• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Қазақстан 06 Желтоқсан, 2018

Мемлекеттік рәміздерге құрмет

1019 рет
көрсетілді

Астанада Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен дәстүрлі республикалық Патриоттар форумы өтті. Жиын барысында еліміздің әр өңірінен келген түрлі саланың үлгілі азаматтары «Жыл патриоты» номинациясымен марапатталды.

Форумның ашылу салтанатында Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы ең алдымен қатысушыларды Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнімен құттықтап, мемлекеттік рәміздердің маңызын атап өтті. 

«Мемлекеттік рәміздер – еліміздің ең қадірлі, ең қастерлі символдары. Аспан түстес Байрағымыздың, Елтаңбамыз бен Әнұранымыздың әрбір элементінде Елбасының, сондай-ақ осы іске атсалысқан әрбір азаматтың Отанға деген махаббаты мен арман-мұраты жатыр. Мәдениет және спорт министрлігі мем­лекет­тік рәміздерді насихат­тау­ды үйлестіретін негізгі орган болғандықтан, отандас­тары­мыздың осы қасиетті символдарға деген құрметін арттыруға ар­нал­ған жиынның маңызы зор», деді А.Мұхамедиұлы.

Бұдан әрі министр Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасындағы Қазақстан жа­зуының латын графикасына ауыстырылуы туралы әңгімеледі.

«Мемлекет басшысының «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру ту­ралы» Жарлығының аясында министрлік биыл мемлекеттік Елтаңбадағы  «Қазақстан» сөзін  латын графикасында жазу туралы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық заңына өз­герістер енгізіп, тиісті жұмыстар жүр­гізді. Осыған байланысты елі­міздің әр өңірінде халықтың бойында отаншылдық рухты қа­лыптастыру, мемлекеттік рәміз­дерге деген құрметті нығайту мен кеңінен насихаттауға арналған ақпараттық, танымдық іс-ша­ра­ларды өткізу аса маңызды», деді ол. 

2018 жылдың 12 қыркүйегінде Техникалық реттеу және метро­логия комитетінің төрағасы А.Шақ­қалиев, мемлекеттік Елтаң­баның авторы Ж.Мәлібеков және «Қазақстан стандарттау жә­не сертификаттау институты» өкіл­дері қатысқан жиында «Қазақ­стан Республикасының Мем­лекеттік Елтаңбасы. Техни­ка­лық жағдайлар» заңына өзгер­тулер енгізу қажеттігі айтылып, көп ұзамай Елтаңбаның жаңар­тылған үлгісі шығарыла баста­ды. Жандарбек Мәлібеков Елбасы­ның бастамасымен жүзеге асып жатқан бұл игі іс қазақ әліпбиінің жаңа белесі екенін атап өтті. 

«Елтаңбаның жаңартылған стандарттық үлгісін жасап беру ісімен шұғылданып жатырмыз. Латын қарпінің Елтаңбада орна­ласуы біздің әліпбиіміздің бос­тандық алғаны деп білемін. Оның Елтаңбадағы көрінісі бүкіл қа­зақ даласының қазіргі кездегі бос­тан­дығын көрсетеді», деді Ж.Мә­лібеков. Бұдан соң жиын барысында Парламент Мәжілісінің депутаттары, орталық мемлекеттік органдардың өкілдері, үкіметтік емес және жастар ұйымдарының жетекшілері, еңбек ардагерлері мен зиялы қауым өкілдері мем­ле­кеттік рәміздер саласында атқа­рып жатқан қызметтері туралы өзара пікір алмасты. 

Қалқаман Жақып,

«Жыл пат­риоты» номинациясының иеге­рі, А.Байтұрсынов атындағы Қос­танай мемлекеттік универ­ситетінің профессоры:

– Осыдан бір жарым жыл бұрын Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты еңбегі жарық көрген болатын. Осы еңбектің негізінде қоғамдық және ұлттық сананың жаңаруында сілкініс пайда болды деуге болады. Соның жалғасы ретінде биыл жарық көрген «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында Президент қазақ ұлтының төл тарихы тереңде жатқанын көрсетіп берді. Осы еңбек ұлттық санамыздың жоғары сатыға көтерілуіне әсер ететіні белгілі. Мінеки, 27 жылға жуық тәуелсіз ел болып отырмыз. Ел болу үшін бірінші кезекте оның рәміздері болуы керек. Онсыз ұлттың елдігі мен мемлекеттілігі болмайды. Сондықтан бүгінгі патриоттар форумында елдің рәміздеріне деген құрмет ерекше. Мұнда жиналғандардың ішінде жастар, үкіметтік емес ұйымдар, этномәдени орталықтардың жетекшілері бар. Сондай-ақ әр­түрлі саланың қыр-сырын мең­герген еңбекқор азаматтар келіп отыр. Тіпті мен секілді зейнеткерлер де көрініп қалады. Бұл дегеніміз – ұрпақтар арасындағы жалғастықты үзбеу, ұрпақтар сабақтастығын жалғау. Ең бастысы – осындай шаралар өсіп келе жат­қан жастарға отансүйгіштікті дәріптеп, елі мен жеріне адал қызмет етуге, Қазақстанның патриоты болып қалыптасуына үлкен әсерін тигізеді.

Елбасы – бүгінде тек Қазақ­станның ғана көшбасшысы емес, түркі әлемінің, түркітілдес ел­дердің көшбасшысы екенін өз еңбегімен көрсете білген тұлға. Соның көрінісі мен айғағы ре­тінде келесі жылы болатын түр­кітілдес елдердің конгресін айта аламыз. Осы секілді кездесу­лер мен басқосуда өзімнің де көңілім ерекше әсерге бөленеді. Жастардың еліне деген сүйіс­пен­шілік сөздері мен істерін көрген­де келешекке деген үлкен сенім ұялайды. Шынын айту керек, кеу­деңді мақтаныш кернейді. Біздің жастар жақсы, біздің жастар тамаша. Бірақ соларды тәрбиелеп, үлгі көрсетуде біздің де атқарар үлесіміз көп. 

Алена Ким,

«B Tim Enterprises» ЖШС-ның директоры (Ақтау қаласынан):

– Бүгін біз өте қызықты фо­рум­ға қатысып отырмыз. Мұнда әр­­түрлі өңірден келген делегат­тармен өзара пікір алмасып, зият­керлік қабілетімізді арттыра түс­тік. Сондай-ақ үш тілге деген қызы­ғушылық туралы пікір алмасуды көздеп отырмыз. Мысалы, мен ағылшын және қазақ тілін үйреніп жүрмін. Жаңашылдықты да ескеру керектігін білемін. Өйткені жақында қазақ тілі латын әліпбиіне толық көшеді. Сондықтан осындай өзгерістен айналамыздағы достарымыздың да қалыс қалмағаны жөн. Ал бүгінгі форумға келген жастар­мен осының төңірегінде сөйлесе ала­мыз. Форумға келгеніме өте қуа­ныштымын. Мұнда жинал­ғандардың жасы болсын, үлкені болсын еліміздің өркендеуіне елеулі үлес қосып келе жатқан адамдар. Олар Астана қаласының 20 жылдығына тұспа-тұс келіп отырған мерекелік шараның қонағы мәртебесіне ие болып отыр.

Эльмира Мырзағали,

Тараз қалалық мәслихатының депутаты:

– Жамбыл облысынан 4 делегат келіп отырмыз. Бұл патриоттар форумы біздің жұмысымызға жаңа серпін береді деп ойлаймын. Елбасымыздың сарабдал саясатына сәйкес Тараз қаласында мемлекеттік рәміздерді қастерлеу жұмыстары жолға қойылған. Мемлекеттік рәміздердің мәр­тебесін көтеру жұмыстары тек мемлекеттік деңгейде қалып қой­мауы керек. Бұл игі іс әр отба­сынан басталуы керек деп ойлаймын. Мен ана ретінде де балаларыма мемлекеттік Туымызды, Ел­таңбамызды, Әнұранымызды ұлықтау керек екенін әрдайым айтып отырамын. Патриоттық тәрбиені бала ең алдымен отбасынан көру керек. 

Форум соңында түрлі салада қызмет етіп жүрген үлгілі 20 азаматқа «Жыл патриоты» номинациясы беріліп, бағалы сыйлықтар табысталды. Іс-шара патриоттық әндерден тұратын концертпен аяқталды.

Маржан ТІЛЕУБЕК,

Жанболат КЕНЖЕҒҰЛ,

«Егемен Қазақстан»