• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 06 Желтоқсан, 2018

Тамырлас елдер Жастар жылын атап өтеді

789 рет
көрсетілді

Астанада Түркі кеңесі мемлекеттерінің Жастар істері және спорт министрлерінің үшінші отырысы өтті. Түркі кеңесі министрлерінің отырысы ынтымақтастықты кеңейтуге және түркітілдес мемлекеттер жастарының арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған. Жиынға Түркі кеңесінің Бас хатшысы Бағдат Әміреев, Қазақстанның Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев, Түркияның жастар және спорт министрі Мехмет Касапоглу, Қырғызстанның Жастар, денешынықтыру және спорт жөніндегі мемлекеттік агенттігінің директоры Қанат Аманқұлов, Әзербайжанның жастар және спорт министрінің орынбасары Исмаил Исмаилов қатысты. 

Отырыс барысында жас көш­басшылардың ІІ форумын, IV Халықаралық жастар ла­герін және Түркі кеңесінің ІІІ Ха­лық­аралық жастар фестивалін өткізу мәселелері талқыланды.

Жиынды ашқан Бас хатшы Бағдат Әміреев Түркі кеңесінің шараларына қолдау көрсеткені үшін еліміздің Мәдениет және спорт министрлігіне және Қо­ғам­дық даму министрлігіне алғы­сын айтты. Сондай-ақ Бас хат­шы отырысқа қатысушылар түр­кітілдес елдер жастарының бірың­ғай платформасын құру идея­сын қолдайтынын және оны жү­зеге асыруға кірісетін уақыт келгенін атап өтті.

«Қырғызстанда өткен Түркі кеңе­сінің саммитінде мемле­кет­тер басшылары жастар құры­лым­дары арасындағы ынтымақ­тас­тықты нығайтып, жастарды радикалды идеялардан қорғау мақсатында шаралар қолдануға бірауыздан келісті. Түркітілдес елдері жастарының бірыңғай платформасының құрылуы мүше елдер көшбасшылары қойған мақсаттарға жетуге бір­ден-бір мүмкіндік», деді Бағдат Әміреев. 

«Бүгінде әрбір төртінші қа­зақ­стандық – жастар өкілі. Сон­дық­тан мемлекеттік саясаттың осы бағыты Президент пен Үкі­меттің назарында. Жастарды қол­дауға бағытталған бағдар­ла­малық құжаттар мен жобалар жүйелі негізде іске асырылу­да. Ведомствоаралық үйлестіруді жүзе­ге асыру үшін біздің министр­ліктің құрылымында Жастар және отбасы істері жөнінде­гі комитет жұмыс істей­ді, бар­лық өңірлерде уәкілетті мемле­кеттік органдар қызмет атқа­рады», деді Қоғамдық даму ми­нистрі Дархан Кәлетаев. 

Министрдің айтуынша, өңір­лер­де 210 жастар ресурстық орта­лығы, 818 Жастар ісі жөнін­дегі комитет, жастардың 549 үкі­мет­тік емес ұйымы жұмыс істейді. Атқарылған жұмыс­тар­дың нәтижесінде білім индексі бо­йынша 189 елдің ішінде Қазақ­стан 31-орында. Ал жастар дамуының жаһандық индексінде еліміз 183 елдің ішінде 61-орында тұрса, Түркия – 62-ші, Қырғызстан – 64-ші, Әзербайжан – 95-орында. 

Сонымен қатар министр Жастар жылының тек Қа­зақстанға емес, бүкіл түркітілдес елдерге қатысты жыл болуына мүмкіндік бар екенін айтты.  «Жастардың бірігуі біз үшін ең табысты жұмыс іс­тей­тін жобалардың бірі болып табылады. Бүгінде әрбір төр­тін­ші қа­зақ­стандық – жастар өкілі. Сон­дықтан бұл бағыт біз үшін өте маңызды», деп атап өткен министр Қазақстандағы мемле­кеттік жастар саясатын жүзеге асырудың негізгі аспек­тілері­мен, Түркі кеңесі аясын­да ынты­мақ­тастықтың перспек­ти­валық бағыт­тарымен таныс­тырды. 2019 жы­лы Қазақстан тарапы Түркі ке­ңесі жас көш­бас­шыларының ІІ фо­румын өткі­зуге дайын екенін жеткізді. 

