Қазақ халқының тәуелсіздікке жету жолы ауыр болды. Бұл кейбіреулер ойлағандай, Алланың бере салған ерекше сыйы емес. Керісінше, небір қилы тарихты бастан кешті. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламадан» өтті. Көне тарихты былай қойып, Кеңес өкіметінің кезінде де біздің көрген құқайымыз аз болған жоқ.
ХХ ғасырдың 20-жылдары халқымыздың басынан өткен қуғын-сүргіндер, қолдан ұйымдастырылған ашаршылықтар, 30-жылдардың ойраны – барлығы нағыз нәубет жайлаған, ел басына қаралы күн туған күндер еді. «Егемен Қазақстан» газетінің тарихынан «Мәңгілік елдің ғасырлық шежіресі» деген көп томдық кітапты әзірлеу үстінде бұған тағы да бір рет көз жеткізе түстік. Осылайша, мың өліп, мың тірілген қазақ халқы Абылайлар армандаған егемен заманға да жетті. Тәуелсіздікке жету жолы қандай қиын болса, оны баянды етіп ұстап тұру одан да қиын екендігін өмір көрсетіп отыр.
Осыған байланысты, шетелдік белгілі бір саясаткердің тұжырымы ойға орала береді. Өткен ғасырдың 90-жылдарының соңына қарай, ғылыми-әдістемелік байланысты орнату үшін Америкаға бардық. Біздің саламыз бойынша білім беретін оқытушы-профессормен араласып, шамамыз жеткенше пікір алмастық. Сондай әңгіменің бірінде, Оклахома штатындағы университеттің танымал профессоры Парл «Қазақ халқы – жүрек жұтқан батыр ел екен. Айдаһар мен аюдың ортасында отырып, тәуелсіздікті баянды етеміз деп күресіп жатыр» деген еді. Қапелімізде не дерімізді білмей, аңтарылып қалдық. Сосын іле сөзге араласып, «Онда неге қазақ жерінде орнатқан атом қаруының көзі құрығанша асық болдыңыздар?» дедім. Сонда белгілі саясаткер «Атом қаруы сіздердің тәуелсіздіктеріңізге кесірін тигізбесе, пайдасын көре алмайтын едіңіздер. Президенттеріңіз көрегендік жасады. Сіздер өздеріңізді ұлттық мемлекет ретінде өмір сүре алатындарыңызды дәлелдеулеріңіз керек. Яғни, тарихы терең, салт-дәстүрі бар, өркениет жолына түскен, өнер, білім мен ғылымды серік еткен ел болуларыңыз қажет. Сонда ғана армандарыңызға жетесіздер» деген тұжырымы бүгінге дейін ойымнан кетпейді.
Қазір елімізді әлем таныды, халықаралық саясат та бізбен санасатын болды. Түрлі халықаралық ұйымға мүшелікке өтіп, тіпті, кейбіріне жетекшілік жасап та жүрміз. Өзі құралпы елдермен салыстырғанда, экономикамыз да біраз дамыды. Ендігі жерде Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласында көрсетілген ұлтымыздың жеті кереметін қастерлеп, америкалық ғалым айтқандай, әлемге танытуымыз керек. Сонда ғана Ұлы даланың иесі қазақ халқының тәуелсіздігі баянды болары анық.
Намазалы ОМАШЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері