Алина Соловьева – жалпы білім беретін мектептерге қос тілде оқулық жазған автор. Шымкенттегі А.Пушкин атындағы мектеп-гимназияның білікті ұстазы 27 жылдан бері биология пәнінен дәріс береді. Жасөспірімдер психологиясын жетік меңгерген ұстаздың шәкірттері 45 минуттық дәрісіне кешікпейді. Тіпті үлгерімі көш соңындағы оқушылар да дәріске бастан-аяқ қатысады. Әріптестері де әр оқушының ерекшелігіне қарай дәріс оқитын ұстаздың ғылыми ізденісін жоғары бағалайды.
Ол шын мәнінде ағартушылық қызметке жан-тәнімен берілген шебер кәсіби мұғалім. Ұжымдастарының айтуынша, тіпті демалыс күндері де оқушыларын олимпиадаға дайындайды.
Алғашқы еңбек жолын жоғары оқу орнында ұстаздық етуден бастады. Бүгінде қала ортасындағы білім ордасында сабақ берумен қатар қоғамдық жұмыстарға да белсенді араласып, мектеп кәсіподақ комитетінің төрайымы міндетін қоса атқаруда. Әр жылдары «Білім беру ісінің үздік қызметкері», «Жыл мұғалімі», сондай-ақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен берілген «Ерен Еңбегі үшін» медалі педагогке ХХІ ғасыр бәсекесіне қабілетті, білімді ұрпақ тәрбиелеу жауапкершілігін жүктеді.
Білікті маманға республиканың әр өңірінен хабарласқан әріптестері «Биологияны оқытудың жаңа әдістемесін қалай ойлап таптыңыз?», деп сұрап жатады. «Кез келген педагог өз саласының жілігін шағып, майын ішкен болуы керек», деп қысқа қайырады ол. «Сабақ өтуде құпия әдістеме жоқ. Кез келген адам елге еңбек сіңіруі тиіс деген қағиданы ұстанамын. Оқушыларыма титтей болса да пайдам тисе, ұстаздық еңбегімнің ақталғаны. Өзім жазған оқулықты оқушыға үйретіп қана қоймай, оны тәжірибе жүзінде тың дүниелермен сабаққа енгізіп отырамын», дейді А.Соловьева.
Сабақтарында Темір Галиевтің жүйелік тәсіл технологиясын қолданатын ол орта және жоғары оқу орындарына арналған жүйемен биологияны оқыту әдістемесі психология пәнімен тығыз байланысты екенін айтады. Сондықтан әр сынып оқушыларының жас ерекшеліктеріне байланысты мінез-құлқын біліп, әр жасқа шама-шарқынша түсіндіруге тырысады. «Бүгінгінің балалары неге қызығады? Оларды оқулыққа қалай қызықтыра аламын?» деген сұрақтарға жауап іздейді. Әрине психологияның заңдылықтарын білу оқыту мен тәрбиелеудің тиімді құралдары мен әдістерін табуға көмектеседі. Соңғы кездері әдістемелік зерттеулер кеңінен психология мәліметтеріне негізделуде. Сондықтан дәріс үстінде баламен бала, данамен дана болуға тура келеді.
«Биология пәнін дұрыс оқыту үшін не істеу керек?» дегенде жүйкеге салмақ қосудың қажеті шамалы. Қарапайым қағида. Бұл үшін жақсы жабдықталған бөлме, түсінікті, жатық тілде жазылған ғылыми-әдістемелік оқулық, табиғат бұрышы, мектеп жанындағы оқу-тәжірибе алаңы жеткілікті.
Алайда Алинаның оқыту әдісінің аздап өзгешелігі де жоқ емес. Айырмашылығы, биология пәнінің тақырыптарын 5-7 сабақ бойы алдыңғы бөлімдермен сабақтастырып оқытады. Бірінші дәрісте жалпылама түсіндіріп, ал қалған бөлігінде терең зерделей түседі. Әлбетте жоғары оқу орнындағы жүйені мектептерде толығымен жүзеге асыру мүмкін емес. Себебі жоғары оқу орындарындағы сияқты оқушыларды қатаңдықпен оқытуға болмайды. Жалпы оқушыға беретін ақпарат пен оның нәтижесі екі бөлек дүние. Тағы бір айта кетерлігі, билогия пәні кез келген ғылыммен тамырлас, төркіндес. Сол себепті мұғалім жас ізденушіге өз пәнінің спецификациялық ерекшеліктерін өзге де ғылыммен ұштастырып дәріс оқи білуі керек.
Бүгінде ақпарат ағынының молдығы, күйзелістен ерте есею салдарынан балалар өздерінше өмір сүргілері келеді. Қоғам эталонын қабылдай бермейді. Сол үшін оқушыға білгір, ой-өрісі жоғары, жаңашыл ұстаз керек. Ұдайы ізденіс ұстазды шәкірт алдында ұлағатты етеді. Шын ұстаз зертхана мен кітапхананың арасына жол сала білуі қажет.
