• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Талбесік Бүгін, 08:50

Жабайы қызғалдақтар қорғауды қажет етеді

40 рет
көрсетілді

Қоршаған ортаның сәні саналатын әрі экологиялық тепе-теңдігін көрсеткіші рөлін атқаратын жабайы қызғалдақтар алқабы бүгінде ерекше қорғауға зәру. Назар аударарлық жайт, осы кезге дейін дала өсімдіктерінің жойылған не азайған түрлері туралы экологиялық мониторинг жүргізілген жоқ.

«Даланы сақтау жабайы қызғалдақ ошақтарын қорғаудан басталуға тиіс», дейді жарты ғасырдан бері еліміздегі экожүйелердің тұрақтылығын зерттеп келе жатқан Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің доценті, биология ғылымдарының кандидаты Ақылжан Телеуов. Өйткені қуаңшылыққа төзімді селеу, бетеге, тырсақ (еркекшөп), жоңышқа, бұршақтұқымдас секілді көпжылдықтармен қауымдаса тіршілік кешетін қызғалдақ таза жерде өседі, ластанған, тозған жерге шықпайды, жанына арамшөп жоламайды. Алайда табиғат пен ауа райының құбылуы, жайылымдарды жырту, бей-берекет құрылыс, жол жөндеу жұмысы сезімтал өсімдіктің өсу аясын тарылта түсті. Дәнінен көктеп, жәндіктер арқылы таралатын, даламыздың сәні – жабайы қызғалдақ жойылса, тұтас жайылым тозады. Сол тұрғыда қызғалдақтың бүлінбеген табиғи ошақтарын сақтау керек.

Қызғалдақтың ежелгі табиғи ошақ­тары Тянь-Шань тауларының бөктері, Алатау, Қаратау, Сыр бойы, Торғай үстірті айналасы. Көктемде даланы құлпыртатын өсімдіктің Грейг, Кауфман, Шренк түрлері елімізде кеңінен танымал. Ақтөбе облысында Шренк (Геснер) қызғалдағының табиғи ошағы Әйтеке би ауданының Сарат ауылдық округіне қарасты Қамқа деген жерде, 60 гектар аумақта өсіп жатыр. Жуашықтары мен гүлдері ірі Шренк қызғалдағының ақ, қызыл, сары түрлерінің арасынан алқызыл, алашұбар, қызыл сары түстері де ұшырасады. Осы алқапқа 2018 жылдан бері зерттеу жүргізіп келе жатқан Ақылжан Нұрхайырұлы осы маңда жер қазу жұмысына тыйым салуды ұсынады. Өйткені карьерлер қазылып, құм мен қиыршық тас алынып жатыр.

«Қамқа – мал тұяғы сирек басатын, ауыл мен жол бойынан өте алыс орналасқан жер. Сәуірдің аяғында осы алқапта әр 100 шаршы метр аумақта 50-65 түпке дейін қызғалдақ өсіп тұрды. Бір өсімдіктің биіктігі 23-27 сантиметр, жуашықтары мен күлтелері өте ірі болып келеді. Бұл аржағы Арқа, Торғай үстіртінен таралған жабайы қызғалдақтың ежелден қалыптасқан таралым ошағы», дейді ғалым.

Дала өсімдігі жер қойнауын пайдаланушылар әрекетінен зиян шегетіні жұртқа мәлім. Мұнай, химиялық реа­генттер қалдықтары төгілген, ауыр көліктер таптаған алқапта артынан өсімдік жамылғысы сирейді. Мұндағы топырақ жамылғысын қалпына келтіруге 15-20 жыл керек. Қызыл кітапқа енген өсімдік алқабында жер қазу жұмысын жүргізуге қызғалдақ гүлдеп, сабағы қурап қалған мезгілде ғана рұқсат беріліп жүр. Мұның зардабы ауыр. Ұңғы орнату, қазу кезінде өсімдіктің жер астында жатқан жуашығына зиян келгендіктен, өспей қалады. Тамырынан емес, дәнінен көбейетін өсімдіктің ерекшелігі осында. Дәні топыраққа түскен соң айналасына құрттар, бактериялар мен саңырауқұлақ шоғырланып, минералды заттар түзіп, жуашығы өседі. Одан кейін жер бетіне сабағы шығады. Бес жыл өткенде ғана гүлдейді. Сондықтан оны жұлуға болмайды.

