Астанадағы Қазмедиа орталығының киноконцерт залында «Qazaqstan» ұлттық телеарнасында эфирге шыққан «Men qazaqpyn» атты халықаралық мегажобаның қорытынды гала-концерті өтті.
Үкілі жүйріктердің үздіктерін атамас бұрын жұрттың жүрегінен жол тапқан жобаның мақсат, мұраты жайында аз-кем айта кетсек, артық болмас. Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «Салт-дәстүріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс» деген болатын. Қандай да бір ұлттың өзінің ғасырлап қалыптасқан рухани мұрасы салтанат құрып тұрса, ол елдің рухы биік, ұстыны мен ұстанымы мықты болмақ. Уақыттың дауылы мен жауынында жоғалмай, өткен күннің талай сынына төзіп берген өміршең өнер келешектің де өзегін талдырмайтыны анық.
Айта кетейік, Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің қолдауымен «Қазақстан» РТРК» АҚ алғаш рет 2017 жылы жүзеге асырған бұл жобаның бергені аз болмады.
Өткенді бүгінгі күнмен өрнектей отырып ертеңге қызмет еттіру мақсатында қолға алынған «Men qazaqpyn» бүгінде өзінің алға қойған мақсаты мен жүргізілу жүйесі арқылы халықтық жобаға айналды. Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі өнері бар жастардың жарқырап көрінуіне жақсы жағдай жасады. Сонымен бірге Ресей, Қытай, Моңғолия елдерінде тұратын қандастар арасында іріктеу жарыстарын өткізіп, олардың Қазақстанда өнер бәйгесіне түсуіне мол мүмкіндік туғызды. Бір өкініштісі, Қытайдағы қандастар ортасынан келген өнерпаздар былтыр жобаның жуан ортасына келгенде ат басын кері бұруға мәжбүр болып еді, биыл мүлде қатыса алмады...
Обалы не керек, жоба жетекшілері аталған елдерге барып, арнайы түсірілім жасады, сол жерде жасақталған қазылармен жобаға жолдама алатын өнерпаздарды іріктеді. Бұл оңай жұмыс емес. Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Men qazaqpyn» мегажобасына биыл 3 мыңға жуық үміткер қатысып, соның 54-і телеарнадағы жобадағы үлкен бәйгеде бақтарын сынапты. Әрине, қуанарлық жағдай. Бұл біріншіден, ұлттық өнерге ұмтылған жастар қарасының молдығын көрсетсе, екіншіден, былтырғы жобаның сәтті жүзеге асқандығының айғағы.
Сонымен, айтулы концертке мемлекет және қоғам қайраткері, «Men qazaqpyn» мегажобасы қазылар алқасының төрағасы Мырзатай Жолдасбеков, «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрағасы, мегажоба идеясының авторы Ерлан Қарин және «Qazaqstan» ұлттық телеарнасының директоры Еркін Таңатқанұлы қатысып, терме, күй, ән жанрлары бойынша марапаттады.
Осы тұста жобаның жүргізілу ерекшелігі жайында да бір ауыз айта кетуге тура келеді. Аламанға жолдама алған өнерпаз алғашқы айналымда өзі дайындап әкелген шығармасын орындаса, одан кейінгі кезеңдерде ұйымдастырушылар дайындаған туындыны орындайды. Оны тіпті алдын ала білмейді де, міне, осы жерде үлкен жауапкершілік пен тұяқ сүріндірер сын тұр. Бұл айналымда өнерпаз жеребеде шыққан сол туындыны білуімен қатар белгілі шарттармен мектептерге бөлінген әр өңірдің орындаушылық дәстүрін де игерген болуы тиіс. Бұл жиын мен тойда «әу» деп жүрген кез келген әуесқойдың қолынан келетін шаруа емес. Сондықтан бұл әнші мен күйші, жыршының репертуарын да таразыға тартып бағады. «Еңістен салсаң төске озған, ертеден салсаң кешке озған» шын жүйріктердің суырылып шығатын кезеңі де осы.
Сөйтіп, осындай сындардан сүрінбей өткен тоғыз саңлақ бәйгенің қорытынды кешіне келді. Яғни, әр жанрдан үш өнерпаз қара үзіп шықты. Енді марапаттау үшін сахнаға көтерілген адамның аузынан жүректері лүпілдеп отырған үшеудің біреуінің ғана есімі аталмақ. Бұл шешімді айту қазыларға да оңай соқпасы анық. Сонымен, жиналған жұрттың алдына ән жанры бойынша Алпысбек Оңайбайұлы (Маңғыстау облысы), Рауан Əбілбаев (Алматы қаласы), Аяулым Қамажан (Астана қаласы), күй жанры бойынша Жəнібек Жəмиев (Атырау облысы), Шыңғыс Исаев (Түркістан облысы), Таңат Сəденов (Алматы облысы), ал терме жанры бойынша Күнсұлу Түрікпен (Қызылорда облысы), Салтанат Ерсұлтан (Астана қаласы), Аружан Ерімова (Атырау облысы) шықты.
Сонымен, көптен күткен сәт жетті. Терме жанры бойынша жеңімпазды марапаттауға шыққан Ерлан Қарин мырза қолындағы қағаздан Күнсұлу Түрікпеннің есімін оқыды. Сөйтіп, Күнсұлу үздік термеші атанып 1 000 000 теңгені қанжығалады. Ал күй аталымы бойынша марапаттауға шыққан Мырзатай Жолдасбеков Жəнібек Жəмиевтің есімін атап,
1 000 000 теңге жүлдені қолына ұстатты. Ән жанры бойынша жеңімпаз есімін оқуға шыққан Еркін Таңатқанұлы үш үміткердің екеуінің есімін атады. Олар Алпысбек Оңайбайұлы мен Рауан Əбілбаев. Қазылар алқасы жүлдені 500 000 теңгеден екеуіне теңдей бөліп беріпті.
Гала-концертте «Men qazaqpyn» жобасы қазылар алқасының мүшелері Ұлжан Байбосынова, Айгүл Үлкенбаева, Айгүл Елшібаева және І мауысымындағы жеңімпаздары мен биылғы үздіктер өнер көрсетті. Жиында сөз алған корпорация басшысы Ерлан Қарин: «Жобаның мақсаты – еліміздің түкпір-түкпіріндегі дәстүрлі әнші-термеші, күйшілердің басын бір арнада тоғыстырып, еліміздің әр аймағында қалыптасқан өнер мектептерінің таңдаулы туындыларын дәріптеу, атадан балаға мұра болып келе жатқан төл өнеріміз – күй, жыр-термені дамытып, заманға сай жаңашаландырып, өскелең ұрпаққа насихаттау» дей келе, ұлттық өнерге арналған өзге де жобалардың жүзеге асу алдында тұрғандығын айтты. Сондай-ақ жобаны жүзеге асыруға атсалысқан қазылар алқасына, шығармашылық ұжымға және қалың көрерменге алғысын білдірді. Әсіресе, қазылар алқасына ерекше ризашылығын жеткізді. Әділдік пенде баласы үшін белгілі деңгейде шартты ұғым екенін ескерсек те, «Men qazaqpyn» мегажобасына қазылық еткен мамандардың өнерпаздың көзінше артық-кемін айтып отыруы, кешегі Кенендердің көзін көрген, өмірі мен шығармашылығы ұлттық өнермен біте қайнасып кеткен Мырзатайдай асыл ағалардың әр орындаушыға айтқан ескертулері теледидар арқылы ұлт өнері жайында оқылған сабақтай болды десек артық болмас.
Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»