Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы – отандық тарих ғылымы үшін мазмұны терең мақала болды. Осы уақытқа дейін тәуелсіз Қазақстан тарихында ұлт тарихымен дәл Елбасымыздай терең айналысқан тұлға бола қойған жоқ. Оның да өзіндік себебі бар. Мен мұны Елбасымыздың тарихқа деген қызығушылығынан гөрі, мемлекеттің идеологиясын қалыптастыру жолындағы қажеттіліктен туындаған қадамына балар едім. Күні кешегі Түркияны құру арқылы түрік ұлтын қалыптастырған Мұстафа Кемал Ататүріктің іс-әрекетіне ұқсайтын бастама дер едім.
Қазақстанның ширек ғасырлық тәуелсіздігі кезеңіндегі тарихи сана қалыптастыру, мәдени мұраларымызды жинақтау, «Мәңгілік ел» идеясын алға шығару, рухани жаңғыру бағдарламасының басталуы сынды кешенді идеологиялық шаралардың қолға алынып, жүзеге асырылуы – ұлттық идеяның ұлы мұраттарынан туындап жатқан қадамдар болды.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2014 жылдың тамыз айында Ұлытаудағы сұхбатында Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту туралы шешім айтуы аса маңызды болды. Елбасының қазақ хандарының ордасы тігілген қасиетті Ұлытау төрінде сұхбат беруі – тек тарихи сабақтастық қана емес, оның қазақ хандарының ұлы мұратын жалғастырушы болып отырғанын анық көрсеткен болатын. Мұның өзі қазақ халқының рухын көтеріп, ұлт ертеңіне деген ерен сенімін ұялатты. Шын мәніне келгенде, Қазақ хандығының дәл қай жылы құрылғандығы туралы мәселенің өзектілігінен де Қазақ мемлекеттілігінің құрылу тарихы мен оның халықтың тарихи санасын қалыптастырудағы идеологиялық рөлі жоғары тұрады.
Барлық уақытта, күллі бір ұлттың немесе мемлекет тарихының мойындалуы оған қатысты тарихи жазба деректерінің нақтылығына ғана емес, сол ұлттың немесе мемлекеттің саяси-экономикалық әлеуетіне де байланысты болып келді. Әлемнің алдыңғы қатарлы 50 мемлекетінің қатарына қосылып, енді алдыңғы отыздыққа кіруді мақсұт тұтқан Қазақ елінің «Қазақ» атауымен тарих сахнасына шыққан мемлекеттілігі тарихының 550 жылдығының күллі әлемде мойындалуы Қазақ мемлекеттілігі тарихын Жошы ханнан, одан әрі Түрік қағанаты кезеңінен, тіпті одан әрі Үйсін, Қаңлы, Сақ мемлекеттерінен бастауға жол ашып беретін идеологиялық мәні терең тарихи қадам болды.
Бұл бағдарламалық мақаланың екінші бөлімінде көрсетілген тарихи сананы жаңғырту бағытында жасалатын шаралардың тарихи маңызы өте жоғары. Ең алдымен, бұл шаралардың жүзеге асырылуы барысында қазақ халқында мемлекетшілдік дәстүр қалыптастырылуы тиіс. Мемлекет деген тек қана биліктің идеологиясы емес, мемлекет деген халықтың идеялық біртұтастығы екеніне қол жеткізу болмақ.
Сонымен қатар Елбасымыз барлық көзі қарақты қауымға осы мақаласында Ұлы даланың төсінде болған барлық өркениеттер мен технологиялық-мәдени жетістіктердің, тағылымды тарихтың иесі – бүгінгі қазақ халқы екенін паш етіп отыр. Төл тарихымызды толықтай түсіне отырып, тарихи сананың жаңғыруына, өткеніміз арқылы өзімізді тануға, ұлт әлеуетінің артуына жол ашпақ ниеттен туған осы мақаланы, әсіресе тарихшылар қауымы дұрыс пайдалана білуіміз қажет дегім келеді. «Архив-2025» жеті жылдық бағдарламасы аясында төл тарихымызды түгендеуге тамаша мүмкіндіктер туғалы тұр. 2020 жылы осы бағдарлама аясында Қазақ Республикасының 100 жылдығын атап өту де маңызды іс-шаралардың бірі болмақ деген ойдамын.
Біздің жүрер жолымыз айқын. Оны да Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев өте дұрыс таңдап алып, біздерге ұсынған болатын. Ол – «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясы. Мәңгілік ел қалыптастыру идеясы – мемлекетшілдік дәстүрдің көрінісі, халықтың біртұтастығы мен еркіндігіне негіз берген қағандарымыздың, Шыңғыс ханнан кейінгі хандарымыздың дәстүрі. Біздің алдымызда ұлы міндет тұр. Ол міндет мемлекеттің атадан балаға қалған аманат екенін жадымызда сақтау және мемлекетшіл ұрпақ тәрбиелеу болмақ.
Сәбит ШІЛДЕБАЙ,
Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының аға ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты