Біріккен Араб Әмірліктерінің Әл-Айн қаласында нысана көздеу және стенд ату спортынан әйелдер арасындағы ірі халықаралық турнир өтіп, қазақстандықтар екі медаль жеңіп алды.
Ұлттық олимпиада комитетінің мәліметі бойынша, желтоқсанның 4-12-сі аралығында өткен халықаралық турнирге әлемнің 22 мемлекетінен 115 спортшы қатысты. Нысана көздеуден Қазақстан атынан алты мерген қатысып, ең жоғары нәтижені Елизавета Король тіркеді. Шымкенттік спортшы винтовкамен нысана көздеуде финалға өтіп, 4-ші сатыға тұрақтады.
Стенд атудан қазақстандық мергендер жүлделі екі орын жеңіп алды. Атап айтар болсақ, «скит» бойынша Рината Насырова күміс, Зоя Кравченко қола жүлдегер атанды. Ал «трап» бағдарламасы бойынша Мария Дмитриенко 4-ші, Сәрсенкүл Рысбекова 5-ші орында.
Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»