Қытайдың Хайнань аралдарында өткен «Әлем аруы-2018» байқауында Димаш Құдайберген қазақша ән салды. Бұл туралы Instagram желісінде сұлулық байқауының ресми парақшасында хабарланды.
«Халықаралық сыйлық иегері, таңғалдырар әнші Димаш тамаша орындауымен тыңдармандарды тәнті етті», деп жазды байқау ұйымдастырушылары. Димаш бұл жолы өзінің композиторлық шығармасы «Ұмытылмас күн» әнін шырқады. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі Димаштың өнеріне тәнті болған желі қолданушыларының шат-шадыман ризашылықтары сәт сайын толассыз ағылуда.
«Бірнеше жыл бұрын қазақ тіліндегі ән «Әлем аруы» байқауында орындалады десе кім сенер еді. Димаш сен мүмкін еместей көрінетін биіктерді бағындырып келесің», деп жазды әншінің елдегі тыңдармандарының бірі.
«Әлем аруы-2018» финалы 200-ге тарта мемлекеттің телекөрермендеріне тікелей эфирде таратылды. Димаш бұл байқауға Қазақстанның атынан өнер көрсеткен Екатерина Дворецкаяға қолдау көрсету мақсатында барған болатын.
Ая ӨМІРТАЙ,
«Егемен Қазақстан»