Форум жұмысына 14 елдің өкілдері - халықаралық және отандық бизнес-құрылымдардың, қаржы институттарының, корпорациялар мен ғылыми-зерттеу институттарының басшылары, сондай-ақ Қытай, Оңтүстік Корея, АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Швейцария және басқа да елдердің делегациялары қатысты.
Үлкен шараға қатысқандарды құттықтаған Қызылорда облысының әкімі Қ.Көшербаев «Байқоңыр Инвест» форумы табысты әріптестік орнату алаңына айналғанын атап өтті.
- Мемлекет басшысының Жолдауынан туындайтын баламалы энергетиканы дамыту жөніндегі міндеттерді орындау мақсатында біз бүгінгі «жасыл» экономикаға - өңір дамуының жаңа бағыты ретінде арнадық. Біздің облысымыз күннің белсенділігі жоғары аймақ екенін атап өткім келеді. Облыста күн сәулесінің орташа жылдық ұзақтығы 3 мың сағаттан артық. Бұл күн электр станцияларын салу мен дамыту үшін үлкен мүмкіндік. Сондықтан «Жасыл» экономика тақырыбын біз кездейсоқ таңдап алған жоқпыз, - деді ол.
Облыс әкімі келесі жылы өңірде жалпы қуаты 170 мВт болатын 4 күн электр станциясының құрылысы басталатындығын айтты. Қуаты 60 және 10 МВт болатын Қызылорда қаласының сол жағалауында және Жаңақорған ауданында "HydroEnergy" АҚ (Болгария), Жалағаш ауданында қуаты 30 мВт – "Total Eren" (Франция) компаниясы, Шиелі ауданында қуаты 70 мВт – "Samruk Kazyna – United Green" компаниясы және "Авелар Солар Технолоджи" ЖШҚ (Ресей) күн электр станциясын салатын болады.
Форумның пленарлық отырысында дипломатиялық миссия өкілдері, мемлекеттік органдар мен қаржы институттарының басшылары сөз сөйледі. ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Инвестиция комитетінің төрағасы Ерлан Қайыров Қызылорда облысындағы негізгі капиталға салынған инвестиция өсімінің оң трендтерін атап өтті. Сондай-ақ, аймақтың өңдеу өнеркәсібінде 1,9 есеге өскенін айтты. Нәтижесінде, өңір саланың негізгі капиталына инвестициялардың өсу қарқыны бойынша көшбасшылардың үштігіне енді.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан».
Қызылорда облысы