Қала – тіршілікке қан жүгіртер күретамыр, экономика тетіктері шоғырланған драйвер, мәдениеттер тоғысқан жайлы өмір сүру ошағы. Яғни алып мегаполистердің мемлекет дамуындағы маңызы жоғары. Бұл ретте 1981 жылы миллионыншы тұрғыны туған Алматыдан кейін араға ұзақ жыл салып, Тәуелсіздіктің ширек ғасыры өткенде Астана мен Шымкент қалаларының миллиондық межеге жетуі өте қуанышты жайт. Бұл – Тәуелсіздік жемісі. Өйткені қала ең алдымен жұмыс пен табыс көзі, сапалы әлеуметтік қызмет пен заманауи білім алу кепілі. Осы орайда миллион тұрғыны бар қалаларымыздың тынысына шолу жасаған едік.
АЛМАТЫ
Алматы – Тәуелсіздіктің алтын бесігі. Ел тәуелсіздігі жарияланған, ертеден қалыптасқан келбетімен егемендіктің елең-алаң жылдарында елге ес болған, ел ертеңіне сенім боларлық іргелі істердің ұйытқысына айналған аяулы шаһар. Алматы – Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы астанасы. Мемлекеттіліктің қастерлі рәміздері мен институттары осы қалада қалыптасып, бекіді. Тіпті, Кеңес Одағы сынды алып ел тарағанда құрамына мүше болған елдердің келесі интеграциялық алаңы ретінде ТМД ұйымының құрылымы осы қалада қаланды. 1927 жылдан 1997 жылға дейін жетпіс жыл бойы қазақ елінің астанасы болған алып шаһарда бүгінде 1 848007 Статистика комитетінің дерегі бойынша тұрғын тұрады. Сондай-ақ қала 2,5 млн-ға жуық тұрғыны бар еліміздегі ең ірі агломерацияның да орталығы саналады. Бүгінде Алматы республикалық бюджеттің 30 пайызына жуығын қамтамасыз етіп отырған бірден-бір донор қала.
Құрылысы ұзаққа созылған Қазақстандағы алғашқы метрополитен 2011 жылы 1 желтоқсанда Алматыда пайдалануға берілді. Жыл сайын метро жолаушыларының саны артып келеді. Бір жыл ішінде 14 миллион жолаушыға дейін қызмет көрсету деңгейіне жетті. Ұзындығы 11 шақырымнан асатын алғашқы бағыт 9 бекеттен тұрады. Қазір қаланың батыс бағытына жеткізетін бөлігінің құрылысы жүргізілуде.
Алматы – еліміздегі бұқаралық спорт түрлерін дамытуға ден қойып отырған шаһар. Бұл ретте 2011 жылы Астанамен бірге қалада қысқы Азиада ойындары өтсе, 2017 жылы қысқы Универсиада ойындары ұйымдастырылды. Осы халықаралық жарыстар аясында көптеген заманауи спорт кешендері пайдалануға берілді. Бұл нысандар қазір алматылықтардың игілігіне қызмет етуде. Алматы қаласының ірі іскерлік орталығы ретінде дамуы урбанизация үрдісін тездетті. Соңғы жылдары қала аумағына жаңадан құрылған екі әкімшілік бірлестік – Алатау және Наурызбай аудандары қосылып, қала инфрақұрылымының дамуы кеңейе түсті.
Қалада әсіресе, жол инфрақұрылымы жақсарып, үлкен жолайрық кешендері жүйесі қалыптасты. Бұл көлік кептелісін азайтуға, экологиялық ахуалды оңтайландыруға септеспек. Биыл қаланы сақина тәрізді айналып өтетін Үлкен Алматы айналма жолының батыс бөлігінің құрылысы басталды.
АСТАНА
Жаңа тұрпатты Қазақстанның ХХІ ғасырдағы келбетіне айналған Астана биыл 20 жылдық мерейтойын атап өтті. Алатаудан Арқа төсіне көшкенге дейін кеңестік кезеңде тың игерушілер, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары облыс орталығы функциясын атқарып келген қаланың осы жылдардағы әлеуметтік-экономикалық дамуы ел тарихында бұрын болмаған жедел қарқынмен өрбіді. Есіл өзенінің жағалауына тұтас жаңа қала салынды.
Бүгінде елдіктің нышанына айналған мемлекеттік-әкімшілік, тұрғын үй және әлеуметтік нысандар бой көтеріп, әлемдегі ең жас әрі футуристік сипатта салынған елорда пайда болды. Тоқсаныншы жылдары тұрғындарының саны 300 мыңға да жетпейтін қалада бүгінде Статистика комитетінің дерегі бойынша 1 065 903 адам тұрады.
Астана – бейбітшіліктің қаласы. Бұл сипаттама шаһарға 1999 жылы ЮНЕСКО шешімімен берілді. Шын мәнінде, Қазақстан елордасы жаһандық үнқатысулардың ашық алаңына айналды. Мемлекеттер басшыларының басқосулары, Әлемдік діндер мен конфессиялар лидерлерінің съезі, әйгілі саясаткерлер мен қоғам және өнер қайраткерлерінің жүздесетін, пікір алмасатын айтулы жиындарын абыроймен өткізіп келеді. Атап айтқанда, геосаяси интеграциялардың маңызды платформасы ретінде қалыптасқан Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Ислам Ынтымақтастық Ұйымы, Еуразиялық экономикалық одағы және басқа да халықаралық ұйымдарға мүше мемлекеттердің басшылары ортақ бәтуаға келген саяси һәм экономикалық басқосулардан бөлек, Астана экономикалық форумы сияқты халықаралық жиындарды, Сирия процесі іспетті бітімгершілік мақсаттағы келісімдерді елорда төрінде өткізу дәстүрге айналды.
Ең бастысы, Астана былтыр ЭКСПО-2017 мамандандырылған халықаралық көрмесін ойдағыдай өткізді. Бұл жаһандық маңызы бар жиын Қазақстанның «жасыл» экономиканы дамытуды қолдауға белсене қатысатынын паш етті. Қазіргі кезде ЭКСПО мұралары ретінде «жасыл энергетика» жобалары ел өңірлерінде жүзеге асырылуда. Сондай-ақ көрмеге арнап салынған ауқымды кешен аумағындағы «Астана» халықаралық қаржы орталығы шетелдік капитал тартудың катализаторына, «Astana Hub» халықаралық ІТ стартаптар технопаркі еліміздің инновациялық экожүйесін дамытатын локомотивке, ІТ университет цифрлы технологияларды кіріктірудегі ынтымақтастыққа жол ашатын жобалар ретінде белгілі бола бастады. Кешен аумағында басқа да қала тұрғындары мен қонақтарына қызмет көрсету нысандары жұмыс істейді.
Сонымен бірге әлеуметтік нысандар қатары артты. Елорда бүгінде медициналық туризмге қолайлы заманауи емханалар кластері, халықаралық стандартқа сай білім беру жүйесі қалыптасқан және табиғаты қатаң болса да өмір сүруге қолайлы «ақылды қала» ретінде дамып келеді. Қаланың жасыл белдеуі ретінде егілген Астана орманы тәуелсіздік жылдарында жайқала өсіп, 15 мың гектарға жуықтады.
ШЫМКЕНТ
Биыл мамыр айында Шымкент қаласына жасаған сапары барысында Мемлекет басшысы қала тұрғындарының саны миллионға жеткенін жариялады. Осылайша, Елбасы Жарлығымен шырайлы шаһарға республикалық мәртебе берілді. Ал Түркістан облысы ретінде қайта құрылған өңірдің орталығы киелі қала Түркістан болып бекітілді.
Шымкент – елімізде тұрғындарының еңбекқорлығымен ерекшеленетін шаһар. Күнгей өңірдегі көп қалалардың тарихы тым тереңде жатыр. Шымкент шаһарының да тарихы сол қалалармен тамырлас болғандықтан кемі 2 мың жылдан аса шежіресі бар. Ал биылдан бастап қаланың дамуында жаңа бетбұрысты кезең басталды. Соның бірі 2020 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы аясындағы «Шымкент сити» жобасы. Бұл жоба үшінші мегаполис атанған қаланың жаңа іскерлік және әлеуметтік кешенін қалыптастырады деп күтілуде. Қала мәртебесінің өзгеруі инфрақұрылымда қордаланған өзекті мәселелерді, тұрғын үй, әлеуметтік қызмет көрсету, ирригациялық проблемаларды шешуге жол ашады. «Өмір адамға бір-ақ мәрте беріледі, оны Шымкентте сүру керек» деген Елбасы сөзіне сүйенсек, шынында шырайлы, бау-бақшалы шаһармен сауда-саттық, сервис жағынан таласатын қала елімізде аз.
Бүгінде қала аумағы 40 мың гектардан 117 мың гектарға дейін ұлғайды. Сайрам, Төле би және Ордабасы аудандарынан бірқатар елді мекен қала аумағына қосылған соң жаңадан төртінші болып Қаратау ауданы құрылды. Бұл қала елімізде автокөлік жолының ұзақтығымен ерекшеленеді. Яғни, қаланың ішкі жолдарының ұзақтығы 2135 шақырымды құрайды.
Шымкент қаласының туристік тартымдылығы айрықша. Қаладағы саяжайлар мен тарихи орындар һәм қонақүйлер мен мейрамханалардағы қызмет көрсетудің жоғары сапасы мен тұрғындардың қонақжайлылығы туристік әлеуетті нығайта түсуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ Шымкент төмен көміртекті тұрақты дамуға арналған қалалар тізіміне еніп, экологиялық бастамалардың орталығына айналуды көздейді. Келер жылы қала аумағында веложолдар салу көзделіп отыр.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»