Бұдан кейін сөз алған Түр­кия­ның жастар және спорт ми­нистрі Мехмет Касапоглу ортақ мұраны болашаққа жет­кізуші ретінде қарым-қатынасты бір тілмен шектемеу керек екенін атап өтті.

«Біз түбі бір, тілі бір халық­тармыз. Бізге мұра етіп қалдырған күл­лі түркі халықтарына ортақ дү­ниені жастарға аманаттау керек. Бүгінгі отырыста бас қо­суымыздың себебі – коопера­ция­ның бірігіп әрекет етуі. Түркі елдерінің қарым-қатынасында жастардың алар орны бөлек. Біз әрдайым жастар әлеуетінің жоғары болуына бар күшімізді саламыз. Бүгінгі жастар ер­теңгі күллі түркі әлемінің бо­лашағы екені анық», деді Мехмет Касапоглу.

Сонымен қатар Мехмет Касап­оглу тарихи отан саналатын Қазақстанның жылышырай танытып, құрметпен күтіп алға­нына қуанышты екенін және бойын ерекше сезім билегеніне тоқталды. Түркияның жастар және спорт министрі келер жылы Түркияда IV Халықаралық жас­тар фес­ти­валі және 2020 жылы Дүние­жү­зілік Көшпенділер ойы­ны өткі­зіледі.

«Спорт жастардың өмірінде ерекше орын алуы тиіс. Сон­дықтан осы бағытта жастар ла­герьлерінің жұмысын жандандыру қажет. Келер жылы біздің еліміз Дүниежүзілік Көш­пенділер ойынын, 2021 жылы Ислам ойын­дарынан жа­рыс өткізуді жоспарлап отыр. Қазақстанмен қарым-қаты­на­сымыз өте жоғары деңгейде. Алдағы Жастар жылы аясында болатын іс-шараларда Түркі кеңесіне мүше елдер бел­сен­ділік танытады деген сенім­демін», деді ол.

Бас хатшы Бағдат Әміреевтің орынбасары Өмер Коджаманның айтуынша, бүгінге дейін Түркия мен Қазақстанда ұйым­дастырылған жастар лагеріне 1,5 мыңнан астам адам қатысты. Түркі кеңесінің күн тәртібіндегі басты мәселе – ұйымға қатысушы елдердің жастары арасындағы қарым-қатынасты корпоративтік және тұрақты құрылымға айналдыруға мүмкіндік беретін жастар тұғырнамасын құру.

«Түркі кеңесі бұл мәсе­ле­де халықаралық жастар ұйым­да­рымен ынтымақтасуға дайын. Шетелдегі отандастар және Түркияның туыстық қауым­дастықтары істері жөнін­дегі басқармасы Жастар тұғыр­на­масының жұмысын қолдайды», деді Өмер Коджаман.

Жиын соңында Түркі кеңе­сінің VI жастар лагері келер жы­лы Қазақстанда, Түркі кеңе­сінің III Халықаралық жастар фестивалі Түркияда, Түркі ке­ңесі елдері университеттерінің екінші спорттық жарыстары (түркі Универсиадасы) 2020 жылы Қазақстанда, Түркі кеңесі Жас көшбасшыларының ІІ форумы 2019 жылы еліміздің Түркістан қаласында өтетіні нақ­тыланды. Түркі кеңесі жас­тар тұғырнамасының Бас Ас­самблеясы 2019 жы­лы Әзер­байжанда ұйымдастырылады деп шешім қабылданды. Сонымен қатар Түркі кеңесі елдерінің жас­тар және спорт министрлерінің төртінші отырысы 2019 жылы Қырғызстанда өтеді.

Ақмарал АҒЗАМҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»