Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев мүмкіндігі шектеулі жандарды құттықтап, автокөліктің кілтін табыстады.
«Елбасы-Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша мүмкіндігі шектеулі жандарға қамқорлық – ең маңызды ұлттық мәселелердің бірі болып табылады. Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясымен қабылданған мүгедектердің құқықтарын қорғау Конвенциясына қол қойды. Олардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында 2013 жылы арнайы Жол картасы бекітілді. Жол картасына әр екі жыл сайын толықтырулар мен өзгерістер енгізіліп, оны жүзеге асыруға бюджеттен 23 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінді. «Жол картасына» сәйкес тиісті жұмыстар жүргізілуде. Бастысы, Сіздердің өмір сүруге деген құштарлықтарыңыз, жұмыс жасауға деген ынталарыңыз, жетістікке жетем деген жігерлеріңіз болса, алынбайтын қамал жоқ!», деді облыс әкімі.
Іс-шарада мүмкіндігі шектеулі белсенді азаматтар – спортшылар, әншілер мен бишілер, еріктілер мен кәсіпкерлер марапатталды. Денсаулығынының нашарлығына қарамастан олар өз отбасыларын қамтамасыз етіп, республикалық және халықаралық жарыстарда жеңіске жетіп, бір-біріне және басқа да адамдарға көмек, қолдау көрсетеді. Мысалы, Сағатбек Сүйеуовтың жетекшілігімен «Жылы жүрек» еріктілер тобы кішкентай қызылордалық қыздың операциясына ақша жинауға көмектесті. Қалалық қарттар үйіне жаңа жылдық кеш және мерекелік іс-шара ұйымдастырды. Сондай-ақ, ол «Ерекше билер» жобасы аясында хореографиялық топ құрған. Амангелді Суханберлиев – ақын, жазушы, Қазақстанның құрметті журналисті. Сонымен қатар, денсаулық сақтау саласының үздігі, денсаулық сақтау саласының жоғары санатты ұйымдастырушысы. Күлпаш Күншығарова-әнші, бірнеше қалалық және облыстық байқаулардың жүлдегері, биылғы жылы өзінің шығармашылық кешін өткізді.
Шарада жаттықтырушылар мен жоба демеушілерінің еңбектері ерекше атап өтілді.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Қызылорда облысы