• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 14 Желтоқсан, 2018

Отырарда Шәмші Қалдаяқов атындағы саябақ пен ескерткіш ашылды

1422 рет
көрсетілді

Түркістан облысы Отырар ауданында ел  Тәуелсіздігі күніне орай «Менің Қазақстаным» әнұранының авторы Шәмші Қалдаяқовтың құрметіне «Шәмші» саябағы ашылды.

Аумағы атшаптырым демалыс орнына қылқан жапырақты 100 түп ағаш және жергілікті климатқа бейімделген 600 түп қара ағаш отырғызылған. Жайлы орындықтар қойылып, келушілердің демалуына жағдай жасалған. Жауын мен ыстық күннен қорған болатын заманауи бастырмалар да саябақтың ажарын ашып тұр. Көктем айларында саябақ іші композитор әнінің ноталары бейнелене отырып, гүлдермен көмкерілмек.

Ел игілігіне берілген саябақ төрінде аса көрнекті сазгер, Қазақстан мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткер, Қазақстанның халық әртісі Шәмші Қалдаяқовтың еңселі ескерткіші де бой көтерді. Саябақтың ашылу салтанатында аудан әкімі Ерлан Айтаханов тұрғындарды Тәуелсіздіктің 27 жылдық мерейлі мерекесімен құттықтап, композитор саябағы мен ескерткішінің лентасын қиды.

«Елбасының жуырда жарыққа шыққан «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының «Ұлы даланың ұлы есімдері» бөлімінде ұлы тұлғалар шоғырын кеңінен насихаттап, ескерткіштер мен тұлғалар галереясын жасау сынды бірқатар маңызды бастама көтергені белгілі. Бар қазақты әсем әнімен әлдилеп, өнер көкжиегін сырлы әндерімен көмкерген сазгер атындағы саябақ ауыл тұрғындары мен оның қонақтары үшін тамаша демалыс орны болмақ. Еліміздің ең басты байлығы, ең асыл қазынасы - халқы. Сол халықтың салауатты, әрі рухани күш-қуатқа бай болып өмір сүруі үшін осы секілді саябақтар қызмет ете береді деген сенімдемін»,- деді Ерлан Айтаханов.

Салтанатты шара барысында ұлы сазгердің балалық шағынан көріністер қойылып, әндері шырқалды.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Түркістан облысы