Өңірдегі танымал табиғи ошақтардың бірі – Тамды өзенінің Темірей деп аталатын сағасындағы қар суымен толығатын бұлақ көзінде өскен қандыағаш (ольха) тоғайы. Темірей Тамдыға, ал Тамды Елек өзеніне құяды. Темірей бұлағын қандыағаш тоғайы ұстап тұр. Қызыл кітапқа енгізілген ағаш төңіректегі экожүйеге осылайша жағымды әсер етеді. Егер Темірей суалса, Тамдыға су келмейді. Тамды суалса, Елекке қауіп. Экожүйені қалыпты жағдайда ұстаймыз десек, алдымен даланы сауықтыруымыз керек. Ол топырақты сақтау, жайылымдық шаруашылықты дамытумен сабақтаса жүргізілуге тиіс. Осы жұмыс арқасында ауылдарда тіршілік жанданады. Жайылымдарды қалпына келтіріп, дәстүрлі шаруашылықтарды өркендету арқылы азық-түлік мәселесін де шешеміз. Адамдар таза табиғи өнімді тұтынады, табиғат жаңарады. Бүгінде ауру түрлерінің көбейіп кетуіне сапасыз азық-түлік тұтынатынымыз да себеп болып отыр. Ауылдарда су тапшылығынан мал бағу қолайсыз, жайылым тозды, шөп те сиреген. Тозған жайылымдарды сауықтыру табиғи өсімдіктер қауымдастығын қалпына келтіруден басталады. Табиғи қауымдастық бұзылғанда, олардың орнын арамшөп басады.

Ақтөбе облысының табиғи жағдайында шөлге төзімді, құрғақ кон­тиненталды климатта өсетін ағаш-бұталарды өсірген жөн. Суды, ерекше күтімді қажет ететін ағашты отырғызу бұл жақта орасан шығынға түседі. Жергілікті климатқа төзімді ағаш-бұталарды отырғызуды орман шаруашылығы мекемелері қолға алған жөн.

Ақылжан Нұрхайырұлы көп жылғы зерттеуі негізінде аяз бен құрғақшылыққа төзімді 45 түрлі ағаш пен бұтаның тізімін жасақтаған. Биолог ғалым өсімдік көшеттерін көбейтіп, далалықтағы өзендер мен жол бойына отырғызуға арнайы мемлекеттік бағдарлама қажет дейді. Түптеп келгенде, табиғатқа қарым-қатынас мәдениетін өзгертуіміз керек. Даланы құр топырақ жамылғысы емес, өзіндік табиғаты қалыптасқан, сай-саласы, өзен-көлі, жерасты суымен жалғасқан бұлақ көздері бар, өсімдігі мен жан-жануарлары тіршілігі қызып жатқан тірі табиғи кешен деп қарау керек.

Еріген қар суын көктемде өсімдік тамырымен бойына сіңіреді, содан жерасты суына қосылады. Өсімдігі жоқ бос жерде еріген су жиналады да, екпіндете топырақ жамылғысын ағызып алып, өзенге құяды. Кейінгі жылдары көктемде қар бұрынғыдай ұзақ ерімейді, далаға сіңбейді, бірден сай-саланы қуалап, өзенге құйылады. Өйткені жолда тамырларымен суды ұстайтын өсімдік жамылғысы сиреген. Жайдақ жерде су көп тұрмайды, не тез буланады. Телегей теңіз су бірден ағып кетеді де, жаз шыққан бойы су тапшылығына ұшыраймыз. Табиғаттағы тепе-теңдіктің бұзылуы, дала өсімдіктерінің таралу аясының кемуі, жер қазу жұмысының күшеюі қоршаған ортаға осындай орасан зиян тигізіп отыр. Сондықтан да даланы қалпына келтіруге салмақты көзқараспен қарап, табиғатқа жанашырлық мә­дениетін қалыптастыру өте маңызды. Ең бастысы – ғалымдардың қатысуымен өсімдік жамылғысының жағдайын талдау мен жануарлар дүниесін сақтауға қатысты ғылыми талдау жүргізу күн тәр­тібіндегі мәселе.

 

Ақтөбе облысы 

Соңғы жаңалықтар