«Шәкірттерім өте көп. Дегенмен барлығы биолог болады деп айта алмаймын. Оның ішінде санаулысы ғана осы пәнге бет бұрып, қызығушылығының нәтижесінде алға жылжиды. Бұл арада қатып қалған қасаң қағида – барлығы мұғалімге байланысты деу қате. Оқушыларымның арасында болашақ дарынды балаларға арналған мектеп директорлары, дәрігерлер, зертқхана басшылары, биология ғылымдарының докторлары, денсаулық сақтау министрі болуы мүмкін. Мектеп – барлық балаға өзінің қалағанындай білім беретін мекеме. Ал әрі қарай салаға бет бұруды таңдау өз еркінде», дейді А.Соловьева.
Ол педагогика саласында 12 оқулық пен оқу құралын құрастырды. Соның ішінде 10 еңбегі жарық көрді. Ал соңғы ғылыми жұмысы – 8-сыныпқа арналған әдістемелік оқулық. Бұл еңбек биылдан бастап республика мектептерінде оқытылуда. Себебі бұл сараптамадан өткен жалғыз жұмыс. Талдау нәтижесінде сапалы кітаптар ғана баспаханаға жіберіледі. Ал сапасы сын көтермейтіндері толықтырылып, келесі жылы тағы арнайы комиссияға ұсынылады. Соңғы жылдары тынбай еңбектенудің арқасында 8-сыныпқа арналған қос тілде жазылған кітап еліміздегі жалпы орта мектеп оқушыларына жол тартты.
«Бұл оқулықтың жарыққа шығуына кемінде 3 маманның еңбегі сіңді деп есептеймін. Жеке-жеке айтар болсақ, ғылым селекциясында биофизика, робот техника бойынша ғылым докторы, профессор Нығметулла Асанов, мұғалім әдістемесіндегі жаңа тәсілдер бойынша биология пәнінің мұғалімі Бақыт Ибраимованың еңбегі ерен. Дегенмен бір шындықты айтпай кетуге болмас. Оқулыққа кімдердің талдау жасағандығы құпия. Біз жазған еңбектер сарапшыларға және Қазақстандағы 30 мектепке сынақ ретінде оқуға жіберіледі. Әдістемелік оқулықтар сынақ ретінде оқытылатын мектептердің мұғалімдерімен ортақ байланыс жоқ. Егер сол кәсіби ұстаздармен жолықсақ, олардың ойы мен ұсыныстарын білер едік. Жуырда сол 30 мектептің ішіндегі Атыраудың мұғалімдерімен сөйлесудің сәті түсті. Үш ай бойы зерттеп-зерделеудің нәтижесінде оларды мазалаған сұрақтарға жауап бердік. Егер оқу-оқытудағы тәжірибесі мол мұғалімдерден құралған топ жиі кездесіп, ұсыныс-жобаларын ортақ талқы алаңына салса, оқулық сапасының артуына үлкен үлес қосқан болар еді. Әзірге біз оқу орталықтарымен тек хат алмасу әдісі бойынша байланыстамыз. Қазір мектеп оқулықтарына сараптама жасау қиындап кетті. Кітаптарға тағылатын сын өте көп. БАҚ беттерінде түрлі оқулықтар жайлы даулы дүниелер жарыққа жиі шығып жатыр. Бұл мемлекет тарапынан жоғары деңгейде талдау жасау керектігін көрсетеді. Өйткені болашақ ұрпақтың тағдырына тікелей қатысты мәселеге бейжай қарауға болмайды», дейді Алина Робертовна.
Мұғалімнің айтуынша, Білім және ғылым министрлігі енгізген 30 сынақ мектебі жақсы идея, бірақ, бір кемшілігі мектептің кітапты таңдау құқы жоқ. Мәселен белгілі автордың немесе баспаның кітабына тапсырыс берсе, мемлекеттік сатып алу арқылы басқа кітаптар келеді. Әр білім беру мекемелерінің таңдауын ескеру тапсырыс берушіге қиындық туғызады. Егер таңдау мұғалімде болып, ол өзі қалаған кітап арқылы сабақ беретін болса, онда баспалар мен авторлардың сапасы артып, оқулықтың мазмұны толысар еді.
А.Соловьева биологиядан 9 және 10-сыныпқа арналған жаңа оқулық әзірлеуде. Сарапшы топтың талқысынан өтсе, келесі жылы оқу бағдарламасына енбек.
Ұстаздың жоспары көп. Соның бірі – жаңа әдіспен дайындалған оқулықтар циклын аяқтау. Бүгінде ол биохимия мен нанотехнологияны қамтыған оқулықты дайындау үстінде. Одан кейін оқушыларын олимпиадаға дайындамақ. Үлгі тұтар оқушыларының арасында Күләш Жүмәділованы айтуға болады. Ол Назарбаев Университетін тәмамдап, қазір Мәскеудегі Сколково университетінде білім алуда. Тағы бір оқушысы Ресей ғылым академиясының гендік биология институтының аға ғылыми қызметкері.
– Ұстаздық – жауапкершілігі жоғары ұғым. Көп ізденуге тура келеді. Ашық дерек көздерін, жоғары оқу орындарына арналған әдебиеттерді қолданамын. Кейде жұмыстың көптігінен мектепте қонуға тура келген күндер болғанын жасырмаймын. Бүгінгі таңда түрлі курстарда жоғары оқу орнына дайындау сабақтарын да жүргіземін. Таңның атқанынан күннің батқанына дейін бар ойым білгеніммен бөлісу, білмегенімді үйрену, дейді А.Соловьева.
Нұршат ТӨКЕН,
«Егемен Қазақстан»