• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 11 Желтоқсан, 2018

Көпті қуантқан «Balapan» қаһармандары

1043 рет
көрсетілді

Өткен жұмада Астанадағы «Сарыарқа» кинотеатрында «Қазақстан» РТРК» АҚ «Balapan» телеарнасы түсірген үш бірдей көп сериялы анимациялық фильмнің тұсауын кесті.

Тәуелсіз қазақ анимация­сы тарихында тұңғыш рет төл қаһармандар туралы­ әр­қайсысы 10 сериядан түсі­рілген «Айдар», «Дала ойын­дары» және «Ертемір» атты 3D форматтағы мультхикая­лар – бүгінгі отандық телевизия саласындағы біре­гей үздік жобалар санатын­да. «Balapan» телеарнасы директоры Мақпал Жұма­бай­д­ың бастамасымен жа­рық­қа шыққан айтулы туынды­лардың әрқайсысы өзінің идея сонылығы, мағыналық маз­­­мұн және ең бастысы қа­зақы бояу-қалыбымен дараланады. 

«Біз тұңғыш рет қазақтың төл анимациялық супер қа­һар­мандарын көрермен назарына ұсынып отырмыз. Бұл жо­баларды жүзеге асыру үшін еліміздің анимациялық қауым­дастығы жұдырықтай жұ­мылып жұмыс істеді. Осы мультхикаялар арқылы отан­дық анимацияның жа­ңа кезеңі басталарына се­нім­діміз. «Balapan» қаһар­ман­дары «Дала ойындары», «Айдар», «Ертемір» мульт­хикаялары арқылы әр бала­ның жүрегіне жол тартады. Бұл – әр жобаны зор жауап­кершілікпен жүзеге асыр­ған, әр кейіпкерді аялап, әл­пештеген шығармашылық командамыз үшін де, қазақ баласы үшін де тарихи сәт деп ойлаймыз», деді М.Жұмабай.

10 желтоқсаннан бастап «Balapan» телеарнасы арқылы кіш­­кентай көрермендер на­за­рына жол тартқан туын­дылар әлі-ақ «Өрмекші адам» секілді жаһан жеткіншектерінің жү­регін жаулаған кейіпкердің орнын басып, қазақ баласы өзінің төл қаһармандарына елік­теп, соларға қарап бой түзейді деген сенім мол.

Назерке ЖҰМАБАЙ,

«Егемен Қазақстан»