көңіл бөлудің көрінісі болып саналады», деді Г.Әбдіқалықова.
Кездесу соңында Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығының кеңесі аясындағы өзара іс-қимылды одан әрі нығайту ісінде қатысушыларға табыс тіледі.
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»