• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қаржы 11 Желтоқсан, 2018

Бірқатар министрліктер мен өңірлердің әкімдері мемлекеттік бюджеттің орындалуы туралы баяндады

166 рет
көрсетілді

Бүгін Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкіметінің отырысында қаржы министрі Ә. Смайылов, сондай-ақ бірқатар министрліктер мен өңірлердің әкімдері 2018 жылдың 11 айындағы мемлекеттік бюджеттің орындалуы туралы баяндады, деп хабарлайды primeminister.kz.

Қаржы министрі Ә. Смайылов 11 айдың қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджеттің орындалуы туралы баяндай отырып, мемлекеттік бюджеттің кірістері (трансферттерді есепке алмағанда) жоспардан 102,6%-ға асыра орындалғанын жеткізді. Бюджетке 7,38 трлн теңге қаржы түсті. Бұл 2017 жылғы көрсеткіштен 232 млрд теңгеге көп. Республикалық бюджет кірістерінің жоспары 102,1%-ға және жергілікті бюджеттер 104%-ға орындалды.

Қаржы министрі жүргізілген іс-шаралардың нәтижесінде 2017 жылдың 11 айымен салыстырғанда бюджет қаражаттарын игеру қарқыны біраз жақсарғанын атап өтті. Мемлекеттік бюджеттің шығыстары 98%-ға игерілсе, республикалық – 98,6%, жергілікті бюджеттер – 98,2% орындалған.

Қаржы министрлігінің деректеріне сәйкес, республикалық бюджетке 5,3 трлн теңге кіріс түсті, бұл 2017 жылдың жылдық жоспарынан артығымен орындалды. Шикі мұнайға салынатын экспорттық кеден бажы және пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салықтардың жылдық жоспары 109 млрд теңгеге және 38 млрд теңгеге асыра орындалды.

Кірістердің өсу қарқыны 120% құрап, былтырғы жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда бюджетке 873 млрд теңге көп түсті. Олар негізінен салық түсімдерінің есебіне келеді.

«Салықтардың өсуіне біріншіден, экономиканың жекелеген салаларындағы тауарлар өндіру мен қызметттер көрсету көлемінің ұлғаюы әсерін тигізді. Екіншіден, негізгі экспорттық позициялар бойынша бағаның және мұнайдың, АҚШ доллары бағамының орташа бағасының өсуі де себеп болды. Үшіншіден, салықтық және кедендік әкімшілендірудің жақсаруы», — деп Ә. Смайылов кірістердің, оның ішінде салықтардың ай сайынғы орындалу серпінін ескере отырып, жыл соңында республикалық бюджеттің таза кірістері шамамен 103%-ға орындалады деп күтілетінін атап өтті.

Республикалық бюджеттің шығыстары осы жылдың 11 айында 8,7 трлн теңгені немесе 98,6% құрады. ҚР ҚМ деректеріне сәйкес, жыл қорытындысы бойынша, республикалық бюджет шығыстарының орындалуы 99,6% деңгейінде күтілуде.

«Есепті кезеңде өңірлерге 698 млрд теңге мақсатты трансферттер бөлінді. 668 млрд теңге немесе 95,6% жергілікті деңгейде игерілді. 30 млрд теңге орындалмады. Оның 2 млрд теңгесі – үнемдеу сомасы. 28 млрд теңге игерілмеді. Бұл өткен жылдың 11 айындағы көрсеткіштен 34 млрд теңгеге төмен», — деді Ә. Смайылов.

Жақында жүргізілген бюджет түзетуінде 8 млрд теңгеге мақсатты трансферттердің көлемі қысқартылды. 1,8 млрд теңге өңірлер арасында қайта бөлінді. Қаржы министрі бөлінген трансферттердің жергілікті органдармен толық игерілуіне барлық жағдай жасалғанын айтып өтті.

Бюджеттің қаражаттарының жұмсалу барысын бақылау туралы баяндай отырып, Ә. Смайылов аталған мәселе тұрақты бақылауға алынғанын атап өтті. 11 айдың ішінде 2887 аудиторлық тексерістер жүргізілді. Бюджет қаражатының қамтылған сомасы 1,5 трлн теңгені құрады. 155 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталды. Бұл 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 60%-ке төмен. Тексеру кезінде атқарылған жұмыс, көрсетілген қызмет, тауарды жеткізіп берумен, бюджетке қайтарумен, есепте көрсету жолымен 134 млрд теңгеге бұзушылықтар жойылды. Аудит объектілеріне 2243 ұсыныс жіберілді. Оның 1395 орындалды.

Қорытындылай келе, Ә. Смайылов барлық әкімшілерге 2019 жылдың бюджетіне мемлекеттік сатып алулардың алдын ала жоспарларын бекіту және тиісті конкурстарды жариялауды бастау ұсынылғанын атап өтті. ҚР ҚМ соңғы деректеріне сәйкес, мемлекеттік сатып алулар порталында 5 трлн теңгеге сатып алулар жарияланған. Оның ішінде, ашық конкурс түрінде — 3,4 трлн теңгеге.

«Осы жұмыс Қаржы министрлігінің бақылауына алынған. Есепті кезеңнің нәтижесі бойынша 2018 жылы республикалық бюджет кірістері 103%-ға, шығыстар – 99,6%-ға орындалады деп күтілуде», — деп түйіндеп Ә. Смайылов, келесі қаржы жылына ауысатын кассалық қалдықтар шамамен 200 млрд теңгені құрайтынын, бұл сома жаңа қаржы жылының шығыстарын уақытылы және үздіксіз қаржыландыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Отырыс барысында өңірлерде бөлінген қаражатты игеруді қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы Маңғыстау облысының әкімі Е. Тоғжанов, Түркістан облысының әкімі Ж. Түймебаев, Қызылорда облысының әкімі Қ. Көшербаев, Астана қаласының әкімі Б. Сұлтанов, сонымен қатар Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Л. Тұрлашов, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары С. Шайдаров тыңдалды. Жыл соңына дейін бөлінген бюджет қаражатын сапалы игеру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы Премьер-Министрдің орынбасары – ауыл шаруашылығы министрі Ө. Шөкеев, қорғаныс министрі Н. Ермекбаев, ішкі істер министрі Қ. Қасымов, білім министрі Е. Сағадиев, мәдениет және спорт министрі А. Мұхамедиұлы баяндады.