Қазақ әдебиетінің классигі Шерхан Мұртазаның шоқтығы биік шығармалары оқырман қауымның баға жетпес қазынасы. Ал, жас ұрпаққа Шераға шығармашылығын насихаттау, қазақ қара сөзінің қасиетін таныту бүгінде басты мақсат. Осы орайда Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын іске асыру бойынша Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті «Шерхантану» ғылыми-зерттеу орталығының ұйымдастыруымен Тараз қаласында оқушылар арасында облыстық дәстүрлі «ІІІ Шерхан оқулары» болып өтті.
Шерхан Мұртаза шығармашылығының арнасы кең. Жазушының «Қызыл жебе», «Интернат наны», «Мылтықсыз майдан» сияқты шығармалары шынайылығымен ерекше. Сонымен қатар, қаламгер туындыларының ұрпақ тәрбиесінде де алатын орыны бөлек. Жазушы шығармаларын мәнерлеп оқу бойынша облыстық кезеңге 97 оқушы қатысты. Байқау төрт бағыт бойынша өтті. «Жұлдызы нұрлы суреткер» бағыты бойынша бірінші орынды Нұргерім Нұрлан жеңіп алса, екінші орынды Нұржан Асан, Венера Жамбыл, Айгерім Қуанышханова, ал, үшінші орынды Лаура Қиас иеленді.
Ал, «Рух пен намыстың төресі» бағыты бойынша бірінші орынды Медет Батырхан, екінші орынды Камила Данагүл, Камила Алтынбек, Сембек Думан, үшінші орынды Әлішер Нарембай, Әлішер Текебаев, Аслан Нұржасар, Бегім Меңдібаев сынды жас талаптар олжалады. Сонымен қатар, «Зау тұлға» кезеңінде Айгүлім Жайлыбек үздік атанса, екінші орын Айгерім Мүсілім, Аяулым Сәрсенова және Диана Көпекова, үшінші орын Тоғжан Азат, Саламат Осалы, Аяулым Аяжанова, Ғалымжан Тәкеновке бұйырды. Соңғы бағыт «Шерхан Мұртаза мұрасы» кезеңінде Балым Бимұрат жазушы шығармаларын шынайы оқуымен ерекшеленіп, бірінші орынға ие болса, екінші орын Жанель Нышанбай және Ұлдана Сұңғатова, үшінші орын Нұрсұлтан Бегасылов, Аружан Жүнісбай, Ұлмекен Жадыраға берілді.
Айта кетейік, екінші кезеңге 14 оқушы жіберілген болатын. Берілген тест сұрақтары нәтижесінде ең үздік шыққан Т.Рысқұлов ауданынан келген Нұргерім Нұрлан аталған университет грантын, Талас ауданынан келген Венера Жамбыл 50 пайыздық, ал Меркі ауданынан келген Балым Бимұрат 25 пайыз оқу төлемақысы жеңілдігін жеңіп алып, жеңімпаздарға жеңілдіктердің сертификаттары табыс етілді.
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы