• RUB:
    5.58
  • USD:
    474.72
  • EUR:
    515.17
Басты сайтқа өту
Қазақстан 14 Желтоқсан, 2018

Тоғыз жолдың торабына айналған Ұлы дала елі

528 рет
көрсетілді

Ел инфрақұрылымын дамыту алдымен экономи­ка­лық дағда­рыстың алдын алып, халықтың әлеу­мет­т­ік ахуалын арттырудағы не­гізгі тетік. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздіктің алғашқы жыл­дарынан-ақ көліктік-ло­гис­ти­­калық жүйені дамытуға, автомобиль жолдарын, темір жол секторын және логистика жүйесін жандан­дыруға мән берді. Күні кеше ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен «Индустрияландырудың екінші бесжылдығы: Қазақстанда жасалған» атты телекөпірде Елбасы аталған салада атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді.

Жол салудағы белсенділік

– Елімізде жол салу мәсе­ле­сінде айтарлықтай жұ­мыс ат­қа­ры­лып жатыр. Ин­фра­құры­лымды да­мыту көптеген қара­жат­ты қа­жет етеді. Қазақстанның күші осы­ған жетіп отырғанына тәуба дей­міз. Тәуелсіздіктің алғашқы жыл­дарында жол салатындай жағдайымыз болған жоқ. Қазір бірне­ше бесжылдықтың ішінде қанша­ма жол салынды, алыс-беріс артты. Темір жол саласын да дамы­тып жатырмыз. Тарихта қазақ­тар ешқашан мұндай жолмен жүрмеген. Бұрын-соңды ел ау­ма­ғында мұндай жол болма­ған, − дейді Елбасы. 

Расында, кеңес кезінен қалған инфрақұрылымның деңгейін қа­зіргі жағдаймен салыстыруға кел­мей­ді. Мәселен, 1991 жылы жалпы пайдалануға берілген автомо­биль жолдарының ұзындығы 83,1 мың шақырымды құрады, оның ішінде республикалық желі 20,2 мың шақырым болатын. Са­лыс­тыр­­­малы түрде 2018 жылғы 1 сә­уір­­дегі жағдай бойынша жалпы пайда­­ланымдағы автомобиль жолда­рын мысалға келтірсек, еліміз­дің тас жолдарының жалпы ұзын­дығы 95,9 мың, оның ішінде респуб­ликалық желі 24,4 мың ша­қырымға жетті. 

Тәуелсіздіктің алғашқы жыл­да­ры-ақ Мемлекет басшысы рес­публика бойынша жол салу мә­се­лесіне ерекше басымдық берді. Бұл саланың тамырына қан жүгірткен алғашқы құжат 1992 жылғы 1 қаңтарда қа­был­­­данды. Сол арқылы 1999 жылға дейін республикалық бюд­жет­­тің 70 пайызы, жергілікті бюджет­­тің 30 пайызы жол салу үшін арнайы құрылған қорға құйылып отырды. Бұл мерзімде пайдаланымдағы автожолдарды жөндеуге және ұстауға 500 млн АҚШ доллары жұмсалған екен. Бөлінген қаражат есебінен 1993-1999 жылдар аралығында 25 мың шақырымнан астам автожол жөнделді. Мемлекет тарапынан бұл салаға ерекше назар аударылғанын 2001 жылды «Жол жылы» деп жариялағаннан-ақ түсінуге болады. Аталған бағдарлама аясында алғашқы жоба Оңтүстік Қазақстан облысында жүзеге асты. 

Еуропа мен Азияны жалғады

Қазақ жері Еуропа мен Азия елдерінің бір-бірімен ты­ғыз қарым-қатынас жасаған жол­да­ры­н­ың торабында орналасқан. Сондық­тан ірі екі құрлықты байла­­­н­ыстыратын орталық ретінде халықаралық ірі жоба­лар­дың тиімділігіне баса назар аударылды. 2009 жылдан бастап жалпы ұзындығы 8 445, оның ішінде Қазақстан аумағы бо­йынша 2 787 шақырым болатын «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлі­зі­нің ең ірі ауқымды жобасын іске асыру басталды. Бұл дәліз рес­пуб­ликаның тұрғындары ең көп қоныс­танған бес аймағы: Ақтөбе, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Алматы облыстары бойынша өтеді, онда жалпы елдегі халықтың тең жартысына жуығын құрайтын 7,9 млн адам тұрады. 2010 жылы Үкімет қаулысымен Қазақстанда көлік инфрақұрылымын дамытудың 2010-2014 жылдарға арналған бағдарламасы бекітілді. Осы бағдарлама аясында бұған дейін қолға алынған жобалар іске асып, «Көкшетау – Петропавл», «Бейнеу – Шетпе», «Алматы – Талдықорған» автожолдарын қайта жаңарту және Көкшетау қаласын айна­лып өту құрылысы басталды. Одан кейін 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық дамытудың мемлекеттік бағдарламасы әзір­ле­ніп бекітілді. Мемлекеттік бағдарлама аясында 7 мың ша­қы­рым автожолды салу және қайта жаңғырту, республикалық ма­ңы­зы бар 10 мың шақырым автожолды жөндеу көзделген.

Темір жол − экономика негізі

Тәуелсіздік алғаннан кейін Елбасы пәрменімен еліміздің төрт бұрышын жалғастыратын жолдар ашылды. «Қазақстан-2030» бағдарламасының талаптарына сай 1998 жылы мамыр айында ел тарихында алғаш рет Павлодар облысының Ақсу қаласы мен Шығыс Қазақстан облысындағы Деге­лең арасындағы темір жол құры­лысы басталды. Одан кейін, Қостанай облысындағы Ал­тынсарин стансасы мен Хром­тау арасын байланыстыратын темір жол магистралі, 151 ша­қы­­­рымдық Шар – Өскемен темір жолы, Маңғыстау облы­с­ын­дағы Өзен стансасынан Түрікменстанмен мемлекеттік ше­караға дейінгі темір жол, Же­тіген – Қорғас халықаралық темір жолы, Бейнеу–Жезқазған жоба­лары іске асты. Бұл салада халық­аралық бағытты байланыс­тыратын орталық ретіндегі ірі жобалар да бар. Соның бір мысалы, Транскаспий халықаралық көлік бағыты аясында жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі таңда Қытай – Еуропа − Қытай құрлықтағы транзитінің 70% - ға жуығы Қазақстан арқылы өтеді. 

Әуе транзитінің әлеуеті

«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында әуе транзиттерін да­мы­туға айтарлықтай басымдық бе­рілді. Атқарылған жұмыстың нә­ти­жесі де жоқ емес. Былтыр Тәуелсіздік алған жылдар ішінде алғаш рет әуе көлігінде жолаушы­лар айналымы 23%-ға өскен. Сонымен бірге транзитті әуе жолау­шылар саны 30%-ға артып отыр. Бұған қоса, әуежайлардың инфрақұрылымын жаңғырту жұ­­мыстарын да ерекше атап өту­ге болады. Былтыр Астана әуе­­жайындағы жаңа жолаушылар терминалының құрылысы, сондай-ақ Алматы қаласы әуе­жайы­ның қолданыстағы бір ұшу-қону жолағын реконструкциялау аяқ­талды. Биыл Семей қаласы әуе­жайының ұшу-қону жолағын реконструкциялау аяқталады деп жос­парлануда. Сонымен қатар Қостанай қаласы әуежайының ұшу-қону жолағын реконструкциялау басталды. 

Осыдан 7 жыл бұ­рын Мемлекет басшысы «Қор­ғас − Шы­ғыс қақпасы» ар­найы эко­но­­­микалық аймағын құруды тап­­сырды. Онда жалпы құны 485 млрд теңгені құрайтын 14 жоба қамтылған. Соның ішін­де Құрғақ порты арқылы өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізінің, «Жетіген – Қорғас» темір жолының маңызы зор. Осы орталықтан Ақтау теңіз портына шығатын мүмкіндіктер де қарастырылу үстінде. Ал Құрық порты Ақтаудан 100 шақырым қа­шық­тық­та орналасқан. Жал­пы құны 32 миллиард теңгені құ­рай­тын Құрық паром кешені 2016 жылы желтоқсанда іске қосылған болатын. Биыл Құрық портынан 856 мың тонна жүк тасымалданды. Порт астық, мұнай өнімдері, химикаттар, тыңайтқыштар және басқа да жүктерді тасымалдауға лайықталып жасалған. Құрық пен Транскаспий бағыты арқылы Қытай, Орталық Азия елдері мен Ресейдің Орал – Сібір аймағынан Парсы шығанағы елдеріне, Түркия мен Еуропаға тауар тасымалданады.

Еркежан АЙТҚАЗЫ,

«Егемен Қазақстан»